ЖУРНАЛИСТЕРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Уақыты: 28.07.2023
Оқылды: 751
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйіне арнайы келіп, аймақ журналистерімен кездесіп, мемлекеттік деңгейде істеліп жатқан істерді баян етті.


Жылы кездесуде Сенат депутаты әріптестерінің барлығы демалыс уақыттарында өңір-өңірді аралап, елді толғандырған күрмеулі мәселелерді тыңдап, шешімін қарастырып жүргенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, өзінің Жетісудағы Журналистер үйіне ат басын бұруы алдымен аймақтық БАҚ-тың облыс бөлінгеннен кейінгі жағдайымен танысып, қандай да бір проблемалық мәселелер жайлы ортақ ой қозғап, назарға алу екенін жеткізді. Сенат депутаты бұл орайда биыл 105 жасқа толған газет ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтап, ата басылымның ақпарат кеңістігінде алар орны ерекше екенін атап өтті.

Мен Жетісу облысында, соның ішінде сол кездегі ішкі саясат басқармасында журналистермен етене жұмыс жасадым. Аймақ үшін ата басылымның орны бөлек. Сіздерді газеттеріңіздің 105 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын, – деді Ғалиасқар Төлендіұлы.

Бұдан әрі ол Парламентте облыстан 11 депутат қызмет атқарып жатқанын, оның төртеуі Сенат депутаты екенін жеткізді. Халық қалаулысының аймақтан шыққан депутаттар санын ерекше атап өтуінің де өз себебі бар. Өйткені, ел ішінен шыққан іс адамдарының биік мінберде жүруінің өзі аймақтағы кезек күттірмейтін мәселелердің дер кезінде Үкімет назарына алынуына себепкер болады.

Жүздесу барысында қабылданып жатқан жаңа заңдар тақырыбы, жергілікті жердегі әлеуметтік мәселелердің шешілу жолдары, ақпаратты ұсынудағы сауаттылық мәселелері сынды құнды дүниелер ортаға салынды.

Шара соңында кездесуге жиналған журналистер өз сұрақтарын қойып, жұрт көкейінде жүрген түйткілдерге тұшымды жауаптарын алды.

Қ. ӘБДІҒАПАР