«Тағдыр тоғыстырған – тарих табыстырған»

Уақыты: 30.04.2023
Оқылды: 1046
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кім кіндік қаны тамған атақонысынан, Отанынан өз еркімен басқа жерге көше қояр?! Әр кезеңде тағдырдың жазуымен, тарихи оқиғалардың теперішімен түрлі ұлттар қазақ жерін мекендеді. Орыс отарлауы, сталиндік қуғын-сүргін, тың игеру тұсындағы солақай бастамалар Қазақстанды еріксіз көпұлтты мемлекетке айналдырды.

Ежелден кеңпейілді, бауырмал қазақ халқы солардың бәрін түсіністікпен қабылдап, жақын тартты. Бүгін бірлігі мен берекесі сөгілмеген елдігіміз – кең қолтық, жомарт көңіліміздің нәтижесі.

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы ашылған күні Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық Мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Тағдыр тоғыстырған – тарих табыстырған» атты Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған көпшілік мәдени іс-шара өткізілді. Тағылымдық, тәрбиелік мәніне қарай негізінен аудан жастары шақырылған шара Дәнеш Рақышев атындағы Халық театры әзірлеген көпұлтты ауыл тұрғындарының қиындық пен қуанышты бірлесе еңсерген тіршілігін сипаттайтын қойылыммен басталды.

Мерекелік шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Қанат Досмайылов Қазақтан халықтары бірлігі күніне байланысты баяндама жасап, еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынас жан-жақты талқыланды. Ежелден ұлттар достығының ұясына айналған жазиралы Жаркент өңірі тұрғындарының бірлігі мен берекесі, өзара құрметі мен татулығы жеткізілді.

Жиында аудандық ұйғыр этномәдени орталығының мүшесі Молотжан Тохтахунов, славян этномәдени орталығының жетекшісі Алина Коробова, дүнген этномәдени орталығының мүшесі Исхар Лансаров сөз сөйлеп, ұлттар достығы мен татулығы жайлы ой өрбітті.

Басқосу аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Мырзағали Нұрсейіт
Жаркент қаласы