Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев бастаған делегация ҚХР-ға жұмыс сапарымен барды

Уақыты: 30.05.2023
Оқылды: 714
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу мен Қытай Халық Республикасының Іле-қазақ автономиялық облыстары арасындағы достық және сауда-экономикалық қарым-қатынас одан әрі нығая түспек. Бұл жөнде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев бастаған делегацияның ҚХР-дағы жұмыс сапары барысында белгілі болды.

Сапардың алғашқы күнінде делегация Қорғас қаласындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындарды аралап, компаниялардың жұмысымен танысты. Әрі инвестициялық мүмкіндіктерін бағамдап, әріптестік байланыс орнату аясында келіссөздер жүргізді.

«Қорғас 5G» - Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы ең ірі және бірегей интеллектуалды-логистикалық порт. Жоба 2021 жылы іске қосылған. Жалпы құйылған инвестиция көлемі - 300 млн юань, яғни, 2 млрд теңге шамасында. Аумағы 50 мың шаршы метрден асатын портта негізінен тауар қоймалары мен дүкендер орналасқан. Бұл жерден Қазақстанның «Нұр жолы» өткізу бекеті арқылы ауыл шаруашылығы тауарлары мен техникалары және электромобильдер бірқатар Азия елдеріне жөнелтілуде. Оған қоса жылына 100 мың тоннаға дейін ет өнімдерін импорттайды.

Сондай-ақ Қорғаста «Jinyi International Trade» компаниясының 20 мың тонналық қоймасы орналасқан. 270-тей адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөністерді Қазақстан, Ресей және Өзбекстан секілді 5 мемлекетке экспорттайды. Осы ретте облыс әкімі Бейбіт Исабаев компания басшылығына «Қорғас - Шығыс қақпасы» АЭА аумағында қойма салу туралы ұсыныс айтты:

- Егер біздегі арнайы экономикалық аймақта осы секілді қойма алаңын салуға ниет білдірсеңіздер, біз өз тарапымыздан қажетті қолдау көрсетеміз. Жеміс-жидек пен көкөністі тасымалдау жағы да ыңғайлы, - деді Бейбіт Исабаев. Өз кезегінде компания басшысы Ю Ченчжун ұсынысты қабыл алатынын жеткізді.

Делегация өкілдері электрондық тауарлар шығаратын кәсіпорында да болды. Мұнда қазір 200-ден астам адам еңбек етеді. Олар электромобильдерге арналған микрочиптермен қоса, жарық ленталары, шағын газ плиталары секілді жалпы саны 300-ге жуық өнім түрін шығарады. Кәсіпорынды аралап көрген өңір басшысы чип өндірісіне қолданылатын кремний Жетісу облысында да бар екенін және қажет болған жағдайда экспорттауға болатынын айтты.

Жалпы, Жетісу өңірі секілді Іле Қазақ автономиялық облысы да негізінен аграрлық өңір саналады. Заманауи жылыжай кешендері көп. Соның бірі ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологияларының индустриялдық паркінде орналасқан. Онда тамшылатып суару әдісімен тауарлы қызанақтың түр-түрі өсіріледі. 7 гектар алқаптан 9 ай бойы тоқтаусыз 3200 тоннаға дейін өнім алуда.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев дәл осындай технологиямен Жетісу облысында жылыжай кешенін салу туралы ұсыныс айтты. Өйткені аймақтың мүмкіндігі мол. Автомобиль және теміржол қатынасы арқылы Қазақстанның шығыс бөлігіндегі жалпы саны 6-7 млн. халқы бар 5 бірдей аймақты көкөніспен қамтуға болады. Ал компания өкілдері ұсынысты қарастыратындарын жеткізді. Әрі қажет жағдайда тиісті мамандарды оқытып, дайындауға әзір екендерін білдірді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.