МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МЕРЕЙІ ҚАЖЕТТІЛІКТІҢ АРҚАСЫНДА ҒАНА ӨСЕДІ

Уақыты: 29.07.2023
Оқылды: 905
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Астаналық ата-аналармен өткен бір жиын есімнен кетер емес. Әлеуметтік желіге кеңінен таралған бұл басқосудан «Қазақ мектебі қажет емес, орнына орыс мектебін ашыңдар, балаларымызды  тек қана орыс сыныбына береміз», – деп өзеуреген бір топ қазақ әйелін аз да болса сабасына түсіріп, ақтың ақ екенін дәлелдеу үшін, бетпақтанып алған бейбақтарға қарапайым бір нәрсені түсіндіру үшін ақ тер, көк тер болған азаматтарды көріп жанымыз ашыған. 


«Балаларыңызды міндетті түрде орыс сыныбына береміз десеңіздер аралас мектеп бұл жерден қашық емес, сол мектепке берулеріңізге болады.

Біз бұл мектеп таза қазақ тілінде білім берсе деп отырмыз» деген уәжді құлақтарына да қыстырмаған әйелдер бірнеше сағатқа созылған бейнеүзіктің соңына дейін өз айтқандарынан қайтпаған. Сондағы келтірген негізгі уәждері – кезінде олардың өздері орысша оқығандықтан қазақша оқыған балаларының сабақтарына көмектесе алмайды екен. Түсініктірек баяндайтын болсақ, өздері де қазақша көп сөз ұға қоймайды, болашақта балаларының да қазақша сөйлемей-ақ қойғандары жөн екен. Мұның өзі «Болашақта қазақ тілінің қажеттігі бола қоймайды» деген түсініктің санамыздан әлі де толық жойыла қоймағандығын білдіреді.

Осыдан бірер жыл бұрын латын әліппесіне көшу жайында әңгіме қозғап, біраз ауыл мен ауданды аралап шыққанымыз бар. Сол мақсатпен кезекті бір мектепке бас сұққанымызда ұстаздардың бірі «Сіздер не десеңіздер о деңіздер, мен баламды орыс сыныбына беремін. Латын графикасына көшуді ешқашан қолдамаймын», – деп жариялады. 

Бұл жерде біз алдағы жылдары латын графикасына көшу жайын қолдап, ұзын сонар әңгіме өрбітейін деп отырған жоқпыз. Дегенмен оны жақтап бірер сөз айтпай кетуге де болмайды. Қалай десек те ерте ме, кеш пе, латын графикасына көшу – уақыттың еншісіндегі мәселе. Оның қажеттігін өркениетке қолы жеткен әлем елдерінің тәжірибесі де, аузы дуалы ғалымдарымыз да тайға таңба басқандай ғып дәлелдеп отыр. Ендеше болашақта латын әліпбиіне көшетін де, яғни іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізетін де негізінен қазақтілді оқырман болмақ. 

Өз кезегінде орыстілді қауымның дәстүрлі кириллицадан айрылмасы тағы белгілі. Соған орай болашақта көпшілік арасында қай тілдің басымдық сипат алатындығын дәлелдеп, айқындап жатудың өзі артық секілді. Сондай жағдайда қандас бауырымыз қазіргі жағдайға қарап қате шешім қабылдап отырған жоқ па екен деген сұрақ туындамай қоймайды. Көзі қарақты деген ұстаздар қауымының өкілі ана тілінің болашағын ойламаса да өз баласының, немересінің болашағын неге ойламады екен деген ой еріксіз қынжылтады.

