Ермұрат Бапи: "Миллиардтаған қаржы жұмсалған құрылысқа кім жауап береді?"

Уақыты: 21.06.2023
Оқылды: 1299
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Желдің өті» деген сөзді жон арқаңмен сезіндіретін Арқаның қысы жайлы айтып отырыу да артық. Ал сол далада «жылуы» жетіспей отырған Астананың аязды маусымы туралы депутаттың «үсіп қалмаймыз ба?» деген айқайы бір «шикілікті» аңдатқандай.

Анығы, Астанадағы №3 жылу электр орталығы 14 жыл бойы салынып келеді.  Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың айтуынша, жыл сайын оған құятын керекті қаражаттың көлемі артып отырған.

– Қолыма түскен мәліметке қарағанда, Астанадағы №3 жылу электр орталығының салынып жатқанына 14 жыл болыпты. Ең қызығы жыл сайын құрылыстың құны өсіп бара жатыр. Бастапқыда 86 млрд теңге деген құрылыстың құны 122 миллиард теңгеге көтерілген. Енді биыл баға тағы да 54 миллиард теңгеге көтеріліп отыр. Бұл не деген «алтын құрылыс» екенін түсінбеймін. Бұл құрылыстың бітетін уақыты да белгісіз, - деді Ермұрат Бапи.

Депутат «алтын құрылыс» атанған осы нысанға сенеміз деп қыста үсіп қалмаймыз ба деп адами факторды алға тартты. «Үсіп қалу» дегенде, әрине, тағы ешкім «жоқ» деп кесіп айтар жағдай емес бұл. Оған «тірі» куә – Екібастұз...

Соны сезді ме, Ермұрат Бапи жауапты адамдарды төмендегідей сұрақтың «өтіне» салды.

– Миллиардтаған қаржы жұмсалған құрылысқа кім жауап береді? Неге нысанға миллиардтап ақша бөліне береді? Бұл шығыстар кімге жүктеледі? Осыған кім жауап береді? Биыл объект тапсырыла ма, тапсырылмай ма?, - деді депутат.

Өз кезегінде Астана қаласы әкімдігінің өкілі жылу тапшылығы барын ашық жеткізді. Әрі биыл жылу орталығының құрылысы аяқталатынына «сендіргендей» болды.

– Елордада 440 Квт жылу жетіспеушілігі бар. Биыл 100 млрд теңге қаржылай қолдау көрсету нәтижесінде №3 ЖЭО құрылысын аяқтаймыз. Бүгінде жүйені дайындап жатырмыз. Нысанды кезең-кезеңімен іске қосылады. Қазан айында 2 қазандық іске қосылады. Оның жалпы қуаттылығы – 220 Квт. Сондай-ақ сол жағалауда газ жылу станциясының 2 жобасын жүзеге асырамыз. Оның жалпы қуаты – 690 квт. Осылайша, биыл қараша айының соңына қарай мөлшерден тыс қуат болады. Жобаның 53 миллиард теңгеге қымбаттауына тоқталайын. Қазір нысанды аяқтауға 23 млрд. теңге керек, - деді әкімдік өкілі.

Осылайша, «қосылады» дей отырып, Астанадағы №3 жылу электр орталығына қосымша 53 млрд. теңгенің қажеттігін растағандай болды.

Қ. ӘБДІҒАПАР
Фото: ашық дереккөзден