АУЫЛ - АЛТЫН ТАМЫР

Уақыты: 28.07.2023
Оқылды: 739
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Арнайы іссапармен Жетісу облысына келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек ҚОЖАНАЗАРОВ тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесіп, Ескелді ауданындағы қожалықтардың жұмысымен танысты.


Мәжіліс депутаты әуелі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлермен кездесті. «Дөңгелек үстел» форматында өткен кездесуде әлеуметтік тақырыптар талқыланды. Атап айтсақ, медициналық сақтандыруды төлеу, атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүрген жандар, ауыл шаруашылығы, білім саласындағы өзекті мәселелер көтерілді.

Басқосу барысында сөз алған Айдарбек Асанұлы 3 ай ішінде атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Ауылда тұратын адамдар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ақша төлегенімен оларға толыққанды көмек берілмейді. Ауырып қалса аудан орталығындағы емханаға баруға мәжбүр. Сондықтан біз жылжымалы денсаулық сақтау пункттерін ашу керек деген ұсыныс білдірдік. Білім саласына тоқталайықшы. Шалғай ауыл мен қаланың мектебін салыстыруға келмейді. Неге ауылдық білім ордасына жағдай жасалмайды? ҰБТ тапсырғанда ауыл мектебінің оқушыларына жеңілдетілген тесттер келмейді. Бұл мәселе бойынша біз Назарбаев зияткерлік мектебімен келісіп, арнайы жоба құрдық. Яғни, зияткерлік мектептің ұстаздары ауыл-ауылға барып, сабақ кестесін қалай құруды, қандай бағдарламамен жұмыс істеуді үйретеді, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты.

Сонымен қатар, ол азық-түлік қауіпсіздігі, букмекерлік кеңселер, есірткіге тәуелділік, жол мәселесі, жастардың әскерге бармауы сынды өзекті мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды толықтай тарқатты.

Шараға жиылған бизнес өкілдері көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Әсіресе, ауылшаруашылық өнімдер бағасының күрт төмендеп кеткені қызу талқыланды. Айдарбек Қожаназаров басқосуда көтерілген мәселелер Мәжілісте қаралатынын айтты.

Осыдан кейін халық қалаулысы облыс әкімімен кездесіп, аймақты дамыту бағытындағы жұмыстармен танысты.

* * *

Жетісу өңіріндегі сапары барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров Ескелді ауданына табан тіреді. Халық қалаулысы мұнда «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігі басшылығымен алқап басында кездесіп, ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелердің тінін тарқатты. Серіктестік төрағасының орынбасары Александр Хильниченко да өз кезегінде жалпы ауыл шаруашылығындағы түйінді мәселелерді тізбектеп, оның шешілу жолдарын баян етті.

Қос тарап ауылды және ауыл шаруашылығын өркендету жайын әңгіме өзегіне айналдырды. Әуелі сөз алған А. Хильниченко айтулы саладағы маман тапшылығын алға тартты. Айтуынша, қазіргі жастардың маңдайлары терлеп алқапта жұмыс істеуге құлқы жоқ. Қолға кетпен ұстағаннан гөрі кафе-ресторанда даяшы не қызметші болғанды құп көреді. Мемлекет ауыл шаруашылығындағы кадр тапшылығын жою мақсатында салаға қажетті мамандар даярлауда кемшін түсіп жатқан жоқ. Қолға дардай диплом алып, төрт жылын білікті маман болуға арнаған жастар ауыл сағаламай қала кезіп кетеді екен.

– Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға мемлекеттік грант көп бөлінеді. Бірақ, жастар неге ауылға келмейді? Біз осы салдармен күресіп, себебіне көз жұмып жүрген жоқпыз ба? Қазір ауылдарда жастарға жағдай жасалмаған. Олар болашағын ауылмен байланыстыру үшін не керек? Қазір көп ауылда балабақша, сапалы білім беретін мектеп, Мәдениет үйі, саябақ жоқ. Жастарға керегі осы ғой. Қолайлы жағдай жасалмаған ауылда жастарды байлап та ұстай алмайсың, – деді Александр Хильниченко.

Оның сөзін қуаттаған Айдарбек Қожаназаров ауыл шаруашылығындағы кадр тапшылығы тап қазір аса сезілмегенмен алдағы 5-10 жылда шынайы байқалатынын алға тартты. Айтуынша, бұл мәселені шешуде бағалы бастама, орайлы бағдарлама қажет. Соған орай Парламент қабырғасында «Respublica» партиясы атынан ұсыныс та даярлап отыр екен.

– Ауылға, ауыл шаруашылығына жастарды тарту, білікті мамандар даярлау – уақыт мінберіндегі мәселе. Біз Үкіметке тиімді жоспар ұсынбақпыз. Мемлекеттік грант бойынша ауылшаруашылық мамандығын меңгерген жас кемі 5 жыл салада жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар, маман даярлауда дуалды оқытуды қолға алған жөн. Ал Отан алдындағы борышын өтеп келген жастарды салаға қажетті мамандыққа баулу үшін ҰБТ-сыз, ешқандай емтихансыз жоғары оқу орнына қабылдауды ұсынбақпыз. Тіпті, кейбір салаға қажетті мамандықтарға жоғары оқу орнында оқытпай-ақ 1-2 жылда диплом беретін колледждерде оқыту мәселесін де қаузаймыз, – деді халық қалаулысы.

