Марал Анарбек: "Арман кеудеге қамалмауы тиіс"

Уақыты: 23.07.2023
Оқылды: 767
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу жерінен түлеп ұшқан сан талант еліміздің түкпір-түкпірінде еселі еңбек етіп, мәдениет пен әдебиетке, өнерге қызмет етіп келеді. Ұлттың рухани болмысын, дегдарлығын, оның өркениетті жұрт екенін озық өнерінен, мәйекті мәдениетінен аңғаратынын еске алсақ, дарынымен дараланып қана қоймай, кешегіден мирас мұраларды ертеңге аманаттау жолында маңдай терін шүмектетіп жүрген жерлестерімізбен де мақтанып, марқайып қалатынымыз бар. Жуырда Талдықорған төріне келіп өнер көрсеткен «Алатау» дәстүрлі өнер театры көрермен алғысына кенелген еді. Сол шақта аталмыш театрдың әртісі, ҚР Мәдениет қайраткері Марал Анарбекпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.


– Марал ханым, жетісулықтардың рухын екі күн бойы өнермен асқақтаттыңыздар. Әйгілі «Айман-Шолпан» мен «Қамауда қалған арман» қойылымын тамашаладық. Қызығы, «Қамауда қалған арман» драмасы сіздің өнерде жүргеніңізге 25 жыл толуына орай жазылыпты. Осы жайлы айта кетсеңіз?
– Рас, қаршадайдан өнер қуған біздің сахнада өмір сүріп келе жатқанымызға да ширек ғасыр толыпты. Осы уақыт аралығында қаншама концерт жүргізіп, сан мәрте сахнада ән салдық. Кейіннен театрда әртіс ретінде де бағымызды сынадық. Мен тарыдай талант берген, өнерімді елге көрсету үшін бармақтай бақ сыйлаған Жаратқанға ризамын. Ал, «Қамауда қалған арман» драмасы туралы көп дүние айтуға болады.
Сахнадағы жылдарымды ескеріп, 25 жылдық аясында елге шығармашылық кеш бергім келді. Оның сценарийін жазуға жыл бұрын кірістім. Алайда алғашқы 7 айда поэзия тілінде жазып, жүйелеген нұсқамнан бір-ақ күнде айырылып қалдым. Ноутбугым күйіп, ішінде кетті. Көздің жасын көл қылып жүріп қайта жазуға кірістім. Оны да біршама ізге түсіріп ем, одан да айырылдым. Сөйтіп салым суға кетіп, енді елге кеш бермеймін деп бекіндім. Алайда бір күні театр алдында ұшырасқан белгілі пародист, режиссер Нұржан Тұтов ағам мән-жайды сұрады. Мен қос жазбаның, сан күнгі еңбегімнің селге кеткенін айтып, елге есеп беретін сәттің енді тумасын күйіне баяндадым. Ол қолындағы бір бума қағазын көрсетіп, дайын сценарий барын, соны сахнада сомдауды сұрады. Театр әртісі ретінде 120 минуттық рөлді сомдап көрмеген маған шешім қабылдау қиынға түсті. Бас тарттым да. Алайда «Қамауда қалған арман» деген драма атын естігенде бірден сол қойылымға, рөлге аңсарым ауды...

– Осы уақытқа дейін 8 мыңға жуық концерт жүргізіпсіз. Әншілігіңіз бір төбе. Театрдың әртісісіз. Сондықтан сахнада рөліңізді өз деңгейінде алып шықтыңыз деп ойлаймын.
– Әр қойылымның, әр жанрдың өзіндік жауапкершілігі мен салмағы болады. Өнер саласына саналы ғұмырын арнаған театр саңлақтары да сахна киесінен, көрерменнің алдындағы жауапкершіліктен именеді. «Қамауда қалған арман» драмасын сахналау маған оңайға түспеді. Көз жасыма ерік беріп, қойылым салмағынан еңкілдеп жылаған кездерім де болды. Ел алдындағы сенім мен жұртшылық махаббатының үдесінен де шығу керек. Сондай сәттерде Нұржан Тұтов ағаның, әріптестерімнің қолдауын көп көрдім. Кешегі күні Би апа театрының сахнасында өнер көрсеттім. Өздеріңіз тамашаладыңыздар. Қоғамға айтары бар, жол нұсқар бағдары бар драма қашанда көрерменге жол тартуы керек.

