TikTok арқылы бизнесін өркендеткен

Уақыты: 30.04.2023
Оқылды: 1059
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінде кеңінен танымал әлеуметтік желілердің бірі – TikTok. Онда қысқа түрлі бейнелер жүктеліп, сол арқылы пайдаланушылар қатары көбеюде. Дәл осы аталған әлеуметтік желіде бизнесмен Иван Третьяков Ресейден Қазақстанға көшіп келгендегі әсерімен бөлісіп, оны әр сәт қазақ тілінде жеткізіп отырады. Ал оның парақшасы желі қолданушыларының кең қолдауына ие. Күн санап оқырман саны артып келеді. 

Халықаралық цифрлық компанияның иесі Иван Третьяков Санкт-Петербургте туып-өскен. Былтыр наурызда Қазақстанға келіп, өз бизнесін тіркеді. Елімізге келген сәтте TikTok әлеуметтік желісінен парақша ашып, онда барған жерінен алған әсерімен бөлісуді әдетке айналдырады. Иванның парақшасындағы бейнелердің басым көпшілігі «Казахстану есть чем гордиться» деген айдарымен жүктелген. Ал ол бейнелердің астында ресейлік достары да пікір қалдырып, өз таңданыстарын жасырмай, келуге ниетті екендіктерін айтқан. Бұл тұрғыда кейіпкеріміз өзін «Қазақстанның амбассадорымын» деп атайды. Өзі барған жерлерді жарнамалау арқылы әлеуметтік желі қолданушыларының махаббатын оятып, елімізге шақырады.    

Жергілікті халықтың жан дүниесін, қонақжайлылығын ерекше атап өткім келеді. Дәл осындай адамдарды кездестірген емеспін. Халқы өте мейірбан. Бір-бірін қолдауға дайын. Әр қаласының өзіндік ерекшелігі бар және маған әрқайсысы ұнайды, – дейді бизнесмен.

Кейіпкеріміздің қазақ тілін үйренуіне жары Әмина көмектеседі. Бастапқыда акцент қатты байқалатын, қазір әр әріппен және оның дыбысталуын қолға алып, қателіктермен күресуде. Бизнесмен қай ұлтқа қызмет етсең, сол жердің мәдениетін жете ұғынып, тілін білу керексің деген ойда. Болашағын Қазақстанмен байланыстырған азаматтың жұмысы да ілгерлеп, жоспар бойынша жүйелі жүріп келеді.  

Қали АСҚАР