«Мамка-батялар курста ма?»: Қазіргі сөйлеу мәнері

Уақыты: 25.06.2023
Оқылды: 686
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ана тіліміз – тарихи тірегіміз. Тіл – сыртқы және ішкі бейнемізді, дәрежемізді, мәдениетіміз бен парасатымызды көрсететін айна іспетті. Оның таза болуы бізге аманат.

Бүгінде жастар арасында қолданылатын жаргон сөздер тілімізді шұбарлап, адам санасын улап барады. Мысалы, «Мәссаған!» деп таңғалудың орнына «Базар жоқ!» дейтіндер шықты. «Дүкенге барсаң тіскебасар немесе тамақ ала келші» деудің орнына: «Магазиннен сушняк, хавчик ала салшы»  деп сөйлеу, «Кешкісін қолың бос болса үйге қонақ болып кет» емес, «Кешке если че маған қарай тартыл», «Ата-анаң білмей ме?»  деп сұраудың орнына: «Мамка-батялар курста ма?»  деген неше түрлі паразит сөздер бар. Осындай сөздер ешқандай фонетикалық және грамматикалық жүйеге бағынбайды. Тек лексикалық мағынасы ғана болады.

Қаламгер Ғабит Мүсірепов: «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» деген. Сол айтқандай, халқымыздың болашағы мен өткені ұмытылып бара жатқан секілді көрінеді. Тіпті, бүгінгі әндердің көбі жаргон сөздерден құралған. Мысалға Бақай тобының «Опмай-опмай» деген әнін жатқызуға болады.

Опмай-опмай, мыналарың қайтеді?
Ал біреулер Астанада жоқ дейді
Ал біреулер Алматыда бар дейді
Шымкенттің қыздары «зың» дейді
Ақтөбенің қыздары «дың» дейді.

Өлең шумақтарынан ешқандай мағына көрінбейді, тек ұйқас ретінде жазыла берген. «Әні, әуені, ұйқасы мен мағынасы өзара үйлескен Шәмшідей композитор мен Динадай күйші қайда?» – деп қайран қаласың кейде.

Әрбір ел болашағын жастармен байланыстырады. Үміт еткен өскелең ұрпақ тіл үшін күреспесе, мән-мағынасы жоқ жаргон сөзбен алысқа бармаспыз. Онда ертеңгі күнге не қалдырамыз?! Барлығы отбасындағы тәрбиеге тікелей байланысты. Алғаш тілі шыққаннан бастап баланың сөйлеу мәнері үйде, балабақшада, мектеп қабырғасында қалыптасады. Ұлттық мәйекпен сусындаған тілге де орта керек. Сондықтан жастардың сөз қолданысына мән беру – қоғамның, ата-ананың басты міндеті дер едім. Өйткені, тілін сыйламаған адам өзін сыйламайды.

Дана САНСЫЗБАЙ,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті

Фото: көрнекілік үшін