ЖАУАПКЕРШІЛІК ӘР ЖҮРГІЗУШІГЕ ЖҮКТЕЛЕДІ

Уақыты: 29.07.2023
Оқылды: 919
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Темір тұлпар» тізгіндеу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Дегенмен, өңірімізде жыл басынан бері 278 жауапсыз жүргізуші анықталған. Осынша жетісулық көлікті масаң күйде басқарған. Құқық қорғаушылар уақытында қимылдамағанда арты не боларын кім білсін?! Есесіне өңірде жол-көлік оқиғасы азайыпты. Осы уақытқа дейін 238 транспорттық апат тіркеліпті. Өткен жылы 281 жол-көлік оқиғасы орын алған еді. Бұл жайында облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Қайсар Мұхметов журналистермен кездесуде мәлім етті.


Қайсар Жақсылықбекұлының айтуынша, биыл өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларында адам шығыны азайған. Былтыр көліктер қақтығысында 75 тұрғын қаза тапса, биылғы көрсеткіш 5 адамға кем. Дене жарақатын алғандар да біршама кеміген. Өңір бойынша Көксу, Ақсу аудандары мен Текелі қаласы көлік апаттары жағынан көш бастап тұр. Көксу ауданында 14 жол-көлік оқиғасы орын алып, 8 адам қаза тапқан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 166,7 пайызға өскен. Текелі қаласында да жағдай мәз емес. Биыл мұнда 6 оқиға орын алып, бейбіт күнде 1 адам қаза тапқан.

Басқарма басшысы «темір тұлпарды» тізгіндеушілердің жүргіншілерге де қауіп төндіріп отырғанын алға тартты. Биыл 75 қала тұрғыны автокөліктен жапа шеккен. Салдарынан 14 адам қаза тауыпты. Бұл санаттағы оқиғалар мен адам қазасы өткен жылдағы көрсеткіштен аз болғанымен көңіл көншітпейді. Айдың-күннің аманында адам өлімі ауыр қайғы.

– Жол-көлік оқиғалары әдетте жолда жүру ережесін сақтамағаннан орын алады. Тұрғындар жүргінші жолымен емес, кез келген жерден көшені кесіп өте салады. Бұдан бөлек, көлік тізгіндеген әрбір адам жауапкершілік жүгін сезінуі тиіс. Әуелі маңайындағы адамдардың, содан соң өз қауіпсіздігін ойлауы қажет. Ата Заңымызда көрсетілгендей, елімізде адамнан құнды нәрсе жоқ. Ал олардың амандығы үшін жауапкершілік пен сақтықты ұмытпаған абзал. Сақтық болмайынша, қарапайым ережені сақтамайынша көлік апаты азаймайды, – деді Қайсар Жақсылықбекұлы.

Жол апаты салдарынан балалар да аз зардап шегіп жатқан жоқ. Жыл басынан бері балалар зардап шеккен 70 көлік апаты орын алған. Ең өкініштісі, апат салдарынан 8 бөбек қаза тауып, 84 бала түрлі дене жарақатын алған. Бұл көрсеткіш былтырғы сандардан едәуір аз. Дегенмен, баласын болашағына балаған ел үшін үлкен қасірет.

Жиын соңында Қайсар Мұхметов барша көлік жүргізушілерінің жол ережесін сақтап, тек өзі үшін емес, айналасындағылар үшін жауапкершілікті сезініп, «темір тұлпарды» тізгіндеуге шақырды. Ең бастысы адам қауіпсіздігі екенін де алға тартты.

Дастанбек САДЫҚ