Атап айта кететін тағы бір мәселе – «қазіргі жағдай» деп те аузымызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Мемлекеттік тіл мәртебесі қанша дегенмен де біртіндеп көтеріліп келеді, ресми іс қағаздары негізінен қазақ тілінде жүргізіліп, жиындардағы әңгіменің дені қазақ тілінде өрбиді. Бұған мысал ретінде басқа басқосуларды айтып жатпай-ақ Парламент Мәжілісінің жиындарын келтіре кетсек те болады. Бүгінде Мәжіліске есеп беруге келген Үкімет мүшелерінен, әсіресе өз қандастарымыздан мемлекеттік тілде сөйлеу, яғни қазақ тілінде есеп беру талап етіледі. Қуанышқа орай, бұл талап негізінен орындалып та жатыр. Мемлекеттік тілді жетік меңгермеген министрлер мен басқа да басшылар тілдерін бұрап, терлеп-тепшіп болса да халық қалаулыларының сұрақтарына жауап беруде, тіпті жауап бере алмаймын дегендері орынбасарларын жұмсап, әйтеуір бірдеңе ғып жағдайдан шығуда. Мұның өзі қазірдің өзінде қазақ тіліне деген қажеттілік туындады деген ұғымды білдіреді. Болашақта бұл қажеттіліктің күшейе түспесе кемімейтіндігі айдан анық.

Қажеттілік дегеннен шығады, мұны ең алдымен өзіміздің қандастарымызға сезіндіруіміз керектігін тағы бір рет қайталап айтуға тура келеді. Өйтпейінше осы мақсатта төгілген тер мен ана тіліміздің мерейін арттыруға деген құлшыныстың бәрінің босқа кетері анық. 

Бұл мәселе жайында айтқан кезде Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың жақында  ұлты қазақ болғанымен орыстілді тәуелсіз журналист, «Обожаю» ютуб каналының жүргізушісі Асхат Ниязовқа сұхбат беруден бас тартуы ойға оралмай қоймайды. «Өзің қазақ бола тұра сұрақты неге мемлекеттік тілде қоймайсың, неге қазақ тілінде сөйлемейсің, үйренбейсің?» деген Ералы Лұқпанұлының талабы, меніңше, өзге тілде сөйлеп жүрген барлық қандастарымызға қойылуы тиіс. Мұның өзі уақыт өте келе Қазақ елінде тіршілік ететін барлық өзге ұлт өкілдеріне қойылатын ортақ талапқа айналмақ.

Өз кезегінде тәуелсіз журналистің «Орыс тілінде сөйлеп, сұхбат беріңіз», – деп бастырмалатып, облыс әкімінің қазақша айтып жатқан сөзін құлағына да қыстырғысы келмегенін намысқа тиетін жайт, мәдениетсіздік деп қана бағалауға болады. Қазақтілді журналистің ұлты орыс әкімге немесе министрге баса-көктеп кіріп барып: «Қазақ тілінде сөйлеп, сұхбат беріңіз» деп талап қоюын көзге елестете аласыз ба? Мен елестете алмай отырмын... Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, қарапайым әдеп, мәдениет, журналистік этика әсіресе ұлтаралық қатынастар мәселесінде айрықша қатаң сақталынуы тиіс деп ойлаймын.

Әдеп, мәдениет жайы сөз болғанда осыдан төрт-бес жыл бұрынғы Украина сапары ойға оралады. Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған бұл сапар барысында тарихта өзіндік орны бар қаһарман қала – Киев шаһарында үш күн болудың сәті түскен еді. 

Алғашқы күнгі түске дейін сапардың ресми бөлігі аяқталып, қалған уақытта қаламен еркін танысу мүмкіндігі туындады. Осылайша атақты Крещатиктен, Майдан Незалежности – Тәуелсіздік алаңынан басталған танысу сапарымыз Днепр өзені бойымен жайлап жүзген теплоходта аяқталған болатын. 

Бұл жердегі айтайын дегенім – Киевте болған үш күн ішінде украин тілін білмегендіктен ондағы тұрғындармен орыс тілінде ғана сөйлестік. Сол үш күн ішінде күндізгі мезгілде, тіпті түн ортасында да «Сен неге орыс тілінде сөйлеп тұрсың, неге украин тілінде сөйлемейсің?» деген ескертпе жасаған бірде-бір тұрғынды (бұл жерде Ресей насихаты айтатындай «ұлтшылды» деген анықтаманы қолданған дұрыс шығар) жолықтырған жоқпын. Сыртқы түрімнің өзінен басқа ұлт өкілі, азиялық екендігім бірден байқалып тұрса да ешкім сөзбен болса да ренжітуге, кемсітуге талпынбады. Басқа сөзбен айтатын болсам, үш күн бойына Мәскеу скинхедтеріне, тақырбастарына ұқсайтын бірде-бір топ көзіме шалынбады. 

