Қазақстан әлем достығының алтын бесігі

Уақыты: 01.05.2023
Оқылды: 892
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сөз басын Абай Құнанбайұлының ұлағатынан бастайын. Ұлы ойшыл: «Қазақ ойлайды: бiрлiк-ой ортақ, ас ортақ, киiм ортақ болса екен дейдi… Осы ма бiрлiк? Жоқ, бiрлiк – ақылға бiрлiк... » – дейді. Қандай көркем сөз, астары терең ұлағат. Бізге, қазақстандық жастарға керегі осы.

1 мамыр – жай мереке емес, елімізді өркендеуге бастайтын күн десек, артық айтпағандық. Өйткені, «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген сөз бар. Қазір Қазақстан атты шаңырақтың астында 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті тіршілік етуде. Бұл – біріншіден тәуелсіздіктің, екінші – өзара түсіністік пен ынтымақтың арқасы. Өйткені, әлемге көз жүгіртсек, қырғиқабақ айқастар орын алуда. Жер шарының әр бұрышында бір-біріне қырын қарап жатқан халықтар бар. Тіпті, қару алып қырғын қылып жатқандары қаншама. Оның қасында бізді, яғни Қазақстанды әлем достықтың алтын бесігі деп біледі. Себебі, елімізде ұлтына, дініне, тегіне қарап алалау жоқ.

Қазір жастарға елімізде дәл осындай мамыражай кезең бірден тумағанын жеткізуіміз керек. Бүгінсіз ертең, ертеңсіз болашақ жоқ дегендей, жастарымыз ынтымақ пен бірлікке Қазақстан халқы оңай жетпегенін білуі тиіс. Әлемдік аренадағы ұлан-ғайыр атыраптың мойындалуы үшін дәл қазіргідей еліміздің дамуы үшін аға буын өкілдері талай құрбандыққа барды. Денсаулығын, тағдырын, тұрмысын құрбан етті. Бірнеше дәуір азаматтары ұрпағының жайлы өмірі үшін жанталасты. Жайлы қоғам туындатты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Бірлік пен келісім – халқымыздың қиын-қыстау жылдарда да сақтай білген құндылықтары. «Әралуандықтан бірлікке» – біздің саясатымыздың мәні. Бәріміз бірге өзіміздің еңбексүйгіштігімізбен, табандылығымызбен ғана қуатты әрі дамыған мемлекет құра аламыз», – деді. Жастар осыны түйсініп, ұғынып, ауызбірліктен, ынтымақтан айнымай, Қазақстанды жарқын болашаққа бастауы керек. Әрбір жас елімізді дамыту үшін күш-жігерін жанып, қай салада еңбек етсе, сол саласында топ жаратындай қарекет етуі тиіс. Міне, сонда ғана дамыған, қуатты елге айналамыз.

Біздің күшіміз – бірлікте. «Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда жүрсе, артқы доңғалағы сонда бағыт алады» деген бар. Аға буыннан көргенімізді істеп, татулықтан айнымай, әділетті һәм Жаңа Қазақстанның қалыптасып, тұғыры биік болуына атсалысайық, замандас!

Дамир Дигай,
І.
Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті
Имидждік саясат орталығының директоры,
Стартап Академиясының жетекшісі: