ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНДАҒЫ ТІЛ МӘСЕЛЕСІ

Уақыты: 28.07.2023
Оқылды: 926
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Тәрбие басы – тіл»
                                                                                                  Махмұд Қашқари

Асылында ана тіліміз ғасырлар қойнауынан бастап, баға жетпес байлығымыз іспеттес. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп қазақтың маңдайына біткен біртуар ақын Қадыр Мырза Әли  айтып кеткендей, тілімізді құрметтеу мемлекет алдындағы азамат ретіндегі әрқайсымыздың парызымыз деп білемін. Өскелең ұрпақты да тілімізді сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге және құрметтеуге тәрбиелеуіміз қажет.

Мектеп – бұл әрбір бала үшін екінші үй. Ол мұнда тек бастапқы білім алып қана қоймай, адамдармен қарым-қатынасты, достарымен бірге өмір сүруді үйренеді. Оның қандай болып өсетіні де дәл осы мектепке байланысты болады. Мен өзім ұлағатты ұстаз ретінде жас буынды ана тілімізді құрметтеуге әрине ең әуелі отбасынан басталып, сауатын ашып, білім нәрімен сусындататын білім ордасынан жалғасын табу керек деп ойлаймын.

Біз ұжыммен мектепте ана тілімізді дамытуға қатысты көптеген іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз. Солардың бірігейлеріне тоқталып өткенді жөн көріп отырмын.

Мектебімізде «Тіл-әр ұлттың ең ұлы анасы» тақырыбында онкүндік жоспар құрылып, іс-шара қыркүйек айының 5-15 аралықтарында жоғары деңгейде аталып өтті.

«Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек».
                                                                                                          А.Байтұрсынов

Аталмыш іс-шара барысында «Ұлтын ұлықтаған ұлы» атты ұлт ұстазы – А.Байтұрсыновқа арнап бастауыш сыныптағы қылқалам шеберлері көрме ұйымдастырды. Ал мектеп белсенділерінен құралған «Өзін-өзі басқару» ұйымы «Ұлылылықтың отын жаққан шырақ» тақырыбында ұлт көсемдеріне арналған презентациямен таныстырып өтті. Орта буын оқушыларынан «Тіл қисыны» тақырыбында диктант алынып, ана тілімізде сауатсыз жазуды насихаттадық. Жоғары сынып оқушылары  «Ұлт ұстазымен тілдесу» атты А.Байтұрсыновтың өлеңдерін, мысалдарын жатқа оқып, челлендж түсіріп, ізгі бастманы қаламыздағы өзге де мектеп оқушыларына жолдады. «Тіл – әр ұлттың анасы» атты тақырыппен ана тілімізге арналған онкүндік іс-шарамыздың жабылу салтанатты кешін де ел сүйсінер деңгейде өткіздік десем, артық болмаса, кем айтпас едім.

Менің қызмет етіп жатқан білім ордам екі тілді. Алайда жұмыс орным аралас мектеп болғанмен, біз басқада мектептер секілді бастауыш сыныптан бастап өзге ұлт өкілдерінің бүлдіршіндеріне де мемлекеттік тілімізді насихаттап, үйретуді басты назарға қойып отырмыз. Бұл педагог ретінде мемлекеттік тілімізді дамытуға тамшыдай болса қосқан үлесіміз деп есептеймін.

Сөзімнің соңын философия ғылымдарының докторы, профессор Аманкелді Айталы ағамыздың сөзімен қорытындыласам:
«Біріншіден, оқушы ана тілін толық меңгергенде ғана екінші тілді оқытуға болады. Екіншіден, оқу бағдарламасында ана тілінің басым, негізгі тіл болып қалуын мықтап қадағалауды көздейді. Ана тілі мен екінші тілден тура аударма арқылы салыстырып оқытылғанда оқушы  өз ана тілін де терең меңгеруге мүмкіндік алады. Бұл әлемдік тәжірибе. Біз ағылшын тілін қазақ тілі емес, орыс тілі арқылы үйретіп, тағы да ұлттық рухымызды әлсіретіп отырмыз, қазақ сырттан келген қауіпке қарсы тұру, қолайсыз, жайсыз, әлеуметтік-психологиялық жағдайда, іштей күш жинап, өзін сақтау қабілеті басым ұлт. Ғасырлар  бойы қалыптасқан бұл қасиет орыстану саясатынан да аман алып шықты, социализм  қазанында  қайнап, басқаға сіңіп кетпеді, тілін, мәдениетін негізінен сақтап қалды, сондықтан, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда болашаққа  зор сеніммен қарауға негіз бар. Ал қазақ ұлты ана тілін толық меңгергенде ғана мемлекеттік тіл мемлекет азаматтарының басын біріктіреді».

 

Бектас Талдыбаев 
    «Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясы» КММ
                 Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Қазақ тілі мен   
        әдебиеті» пәнінің мұғалімі.