Бейбіт Исабаев «Jetisý» газетіне көлік сыйлады

Уақыты: 23.06.2023
Оқылды: 995
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қай заманда болсын қоғамның қозғаушы тегершігі болып келген журналистердің иығына түсетін жүктің салмағы ауыр. Елдің барша құндылығының қорғаушысы да, ұлы мұралардың насихаттаушысы да ақпарат саласының өкілдері екені анық. Олар елдің экономикалық көрсеткішінің күн сайынғы өзгерісін жүрегінің соғысындай анық сезініп, уақытпен бірге тыныстап, билік пен бұқара арасындағы алтынкөпірлік міндетті адал атқарып келеді. Міне, осы үдеден шыққан жетісулық журналистерді облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ арнайы құттықтады.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мерекесіне орай Талдықорғандағы Салтанат сарайында өткен жиынды Қазақстанның Құрметті журналисі Мейрам Жанәділов ашып, жүргізіп отырды. Ол тегеурінді екпін, терсіңді еңбекпен ұлттың ұлы құндылықтарын насихаттап, елдің жайдарман жаңалығын оқырман мен көрермендерге күн құрғатпай ақжолтайлап жүрген жетісулық журналистердің еңбегін айшықтап, Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған ата басылым «Жетісу» газетінің 105 жылдық мерейтойы өз деңгейінде тойланып жатқанын айрықша атап өтті.

Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Бейбіт Исабаев көпшілікті алдағы келе жатқан төл мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

– Бүгінгі ақпараттық-коммуникациялық технология заманында журналист болу әрі жеңіл, әрі қиын. Олай дейтінім, қазір ақпарат легі өте көп. Солай бола тұра  соның ішіндегі ең пайдалысын, қажеттісін халыққа сұрыптап, саралап, таразы­лап жеткізе білу, мәліметтердің рас-өтірігін анықтау, әр сөздің салмағы мен жауапкершілігін сезіну аса маңызды.

Жуырда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру туралы мәселеге ерекше тоқталды. «Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет», – деді Президент. Расында елімізде ашық әрі әділетті қоғам қалыптастыруда, қоғамдық бақылауды күшейтуде, билік пен халықтың арасында алтын көпір болуда ақпарат құралдарының рөлі зор. Сондықтан ақпараттық саясаттағы өзгерістер ең алдымен БАҚ жұмысына тікелей қатысты, – деп атап өткен аймақ басшысы Қазақ журналистикасына еселі еңбек сіңірген ардагерлер мен аға буын өкілдерінің есімдерін айрықша атап, облыстағы баспасөз арналары мен басылымдарын тілге тиек етті. Өз кезегінде Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған, кешегі ұлы тұлғалар Ілияс Жансүгіров, Сара Есова, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Тоқаш ­Бокин, Ораз Жандосовтардың маңдай тері тамған «Жетісу» газетінің 105 жылдығы екенін, облыспен бірге құрылған «Вестник Жетісу» газеті өз тарихын жаңадан бастағанын атап өтті.

Өз кезегінде Бейбіт Өксікбайұлы ақпарат саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан бірқатар журналисті марапаттады. Атап айтсақ, ата басылымды басқарған, саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнап келе жатқан қаламгер, арқалы ақын Нүсіпбай Әбдірахым «Еңбек ардагері» медалімен, «Жетісу» газеті экономика бөлімінің меңгерушісі, талантты журналист Айгүл Байбосынова мен «Вестник Жетісу» газетінің бөлім редакторы Татьяна Демидова «Ақпарат саласының үздігі», ардагер қаламгер Болат Бисұлтанұлы «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар әріптесіміздің еңбегі облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен аталып өтті.

Ұлттың асыл мұратын асқақтатып, жоғын түгендеп, құндылығын қастерлеу, асқақ арманына қол жеткізіп, рухымыздың жалауын желбірету мақсатында осыдан 105 жыл бұрын, яғни 1918 жылдың 21-маусымында газет болып хатталған, талай басылымды бауырынан қанаттандырған «Жетісу» газетінің мерейтойына орай облыс әкімі Б. Исабаев ұжымға су жаңа (JAC J7) маркалы автокөлік тарту етті.

Көңіл толқыған салтанатты жиын барысында Қазақстанның Құрметті журналисі Жақыпжан Нұрғожаев ата басылымның тарау-тарау тарихын айтып, Жетісу жұртшылығын басқарған облыс әкіміне журналистер қауымы атынан алғыс білдірді. Өз кезегінде танымал журналист Атсалим Идигов пен «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін өңіріне қадаған әріптесіміз Татьяна Демидова лебіз білдіріп, көпшілікті мерекемен құттықтады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суретті түсірген Руслан Қадіров