Қаламгерлер қалжыңы

Уақыты: 28.06.2023
Оқылды: 629
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қаша бере ме екен?..

Алматыда якут-саха әдебиетінің күндері өтіп, Қазақстан Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде дастарқан жайылады. Әріптестер бір-бірімен әзілдерін жарастырып арқа-жарқа болып отырғанда, саха меймандардың бірі сөз алып: 
– Біз ежелден қанымыз да бір, шыққан тегіміз де бір туысқан халықпыз. Мына ұлан-ғайыр далаларыңызда ұжымымыз жарасып, бірге ғұмыр кешкен кездеріміз болған. Бірақ, сендер, қазақтар, бізді осы кең далаға сыйғызбай қуып тастағансыңдар! – деп  үлкен өкініш-өкпе сияқты ойын айтады. 
Достық көңілдің дастарқанында мұндай сөздің айтылғанына екі жақтың да адамдары ыңғайсызданып қалады. Сол кезде Қалтай Мұхамеджанов отырып: 
– Ау, бауырым-ау, ағайын арасында өкпе-наз деген бола береді ғой. Бірақ, өздеріңде де бар, қуды екен деп сонша алысқа қаша бере ме екен?! – десе керек. 

Екі бірдей қатынға орынбасар...

Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы қызметін атқарып жүрген кезінде Қалтайды Республиканың бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаев қабылдауына шақырыпты. 
– Қалтай, осы Олжас екеуіңнің басың бір қазанға сыймай жүрген сияқты, саған басқа бір қызмет тапсырайын. Анау кинокомитеттің бастығы Ләйла Ғалымжанқызына орынбасар болып барсаң қайтеді, – дейді. 
Сонда Қалтай: 
– Рахмет, Димеке, мен екі бірдей қатынға қалай орынбасар боламын?! – десе керек. 
– Қалайша екі әйелге орынбасар боласың?! – деп Димекең таңданыс білдіреді. 
– Енді, Димеке, жұмыста Ләйлаға орынбасар болсам, үйге келген кезде келініңізге орынбасар болсам, менің не тамтығым қалады?! – депті Қалтай. 
Димекең бұл сөзге мырс етіп бір күліп алыпты да Қалтайды Кинематографистер одағының төрағасы қызметіне тағайындатыпты. 

«Алты сағат мақтағанда…» 

Белгілі журналист, педагог, ғалым, мектеп оқушыларына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының авторы Төлеутай Ақшолақовтың мерейтойы болады. Оған қатысқан қонақтар тарқағаннан кейін етжақын адамдардың кейбірі сол үйде конып қалады. Олардың арасында қазақ журналистикасының ақсақалы, профессор Калижан Бекхожин, белгілі композитор Садық Кәрімбаев, ақын Мұзафар Әлімбаев болады.
Той-той деп жүріп шаршаған бұлар бастары жастыққа тиісімен ұйықтап кетсе керек. Бір кезде ас үйден күңгірлеген, салдырлаған дыбыстар естіледі. Түн ішінде басқаларға ұйқы бермей қазан-аяқты салдырлатып жүргендер кім болды екен деп Мұзафар ас үйге барса, Садық Кәрімбаев Төлеутай Ақшолақовтың иығынан капсыра ұстап, төніп тұр екен дейді.
Сөйтсе, композитор үй иесінен жұрт жатқаннан кейін тағы арақ сұрайды. Төлеутай ас үйден іздеп ештеңе таба алмайды. Ал Садық тап та таптың астына алып, өзеурей берсе керек. Олардың үстінен шыққан Мұзафар:
– Әу, Сәке, сақалды басыңызбен айқай-шу шығарып сізге не болған? – деп  екеуіне араша түседі.
Сонда Садық:
– Әй, бала, сен бұған араласпа. Біз мұны алты сағат бойы мақтадық, енді жарты сағат боқтауға болмай ма екен? – деп жауап беріпті.

«Мұзы еріп, тұман түсті...»

Балалар ақыны Сұлтан Қалиев көше бойлап келе жатса, қарсы алдынан ақын Бүркіт Ысқақов кездесе кетеді. Бұл отыз жыл «Балдырған» журналын басқарған Мұзафар Әлімбаев зейнеткерлікке шығып, орнына Тұманбай Молдағалиев бас редактор болып келіп жатқан кез екен. 
Бүркіт аман-саулықтан соң:
– Сұлтан, өмірде не жаңалық бар? – деп сұрау тастайды.
– Не жаңалық жоқ дейсің? «Балдырғанның» отыз жыл бойғы мұзы еріп, енді тұман түсіп жатыр дейді ғой?  – депті.

«Екі коньяк қойса қайтем?..»

Бір жолы Баянғали Әлімжановқа сатирик ақын Көпен Әмірбековтің немере туысы әрі құрдасы, фототілші Берсінбек Сәрсенов: «Көпенді сабап берсең, бір коньяк қоямын», – депті.
Баянғали: «Көпен екі коньяк қойса қайтем?», – деген екен.

«Мимен жұмыс істейміз ғой...»

– Самайды аққа берейін дегенсің бе? – депті бір күні әкімнің орынбасары Сансызбай Балтабеков. Өзі елуге келсе де шашында бір тал ақ жоқ екен.
– Біз ептеп мимен жұмыс істейміз ғой, – деген екен Баянғали.
Жинақтаған 

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