ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ӘЛЕУЕТІН ПАШ ЕТТІ

Уақыты: 28.07.2023
Оқылды: 588
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қытай және Қазақстан шегараларының аралығындағы «Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында» сауда-саттықпен бірге әртүрлі қоғамдық шаралар өткізу дәстүрге айналды. Жақында ғана орталықтың Қазақстан тарабында этнофестиваль ұйымдастырылып, ұлттық қолданбалы қолөнерімізді жарқырай көрсетсек, енді, міне, орталықтың ҚХР тарабында бірінші халықаралық Іле көрмежәрмеңкесі ұйымдастырылды.


Көрмеде негізінен екі елдің ауылшаруашылық өндірісінің жетістіктері көрсетіліп, насихатталды. Сонымен қатар, бұл шаралардың негізгі мақсаты халықаралық туризмді өрістету және осы орталықтағы сауда-саттықтың өркен жаюуына кең жол ашу. Негізгі бастамашы ҚХР-дың Іле-Қазақ автономды облысының үкіметі мен партия комитеті болғанымен халықаралық ынтымақтастық пен туризм индустриясының дамуына әсері мол шараға Жетісу облыстық әкімдігі мен туризм басқармасы, «Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» АҚ да атсалысты.

Өткен жұмада басталып, үш күн бойы жалғасқан халықаралық жәрмеңкеге екі ел тарапынан арнайы ресми делегация қатысып, оның ашылу салтанатында ҚХР Іле-Қазақ автономды облысының әкімі әрі облыстық коммунистік партия хатшысының орынбасары Ершат Тұрсынбайұлы кіріспе сөз сөйлеп, бастан-аяқ жүргізді.

Салтанатты сәтте Қытай коммунистік партиясы Іле-қазақ автономды облыстық партия комитетінің төрағасы Яң Шиу Ли, Қазақстаннан Жетісу облысы Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек, Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Батанов, соя майын өндіретін «Уыз май» ЖШС директоры Еркебұлан Ақылбеков, тағы басқа да ресми тұлғалар құттықтау сөз сөйлеп, болашақта дәстүрлі түрде жалғасын табатын бұл шараны екі мемлекет халқының достығы мен ынтымағын нығайта түсетін мәні мен мазмұны терең, маңызды оқиға және халықаралық туризмнің өркенді дамуына кең жол ашатын жаңалық деп жоғары бағалады.

Шараны ұйымдастырушы тарап туралы қысқаша мәлімет бере кетсек, Іле-Қазақ автономды облысы 1954 жылы желтоқсан айында құрылған екен. Оған Тарбағатай, Алтай аймақтары және 11 аудан қарайды. Орталығы Құлжа қаласы. Өткізіліп отырған халықаралық Қазақстан – ҚХР ауылшаруашылық жетістіктерінің көрмесі «Бір жол, бір белдеу» халықаралық жобасының іске асқанының 10 жылдығы құрметіне арналыпты.

Көрмеде ҚХР-дың Іле-Қазақ автономды облысы мен Қазақстанның Жетісу облысы еңбеккерлерінің ауылшаруашылық өндірісінің өнімдері көрсетіліп, саудаланды. Шара «Қорғас» шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының» Қытай тарабында жасалған кең, зәулім көрме ғимаратында өткізілді. Көрмеге Жетісу облысынан ауыл шаруашылық өнімдерін өндіріп, ұқсататын 20-дан астам кәсіпорын өз өнімдерін қойды. Олардың қатарында «Асыл мұра», «Асагро», «Сәлем құс» сынды өнімдері кеңінен мәлім кәсіпорындар бар. Жәрмеңкеге Панфилов ауданынан да оннан астам кәсіпорын қатысты. Олардың арасында жүгері дәнін өңдеп, жүгері сірнесі мен крахмалын және басқа да көптеген халық тұтынатын тауарлар өндіретін «Крахмал-сірне зауыты», «Универсал» қап зауыты, былғарыдан, киізден, металдан қазақтың ұлттық нақышта жасалған қолданбалы бұйымдарын жасайтын шебер С. Жексенбаевтың қолөнер туындылары, «Жолтықов» жеке кәсіпорны-наубайханасының нан өнімдері, «Көктебе сафлауер» ЖШС мақсары майын, «Көктал агро» ЖШС сүт өнімдерін, «Жаркент ыстық су көзі» ЖШС жылыжайында өсірілген көкөністері, тағы басқа кәсіпорындардың өнімдері жәрмеңкеге келген жұртқа көзайым қуаныш сыйлады. Көрме залынан тыс алаңда ҚХР-да және басқа шетелдерде жасалған ауылшаруашылық техникалары мен автокөліктердің көрмесі қойылды.

Түстен кейін орталықтың Мәдениет сарайында жәрмеңкеге қатысқан кәсіпкерлердің үлкен ғылыми-тәжірибелік семинары өткізілді. Мұнда тек кәсіпкерлер ғана емес, екі тараптың ғалымдары да сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығын интенсивті дамытудың жаңа технологияларын, ғылым жетістіктері мен ауыл шаруашылығын ұтымды дамытудың жолдарын, ұсыныстарын ортаға салды.

Жәрмеңке жыл сайын өткізіліп, инвесторлар тарту, азық-түлік түрлерін саудалау мәселелерін жандандырады.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