–  Дұрыс айтасыз, «театр – қоғам айнасы» дейтін тіркес бар. Күйбең тірліктен бой суытып, адам өзін өнер арқылы да тәрбиелеуі тиіс. Бұл ретте әрбір қойылым оқырманға ой салып, танымын кеңейтуі керек. Ал, «Қамауда қалған арман» біз айтқан өнеге шашар өрелі туынды іспетті.
– Бүгінде мен «Армандар қамауда қалмауы керек» деп ұрандап жүрмін. Бұл сөзіме қойылым түрткі. Өйткені адам бойындағы өнер өз өрісін табуы қажет емес пе? Бүгінгі таңда көптеген жан, әсіресе нәзік жандылар дұрыс армандай да алмайды. Оған қазақы қалып, қазақы ұяңдық әсер етіп жатады. «Мен ертең өмірге бала алып келетін болашақ анамын, жолдасым болады, ата-енем бар. Сондықтан...» деп өзінің бойында лапылдаған жалынға су сепкендей болады. Міне, соның салдарынан, адам бойындағы талантын шығармағаннан түрлі жайтқа, түрлі ауруға шалдығып жатады. Өнер деген тамырмен бірге соғатын, адамның жанына, рухына аса қажетті сала ғой. Сен оған саналы түрде бөгет қойсаң жаның қақпанда, рухың шырмауда қалғандай боласың. Осы ретте мен де әртіс болуды армандап тұрып, өнердің басқа саласын таңдағанымды айта кетейін. Дегенмен «Алатау» дәстүрлі өнер театры ашылғаннан бастап сол қара шаңырақта тірлік кешіп келемін. Ол жер менің бұғынып жатқан өнерімді ашып, әртіс болуға мүмкіндік берді.  

– Шыны керек, біз ең әуелі сізді жерлесіміз ретінде жақсы танимыз. Туған жер туралы айта кетсеңіз?
– Рас, мен жетісулықпын. Саялы Сарқан ауданына қарасты Көкжиде ауылында өмірге келдім. Асыр салған албырттық, бой түзеген бойжеткендік кезеңді осынау ыстық топырақ, құйқалы жерде өткердім. Мен үшін туған жердің әрбір тасы саф алтыннан салмақты, қымбат. 
Мен әңгімемнің бір арнасын туған жер туралы толғамға бұрып отыратын жанмын. Содан болар, бір күні өнер адамдары арасынан біреуі: «Неменеге туған жер, туған жер деп жиі айта бересің? Сонда сенің деңгейің ауылмен бірдей ме?» деп сауал тастады. Айналайын-ау, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, қазақ мәдениетіне сан алыпты қосқан сол ауыл емес пе? Бүгінгі қоғамда біздің табан тірер жеріміз, тиянақ табар тұсымыз да сол ауыл ғой. Сондықтан мен осынау сауалға қатты таңдандым. Адам бойындағы талант алып шаһар не ауылды аңсаумен өлшенбейді. Біздің салт-дәстүрін сақтаған, ата-бабамыздың асыл мұрасын көзінің қарашығындай көрген ақжаулықты әжеміз, ақ сақалды аталарымыз ауылда күн кешіп жатыр. Болашағымыз бен келешегіміздің кемел көшін керуен тарттырар жастарымыз ауылда білім алуда. Мен ауылды жиі айтсам, оны сағынсам осындай құндылығын қастерлей білгенімнен емес пе? Сондықтан қайда жүрсем де ауылым, туған жерім жадымда жаңғырып қала беретіні анық.

– Қалада күн кешіп жатқан әрбір қазақ осылай ойлауы, сіз секілді ауылын ардақтауы қажет-ақ. Ендігі жерде қазақ мәдениетіне «Алатау» театры қаншалықты үлесін қосып жатыр, соны айта кетсеңіз.
– Бүгінде ұлт қоржынындағы маржандарды ардақтап, асылын айшықтап келе жатқан театрымыз туралы ауыз толтырып айта аламыз. Әуелі қандай да бір концерт, қойылым өтсе, сонда қазақтың мың жылдық музыка өнері асқақтайды. Бәрі табиғи. Қасиетті қара домбыраның шанағын шаң басып көрген емес. Әрбір қойылым, мерекелік кештерде ең әуелі қазақтың қара домбырасына жан бітеді, күй түлетеді. Оның сыртында қаншама қойылым көрерменнің көзайымына айналды. «Алтыбақан» деген төл туындымыз бар. Мұнда алпыстан астам өнер адамы бір сәтте өнерін өрелі көрерменге паш етеді. Бұл елімізде болмаған, біздің маңдайға басқан төл туындымыз. Міне, осындай дүниелерді жіпке тізгендей термелей берсек, талай дүниені айшықтарымыз хақ. Бастысы, театрымыз бүгінгі қазақ мәдениетінде, өнерінде өзінің орнын ала алған бірегей өнер ордасы екені сіз бен бізге мәлім.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан 
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