Ұлттық құрылтай: Ел ертеңін бағамдайтын кезең

Уақыты: 17.06.2023
Оқылды: 788
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгін Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өткенін хабарлаған едік. Жиында ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ой-толғамдары мен ұсыныстарын ортаға салынды. 

Осыған орай жетісулық қаламгерлерде де өз ойларын білдірді. Сол пікірлерді қаз-қалпында назрларыңызға ұсынамыз.


Қоғамды тыңдау керек

Еліміздің өркендеуі, мемлекетіміздің дамуы көпшіліктің көзқарасын дұрыс қабылдауға тікелей байланысты. Осыны жақсы білген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен ІІ Ұлттық Құрылтайда халық пен биліктің бірлесе қадам басуы керектігін ұғындырды. Өз сөзінде:

«Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет. Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Түптеп келгенде, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында», – деп мәселенің негізгі тайға таңба басқандай анық көрсетті.

Шынында қоғамның тынысын тап басып тану мемлекеттік қызметкерлердің қолынан келе бермейді. Мәселені қайнаған тіршіліктің ішінде жүрген жан жақсы біледі. Сол себепті, жанашырлықпен айтылған пікірге құлақ асып, дұрыс нәтиже шығару керек-ақ. Міне, осыны меңзеген Президент түсінген адамға «халық айтса – қалып айтпайды» деген мақалдың шынайылығын жеткізіп тұр. Қоғамды тыңдау, азаматтардың пікіріне құлақ асу ілгерілеудің негізгі тетігі екендігін түсінетін кезең келді. Енді нәтиже шығару ғана қалды.

Көптеген өзекті мәселелердің қатарында Шығыс Қазақстан, Абай облыстарындағы шекаралық аудандарды қалпына келтіру керектігін алған тартқан Мемлекет басшысы әділетті мемлекетті адал азаматтар құратынына арнайы тоқталды. Осының өзі Президенттің Қазақстан Республикасының келешегіне алаңдайтынынан хабар берсе керек.

Мәди Алжанбай,
журналист


Ұлт тәрбиесі – әдебиетте

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІ отырысында Президент әдебиет, кітап туралы жақсы айтты. Осының ішінде маған  «Балалар кітапханасы» бағдарламасы туралы ұсынысы ұнады.

Меніңше бұл кешенді жоба болуы тиіс. Ол іштей мектеп кітапханасы, балабақша кітапханасы болып бөлініп,  жүйелі жұмыс жүргізілсе деймін. Мәдениет министрлігі ғана емес, білім министрлігі де атсалысқаны жөн. Балабақшалар мен мектеп кітапханалары отандық әдебиетке сусап тұр. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар ары кетсе аудандық, ауылдық кітапханаларға барар, ал мектепке жетпейді. Жетпеген соң жарық көрген дүниелерді жас оқырмандар оқып жатқан жоқ. Оқушылар түгіл мектептегі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін  мұғалімдер бүгінгі әдеби шығармалар мен авторлардан хабарсыз. Оқулыққа енген, мектеп бағдарламасына кірген шығармалар мен қаламгерлерді біледі. Ал балабақша кітапханасы деген ұғым осы күнге дейін мәселе болып көтерілген емес. Балдырғандарға тәрбиешілер қырық жыл бұрынғы тақпақтарды, немесе өздері іздеп-тауып жаттатып жүр. Кейбірінің сапасы сын көтермейді, ұйқастан жұрдай, бала түгіл ересек адамның тілі келмей жатады.

Содан кейінгі бір мәселе – осы бағдарламада ұлттық әдебиетке басымдық берілсе... Шетел жазушыларының балаларға арналған дүниелерін де таңдап, талғап аудару керек. Қазақ балалары алдымен төл әдебиеттің уызын ішсе дейміз.

Есболат Айдабосын,
«Janr» әдеби клубының президенті.


Байырғы құндылығымыз

Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Мемлекет басшысы V Көшпенділер ойыны елімізде өтетінін, оны жоғары деңгейде өткізу керегін айтты. Шын мәнінде бұл шараның мәні зор.

Түбі бір түркі халықтарын жақындастыратын көшпенділер ойыны ұлттық ойындарды жаңғыртады. Қазіргі заманауи тенденция – жаһандану, жаңалану болғанмен, өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоғын естен шығармау абзал. Ұлттық ойындар ұлт саулығын, ұрпақ салауаттылығын қалыптастырады. Кез келген ұлттық ойынның негізгі мәні епті, икемді, ұтқыр ойлы адам қалыптастыруды көздейді.

Қазақ тарихын алсақ, өн бойы жаугершіліктен тұратын өткенімізде ел тыныштығын қамтамассыз ететін батырлар аса қажет болған. Сол батырларды ұлттық ойындар қалыптастырған. Асық ойнағандар – сақпан, садақ атудың шебері болса, аударыспақ, теңге ілуді меңгергендер – атты әскерде ептілік танытқан.

Көшпенділер ойыны – айбынымызды асырып, ұлттық құндылығымыздың жаңғыра түсуіне септеспек.

Дастанбек Садық
журналист

 

 

Фото: akorda.kz