Оюмен ой айтқан

Уақыты: 25.06.2023
Оқылды: 832
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ежелден оюмен ой айтқан елдің ұрпағымыз. Халық даналығы да, ұлт парасаты да, өткеніміз бен бүгінгі дәстүр-салтымыздың жалғастығы да ою-өрнекпен тікелей байланысты өрілетіні тағы бар. Жанға ләззат сыйлайтын эстетикалық мәні зор бұл өнер түрі ата-бабаларымыздың ұлттық бұйымдарында да мықты сақталған.  Аумалы-төкпелі заман талқысына түсіп, талай теперішті көрсе де бүгінге бүлінбей жеткен сол мұрамызды тереңдеп тану ұлттық құндылықтарды байытудың таптырмас құралы.

Қазақтың ұлттық ою-өрнегінің құндылығы мен құпиясы жайлы халық суретшісі Әбілхан Қастеев: «Оюдың түп атасы әсемдеу, безендіру мақсатында туындаған» десе, Әмірғазы Қайыртай: «Классикалық ою-өрнектің 4 тобына: Геометриялық, жан-жануар, хайуанаттар, өсімдік тектес, космогониялық ою-өрнектер жатады», – деп нақтылайды. Қазақтың ою-өрнегін терең зерттеген және өзінің шығармашылығына арқау еткен тұлғалардың дәлелі мен дәйегіне негізделген де, жоғарыда көрсетілген суреттегі бірнеше атадан балаға мұра болып келе жатқан түскиіз өзіндік тарихы мен  дәстүрлік шежіресі бар құнды жәдігер. 

Атам марқұм Кеңес одағы кезінде жасаса да көне Құран кітабын, Мәзжан қажы атамыздың былғары сөмкесі мен күміспен көмкерілген тостағанын, атан түйенің бас ноқтасын, жоғарыдағы түскиізді сандығына салып, ұқыптап сақтап, бізге аманаттап кеткен еді. Мұндағы аты аталған Мәзжан қажы аты арғы беттегі қазақтарға етене таныс, ХІХ ғасырда өмір сүрген көзі ашық, көкірегі ояу, оқыған-тоқығаны мол сауатты адам болған. Медресе ашып, елді оқуға үгіттеген, кәсіпкерлікпен айналысып, ауылдастарын заманға сай өндіріспен айналысуға жетелеген адам. Әкелеріміздің айтуынша, бұл заттар Мәзжан қажыға аталарынан аманаттап қалдырған дүниелер. Әкем Мұқаметқасым Мәзжан қажының кіші ұлы, қара шаңырақ иесі Әбдіқадырдан тарайды. Шешем Күлсімхан Әкпарқызы 1928 жылы туған. Ол кісілер де білімді, білікті жандар еді. Бұл жәдігер маған сол кісілерден қалған болатын.

– Бұл кестені атамыз арнаулы ісмерге тіккізіп, құлынды бие бергізген екен.  Оған «Қызай кесте» деп аталатын кесте тігу өнерінің барлық элементін енгізген. Сондықтан қазақ кестесінің сыры мен қырын жақсы түсінетін басқа рудың  кестешілері бұл кестедегі ою-өрнек түрін ешқашанда өз еңбектеріне қолданбаған, – деп тапсырып еді шешем.

Жоғарыдағы зерттеушілердің дәлеліне сүйенгенде, бұл ою-өрнекті өсімдік тектес ою-өрнек түріне жатқызуға болады. Демек, бабаларымыз өзінің дүниетанымын жаратылыс дүниесіндегі құбылыстармен тікелей байланыстырып отырған. Сондай-ақ, әр рудың кестешілік өнерінде айқын парық болғаны да анық. Кезіндегі ісмерлер оны жақсы түсінген және бір-біріне құрметпен қараған. Алайда, бүгінгі таңда кесте тігетіндер көп болғанымен оның ерекшелігіне үңілетіндер аз. Сондықтан қазақтың кестешілік өнерінің тарихи сипатын тереңдей зерделеудің қажеттілігі басым. 

Фаруза Байысова,
Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Сурет ғаламтордан алынды