ТАБИҒАТЫМЫЗДЫ ЖУРНАЛИСТЕР ҚАНШАЛЫҚТЫ НАСИХАТТАП ЖҮР?

Уақыты: 24.07.2023
Оқылды: 930
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі І Халықаралық медиа және туризм форумында журналистерді туған жердің табиғатын көбірек насихаттауға шақырды, деп хабарлайды 7su.kz желілік басылымы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап. 


«Біздің бай даламызда асқар тау-асау өзендер де, жыныс орман да, айнадай көлдер де, құмды шөлдер де жетерлік.  Осы Алматы облысының өзінде жұртқа таныс Шарын шатқалы, Үлкен Алматы көлі, Түрген сарқырамаларынан өзге Айғай құм, Бұрхан-Бұлақ сарқырамасы, Ақбұлақ, Ойқарағай, Табаған, түркі дәуірінің бірегей ескерткіші Тамғалы тас қатарлы қаншама ғажап жерлер бар. Біз осы сан қырлы табиғатымызды қаншалықты насихаттап жүрміз?», - деді министр.

«Біз осы сұлу жерімізді көрсетіп, әр жердің өзгеше табиғатын, өз ерекшелігін түсіріп, насихаттаған жөн деп ойлаймыз. Осыған байланысты арнайы деректі фильмдер желісін түсіруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қоса, экологиялық сауаттылық, демалыс мәдениеті, экожүйемен үйлесім мәселелерін де үнемі назарда ұстаған абзал. Біз қазір сериалдарымызда осы туралы көбірек көрсетіп, мүмкіндігінше еліміздің бай табиғатын ретімен насихаттауға тырысып келеміз. Қысқасы, БАҚ саласы ел туризмінің де бағына айналуға тиіс деп санаймыз»,- деп толықтырды министр.

Қонаев қаласында өтіп жатқан форум Қазақстан, Ұлыбритания, Швейцария, Австрия, Бельгия, Германия, Франция, Нидерланд, Молдова, Солтүстік Кипр, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан сияқты шет мемлекеттерден келген 200 медиа маманның басын қосты.

Форум "Туризм мен жаңа коммуникацияларды дамытудағы БАҚ-тың маңызы", "Қазақстандағы туризм: даму келешегі мен мүмкіндіктер", "Медиа. PR және туризм индустриясы", "Синтетикалық медиа: контент қалыптастырудағы нейрожүйе" сынды тақырыптарды қамтиды.