"Болашаққа қалдырғым келеді": Жамаубаев зейнетақы жинағына қатысты журналистерге жауап берді

Уақыты: 30.05.2023
Оқылды: 928
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

"Дәстүрлі" Үкімет отырысынан кейін "қолжетімді" шенділер БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді.  

Осы ретте, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та "нысанаға" ілінді.  Өз кезегінде ол өзінің зейнетақы жинағынан бір тиын да алмағанын жеткізді. 

«Мен бір тиын да алған жоқпын. Өйткені, ол менің зейнетақым екенін жақсы түсінемін. Екіншіден, мен болашақта қайда жұмыс істейтінімді білмеймін. Мен бұл жинақтарды күнделікті қажеттіліктерге жұмсағым келмейді. Болашаққа қалдырғым келеді. Қазақстандықтар да осылай істейді деп сенемін», - деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Жамаубаевқа деген журналистер сұрағы бұл жауаппен шектелмеді. Министр қазір зейнетке шықса, онда оның зейнетақы сомасы қанша болатынын да "тергеп" көрді.

«Бұл туралы ойлап көрмеппін. Естеріңізде болса, қазір 50 жастан бастап төлемдерге аннуитет рәсімдеуге мүмкіндік бар. Бірден айтарым өте жақсы сома шығады», - деп жауап берді Ерұлан Жамаубаев.

Фото: ашық дереккөзден

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