Жетісу облысында туризм саласы қалай дамиды?

Уақыты: 17.06.2023
Оқылды: 739
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елімізде кең қанат жайып келе жатқан саланың бірі – туризм. Туризмді дамыту мемлекет тарапынан да қолдау бар. Біздің аймақта табиғаты тамаша, келген адам тамсанып-ақ кететін орын көп. Ал сол жерге апаратын жолдың жайын, сервистік қызметтің сапасы жөнінде облыстағы турзим басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Мұхаметкәрімовпен сұхбаттасқан едік.

– Облыста туризмді дамыту үшін қандай жобалар қолға алынған? Олар қаншалықты орындалып жатыр? Жалпы осы саланың беталысы қалай?

– Облыста туризм саласын дамыту мақсатында Алакөл көлінің жағалауында кәріз жүйесінің құрылысы, Алакөл ауданында жоғары вольтты электр беру желіліерінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу, «Талдықорған­­ – Қалбатау - Өскемен» республикалық автомобиль жолының қайта жаңартылуы сынды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Облыстың туризмін дамыту мақсатында мамыр айында Сарқан ауданы Тополевка ауылының маңында «Сиверс алма ағашының гүлденуі», ал маусымда Көксу  ауданындағы Актекше ауылының маңында «Shagan Fest» тауды бағындыру фестивалі, Кербұлақ ауданы Көксу өзенінде  «Koksu Water Fest» рафтингтен ашық Азия чемпионаты болды. Сонымен қатар «ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандар» тізіміне кіретін Ешкіөлмес тауларында этнофестивал тұрақты өтеді. Сол сияқты балалар мен жасөспірімдер туризмі бойынша «Ұлы Жоңғар Алатауы», «Ұлы Дала елі» туристік экспедициялары жүргізіледі.

– Жетісу облысы нағыз туристік мекен дегенімізбен кей жерлерге баруға жол кедергі, оған сервистік қызметтің дамымағанын да қоса кетуіміз керек. Бұл кедергілермен қаншалықты күресіп жатырсыздар? 

– Жоғарыда айтып өткендей қазіргі таңда «Талдықорған – Қалбатау - Өскемен» автожолының қайта жаңарту жұмыстары аяқталуда. Бұл жоба Алакөл көлінің жағалауына көлікпен келуішелер санын арттырады. Аталған жол бойында эстакада мен санитариялық-гигеналық тораптары бар 12 демалыс орнын салу көзделген. Сонымен қатар, Балқаш көліне апаратын «Алматы – Өскемен –Лепсі - Ақтоғай» және «Лепсі ауылы-Балқаш көлінің жағалауы» облыстық маңызы бар жолдарын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.  Соынмен қатар, Мемлекеті басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына келгенде Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына дейінгі жолдың қайта жаңартылуы бойынша тапсырма берген, соған орай жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталуы тиіс. Көрсетілетін қызметтердің сапасын, туристер санын арттыру үшін биыл облыстағы туризм саласының өкілдері үшін оқыту курстарын, мастер-класстар мен семинарларды ұйымдастыру жоспарланған.

– Жаз шықса көпшілігі Балқаш пен Алакөлге ағылады. Былтырғы көрсеткіш биыл көбейе ме? Адамдар келуі үшін қандай қызметтерді іске қосып жатырсыздар? Сонымен бірге облысымыздағы қысқы туризм турасында не айтасыз?  

– Былтыр әкімдіктің жүргізген мониторингі бойынша Алакөл көлінің жағалауында 1,5 миллион адам демалды. Биылғы жылы да алдын ала болжам бойынша 1,5 миллион адам келеді деп отырмыз. Балқаш көлінің жағалауында туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Балқаш Туристік–рекреациялық демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желілерін салу» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тиісті бюджеттік өтінім жолданды.

– Мемлекет көмегенсіз отандық туризмнің даму көрсеткішін қалай бағалайсыз?

– Мемлекеттің қолдауынсыз туризмнің дамуын ұлғайту қиын болатыны анық. Туристік нысандарға деген қажетті инфрақұрылым тартылуының өзі ауқымды қаржыны талап етеді. Айта кетсек, былтыр 1 қаңтардан бастап туризм саласында кәсіпкерлік субъекті шығындарының 1 бөлігін өтеу және субсидиялау бойынша 4 бағытта мемлекеттік қолдау шаралары күшіне енді. Туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде шығындардың 10%-ын өтеу шарасымен кәсіпкерлік субъектілері шығындарының 1 бөлігін өтеу; Кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға жұмсаған шығындардың 1 бөлігін субсидиялау, айына 83 300 теңге сомасына; Кәсіпкерлік субъектілері шығындарының 10%-ын өтеу шарасымен жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша шығындардың 1 бөлігін өтеу; Жүргізушінің орнын қоспағанда, отыруға арналған сыйымдылығы 8 орыннан асатын автомобиль көлік құралдарын сатып алу жөніндегі шығындардың 1 бөлігін туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне құнының 25%-ын өтеу шарасы. Аталған мемлекеттік қолдау шаралары туристік бизнес өкілдеріне кәсіптерін дамтыуға өте жақсы мүмкіндік.

Эко және этнотуризммен белсенді айналысқысы келетін жеке компаниялар, бизнесмендер не істеуі керек? Оларға қойылатын қандай да бір критерийлер бар ма, инфрақұрылымы қандай болуы тиіс

– Туристік индустрияның ең қарқынды дамып келе жатқан және танымал секторы экологиялық туризм болып табылады. Оның дамуы «Алтын – Емел» және «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық парктерінің әлеуетіне негізделген. Ұлттық парктің негізгі көрікті жерлері – «Айғайқұм», «Бесшатыр» қорғаны, Ш. Уәлиханов бұлағы, Ақтау және Қатутау таулары. «Алтын-Емел» ұлттық паркінің аумағында экологиялық туризмді дамыту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру жүргізілуде. Бүгінде бақылау алаңдары, беседкалар, кемпингтер, ақпараттық қалқандар, навигациялық көрсеткіштер, құрғақ санитарлық тораптар орнатылған. Визит орталығының құрылысы жүргізілуде. «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркі экологиялық туризмді дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.  Негізгі көрікті жер - Жасылкөл көлі. Парк аумағында теңіз деңгейінен 4622 метр биіктікті құрайтын Семенов-Тянь-Шанский шыңы орналасқан. Этнотуризммен айналысатын немесе жоспарлап жүрген кәсіпкерлерге өзінің арнайы жер телімі болғаны жөн. Егер ауқымды жобаны жүзеге асыру жоспарланса, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы арқылы кәсіпкерлікті қолдау бойынша түрлі гранттарға өтінім беру мүмкіндігі бар.

Серік ҚАНТАЙ