5G-ге қашан қосыламыз?

Уақыты: 25.06.2023
Оқылды: 555
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Цифрландыруды дамыту елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, мемлекеттік орган, үкіметтік емес ұйым, азаматтық секторда сыбайлас жемқорлық тәуекелін төмендету, сондай-ақ, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін маңызды мәнге ие. Облыста бұл бағытта нәтижелі жұмыстар атқарылуда. 

Облыстағы цифрландыру саласын дамыту «цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы мен «ақылды қалалар» эталондық стандартына сәйкес жүргізіледі. Осыған орай инвестициялық жобалар енгізу, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, облыс аумағында интернет пен мобильді байланысты дамыту көзделген. Осы тұрғыдан келгенде Жетісу облысы республикада алғашқы болып жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласында мемлекеттік қызметтер көрсету үдерістерін автоматтандыруды одан әрі жетілдіруге арналған платформаны іске қосты. 

Электрондық форматта 16 мемлекеттік қызмет көрсету функциясы іске асырылды. «І-Jetisu» платформасы арқылы үйде отырып-ақ коммуналдық төлемдерді жасау мүмкін болды. «Е-билеттеу» жобасы іске қосылып, Талдықорған қаласының барлық автобусында 196 дана валидатор, салондарда жол ақысын төлеу жөніндегі нұсқаулықтар орналастырылды. Бүгінгі таңда әкімдік көрсететін мемлекеттік қызмет пен қызметтің 277 түрі (286-дан) немесе 96,8% автоматтандырылды. Биылғы 13 мамырда жастарға қызмет көрсету орталығы ғимаратында «Jetisu Digital» аймақтық Іt-Hub ашылды. Сонымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен Astana hub-пен бірлесіп, «Samsung innovation campus» бағдарламалау мектебі және «Startup Orda» стартап инкубаторы сияқты жобалар тегін іске қосылды.

Облыстың шалғай ауылдары мен таулы аймақтарында интернет желісінің нашарлығы немесе мүлде істемейтіндігі туралы шағым жиі түседі. Осы келеңсіздікті шешу үшін биыл Жетісу облысының 49 елді мекенін ұялы байланыс және интернет желісімен қамту жұмыстары жүргізілуде. Жетісу облысының цифрлық технологиялар басқармасының деректері бойынша байланыс операторларымен шалғай ауылдарда антенна-діңгек құрылыстарын орнату туралы меморандум жасалған. Бұдан басқа, өңірлік провайдер компаниямен облыс орталығына жақын орналасқан «Ынтымақ» шағын- ауданы мен Өтенай ауылы үшін интернет-желілерді жаңғырту келісілді. Алайда әзірге жоғары жылдамдықты веб-қосылыммен қамтамасыз етілмеген. Цифрлық ведомствоның мәліметінше, 2025 жылға қарай Жетісу облысы 5G желісіне толық қосылады. 

Демек, кейінгі жылдары облыстағы цифрландыру саласы қарқынды дамып келеді. Десек те әлі де жетіспей жатқан тұстары жетерлік. Ол үшін 5G жылдам интернет желісіне қосылу, аймақтық Іt-Hub жұмысын жетілдіру сияқты маңызды міндеттер тұр. 

Қ. Омарақын