Мұнан кейін Александр Хильниченко кейбір шаруа қожалықтары мен серіктестіктердің егіндік жерлерді тиімсіз пайдаланатынын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығынан нәпақа тауып жүрген шаруалардың дені жерді жалға алады. «Біреу біреудің ешкісін ысқырып жүріп бағадының» кері. Жерден тек пайда, өнім алуды ғана ойлайды екен.

– Көп шаруаның мол өнімге кенеле алмай жүргеніне өздері кінәлі. Жерге де қамқорлық керек. Өңірімізде бір жерге он жылдап бір дақылды егіп жүрген шаруалар бар. Жыл сайын тыңайтқыштарды мол беріп, топырақты улап жатыр. Егіндік жерге жыл сайын әртүрлі дақыл егу керек. Оны құнарландырып, байытып отыру қажет. Ал бізде өзгеден жалға алған соң жерді аямайды. Мемлекет ауылшаруашылық жерлерді пайдалануға оңтайлы бастама даярламаса болмайды, – деді шаруашылық жетекшісі.

Өз кезегінде Айдарбек Қожаназаров Үкіметтің егін шаруашылығындағы өнімділіктің артуы үшін құр субсидиямен ештеңе шеше алмайтынын, егіндік жерді оңтайлы пайдалану үшін бірыңғай дерекқор даярлау керегін мінберде көтеруге сөз берді. Мұнан соң Александр Хильниченко тұқым мәселесін тізбектеді. Айтуынша, шаруалардың дені тұқымды былтыр мол өнім алған диқаннан сатып алуды дағдыға айналдырған. Қазір шаруалар тұқымды бір-бірінен алып жүр екен. Өйткені арнайы жұмыс жүргізіп жүрген институттар ұсынған тұқымдардың кеңес заманынан келе жатқан тұқымдардан өнімділігі төмен. Содан шаруалар осындай қарекетке барып отыр екен. Шаруашылық жетекшісі өз тәжірибесінде тұқым даярлайтын институттардың өнімін пайдаланып көргенін, өнімділік болмағанын да тілге тиек етті. Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты бұл мәселені де Үкіметке жеткізетініне, жалпы ауыл шаруашылығындағы айтулы мәселелер жайындағы ұсыныстардың аяқсыз қалмайтынына сендірді.

* * *

Жетісу жеріне жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек ҚОЖАНАЗАРОВ Кербұлақ ауданындағы «Alacem» зауытының жұмысшыларымен кездесіп, Алтынемел тауынан шикізат таситын жүргізушілердің талап-тілегін тыңдады. Жүргізушілердің айтуынша, цемент шығаратын зауытқа шикізат жеткізуді міндетіне алған «KAZAKHSTAN WANYU TRANSFORTATION CO» ЖШС заңды өрескел бұзуда.

Атап айтқанда, салмағы ауыр жүк көліктеріне тиелетін тастың мөлшері рұқсат етілгеннен екі есеге артық салынады. Мысалы, 20 тонналық жүк көлігіне 40 тонна тас тиеуді мәжбүрлейді. Бұл техникалық талапты бұзып, асудың жолына орасан зиян келтіреді. Есесіне жүк көлігінің тежегішіне нұқсан келіп, адам өміріне қауіп төндіреді. Бұл, бір. Екінші, мердігер компания әрбір рейске төленетін 5 мың теңгенің өзін толық бермей жұмысшылардың құқын аяққа таптап отыр. Яғни, уәде етілген 5 мыңның орнына әрбір жүргізуші 3800 теңге алуға мәжбүр. Осындай заңсыздықтарды ашық айтқан жұмысшыларды мұқият тыңдаған Айдарбек Қожаназаров:

– Әр рейске төленетін 5 мың теңгеден зейнетақы, табыс салығы сынды төлемақыларды ұстап қалатын мердігер компанияның мәселесін Үкімет деңгейінде қарастыруды көздеп отырмыз. О баста келісілген 5 мың теңгені жүргізушілерге толық төлеу керек. Ал әлеуметтік салықтарды тас тасымалын міндетіне алған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өзі төлеуі тиіс, – деп өзінің қолдау көрсететінін атап өтті. – Шынында ауыр салмақты жүк көліктеріне тиелген тастың тегеурініне шыдай алмай жол бұзылады, адам өміріне қауіп төнеді. Себебі, тежегіші істен шығып, дөңгелегі жарылуы мүмкін. Сондықтан жүк тиеу мөлшерін қатаң бақылау керек. Зауыт басшылығынан шыққан: «Жол бұзылса бұзыла берсін. Оны жөндеп жатқан біз» деген сөз мүлде дұрыс емес. Өйткені, міндетсініп жасаған жұмыстың керегі жоқ. Егер жол жөндеуге қаржы бөлсе халықтың игілігіне жұмсалады. Ал заң бәріне ортақ. «Шахман» деп аталатын ауыр жүк көліктерінің жолды бұзуы тек Алтынемелде ғана емес, Қазақстанның барлық өңірінде тіркеліп жатыр. Осы мәселені үкіметтік деңгейде талқылап, асфальт жолдың тозуын болдырмауға тиіспіз. Сол арқылы шектеулі мөлшерден артық жүк арту әрекеттері тыйылуы керек.

Осылай деген Парламент Мәжілісінің депутаты Айдар Қожаназаров Жетісу жеріндегі ауылшаруашылық жұмысшыларының құқы, егістік пен жайылымның жетіспеушілігі сынды мәселелерді аяқсыз қалдырмайтынын, өзекті тақырыптарды Парламент қабырғасында талқылауға салатынын жеткізді.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Дастанбек САДЫҚ,
Мәди АЛЖАНБАЙ,

«Jetіsý» газетінің арнаулы тілшілері