БЮДЖЕТ БЕКІТІЛДІ

Уақыты: 29.07.2023
Оқылды: 794
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облыстық мәслихатының 5-ші сессиясы өтіп, халық қалаулылары 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетке енгізілген нақтылаулар мен толықтыруларды қарастырды. Күн тәртібінде қаралған мәселеге депутаттар бірауыздан қолдау танытты.


Алқалы жиында есеп берген облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов республикалық қазынадан облыстық бюджетке трансфер ретінде 5 миллиард теңге келгенін атап өтіп, бұл қаржыны 30 функционалды топқа жұмсау қажеттігін түсіндірді. Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласына 170 миллион теңге, білім саласына 475 миллион теңге, аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге және жаңа жұмыс орындарын құруға 70 миллион теңге қарастырылған. Қалған сома келісілген бюджеттік өтініштерді жүзеге асыруға жұмсалады. Ал мемлекеттік қызмет көрсетудің шығындарын өтеуге 300 миллион теңге бөлу жоспарлануда. Бұл соманың басым бөлігі, атап айтқанда, 250 миллион теңгесі 19 ауылдық округ әкімдерін, Кербұлақ және Сарқан аудандарының әкімдерін сайлауға бөлінеді. Артылған қаржы инженерлік және коммуналдық шаруашылық нысандарының құжаттарын жасауға беріледі.

Республикалық қазынадан түскен қаржылық трансфердің бір бөлігін мәдениет саласының дамуына жұмсау көзделген. Оның мөлшері 360 миллион теңге. Бұл қаржы 2 Мәдениет үйін салып, тағы екі Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге, бірнеше аудандық театр мен музейлерді жөндеуге жұмсалады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының қажеттілігіне де қаржы қарастырылғанын айтқан Жомарт Әмірханов бұл бағытқа қосымша 1,2 миллиард теңге бөлу көзделгенін атап өтті. Одан бөлек, Жансүгіров ауылының арықтарын салу мен оны жөндеу жұмыстарына 200 миллион теңге, Ақсу ауданындағы жер телімдерінің шегарасын бекітуге 22 миллион теңге, Матай ауылының көшелерін жарықтандыруға 31 миллион теңге, Қапал ауылындағы ауызсу жүйелеріне жөндеу жүргізуге 30 миллион теңге, Үшарал қаласының Әуезов көшесінде орналасқан жылу жолағын жөндеу жұмыстарына 120 миллион теңге қажет екендігін айтқан баяндамашыны мұқият тыңдаған облыстық мәслихаттың депутаттары бюджетке енгізілуі тиіс өзгертулер мен толықтыруларға бірауыздан қолдау танытты.

Сессияда, сондай-ақ, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың жылдың екінші жартысындағы жұмыс сапарлары мен аудан және қала тұрғындарымен кездесулерінің кестесі бекітілді.

М. ӘСЕТҰЛЫ