Биыл 321,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі

Уақыты: 26.06.2023
Оқылды: 680
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облыстық құрылыс басқармасының ақпараты бойынша биыл 355 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 120-сы биыл пайдалануға берілсе, 232-сі келесі жылға өтпелі.     

Жалпы биыл жалгерлік, несиелік, жеке құрылыс салушылар есебінен 321,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі. 

Десек те тұрғын үй құрылысы саласына қатысты жобалау жұмысының және құрылыстың сапасы, сондай-ақ, бюджет қаржысының мақсатсыз игерілуі жайлы жиі айтылады. Облыс әкімінің жұртшылықпен кездесуінде тұрғындар тарапынан құрылыс жұмысы уақытылы аяқталмай жатқан Мәдениет үйі, саябақ, ауызсу, тұрғын үй мәселесі көп көтеріледі. 

Сол қатарда Ескелді ауданы, Бақтыбай ауылындағы Мәдениет үйі, Қарабұлақтағы 60 пәтерлі тұрғын үйдің сыртқы инженерлік желілері, Достық және Лепсі ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Талдықорған қаласындағы 204 коттеджді қалашық, Қаратал ауданындағы 40 пәтерлі, Сарқан ауданындағы екі 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы кешіктіріліп басталған. Ал Жаркент қаласындағы екі 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысына қайта байқау өткізілуде. Осындай мәселелер туындамас үшін тапсырыс берушілер өз жауапкершілігін түсініп, нысанды жоспарлаудан бастап, пайдалануға бергенге дейін заңға сәйкес жұмыс істеуі қажет.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент елді мекендердің даму жоспары мен сәулеттік келбетін де сынға алды. Әрине, бұл сынның біздің аймаққа да қатысы бар. Бұл мәселені шешу үшін елді мекендерді қалақұрылыстық құжаттамалармен қамту бойынша жол картасы әзірленіп, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 438 млн. теңге бөлініп, 9 елді мекеннің қалақұрылыстық құжаттамасына өзгеріс енгізілуде. Дегенмен, құзырлы мекеме тарапынан заңсыз құрылыс бойынша мониторинг жасалғанда Алакөл, Көксу, Кербұлақ, Панфилов аудандарында қалақұрылысы құжаттамасына сәйкес келмейтін нысандар анықталған. Кемшілік ауылдық округ әкімдерінің сәулет, қалақұрылыс және құрылыс заңнамасы талаптарын сақтамауы мен мамандардың іс-әрекетіне бақылаудың жоқтығынан орын алуда. 

Құрылыс сапасын жақсарту мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Облыстағы 37 құрылыс нысанына жүргізілген тексерісте оның 26-на әкімшілік-құқықбұзушылық бойынша 12,516 млн. теңге көлемінде айыппұл салса (жеке тұлға – 7, заңды тұлға – 19), 11 кемшілікті түзетуге нұсқама берілген. Бір мердігердің толық лицензиясы алынған. Бұл заңсыз және жүйесіз құрылыстың әлі көп екенін көрсетеді. Әрине, құрылыс саласы облыс экономикасының қан тамыры іспетті. Сондықтан бұл саланың барлық қызметін сапалы әрі жүйелі жүргізу күн тәртібінен түспейтіні анық.

Қажет АНДАС