Рас, украин бауырлар бір-бірімен өз тілдерінде ғана сөйлеседі, тұрмыстық қарым-қатынас барысында да өз тілдерінде түсінісуге тырысады. Ресми жиындарда, басқа да басқосуларда барлық отандастарынан украин тілінде сөйлеу талап етіледі. Бұл ешбір ресми құжатқа жазылмаған заң іспетті. Содан кейін де теплоходта гид қызметін атқаратын орыс әйелі Киев қаласының Днепр жағалауындағы көрнекі орындарының тарихын украин тілінде ғана баяндады. Түсіндірмесі толықтай аяқталғаннан кейін ғана: «Ортамызда Қазақстан азаматы отыр екен. Украин тілін түсінбеген шығар, сондықтан орыс тілінде қайталауға рұқсат етсеңіздер», – деп көпшіліктен рұқсат сұрады. «Тарихтан біршама хабарым бар, қайталамай-ақ қойыңыздар» дегеніме болмай «Прибалтикадан келдік» деген орыс ұлты азаматтарының өтініші бойынша түсіндірмесін орыс тілінде қайталады. Осыдан кейін барып өз тілдерін де ардақтаудың, ұлтаралық қатынас әдебін сақтаудың да шынайы үлгісі осындай болса керек-ті деген ойға қалдым.

Тағы бір айта кететін жайт – Киев қаласындағы көрнекі ақпараттың бәрі дерлік украин тілінде жазылады екен. Алғашында түсінбегеніммен қажеттілік деген шіркін қойсын ба, бірте-бірте жекелеген сөздердің мағынасын ұғына бастадым. Екінші, үшінші күндері көше дегеннің, басқа дегеннің не екенін ұғынып, өзіме қажетті бағыт-бағдарды шамалап ала алатындай дәрежеге жеттім. Сол кезде «Өз еліміздегі қазақша білмейтін өзге ұлт өкілдерінің обалына өзіміз қалып жүр екенбіз ғой» деген ой көңіліме еріксіз оралды.

Жақында Қырғыз республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттары “Мемлекеттік тіл туралы” конституциялық Заңын бірауыздан қабылдады. Аталған Заң бойынша бұдан былай Қырғыз елі шенеуніктерінің мемлекеттік тілді білуі міндет саналады. Жаңа талап бойынша ендігі жерде олар мемлекеттік тілде сайрап тұрмаса да оны еркін сөйлеп, елмен түсінісе алатындай дәрежеде меңгеруі тиіс. Олай болмаған жағдайда қызметінен кетеді. Сондай-ақ, жергілікті телерадиокомпаниялар да ақпараттың елу пайызын қырғыз тілінде таратуға міндетті. 

Сөз орайы келгенде еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мырзаның «Масс-медиа туралы» жаңа Заңның жобасында масс-медианың 70 пайыз қазақша сөйлейтіндігі қаралып отырғанын атап өткенін еске сала кеткен жөн шығар.


Бауырлас қырғыздарды ғана емес, олармен бір туған қазақты да толғандыратын сауалды Қырғыз республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты Дастан Бекешев қойған екен. Ол Мемлекеттік тіл жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Қаныбек Осмоналиевтен: «Мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктер енді қайтеді?», – деп сұраған. Оған Осмоналиев: «Заң жобасының 5 бабына сәйкес мемлекеттік және муниципалды қызметкерлердің қырғыз тілін білуі – міндет. Бұл дегеніңіз орыс тілділердің құқын шектеу емес. Аталған заң жобасының 10 бабында: «Мемлекеттік құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу керек», – деп жазылған. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда өзге тілдерде де жүргізуге болатыны көрсетілген, – деп жауап беріпті. 

Бұл жерде «қажет болған жағдайда...» деген сөзді ілгешек қылып әңгіме өрбітудің қажеті жоқ. Ең бастысы, «Мемлекеттік құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу керек» деген әңгіменің түйіні айтылып, мемлекеттік қызметкерлерге нақты талап қойылып отыр. Ендеше тіл жанашырларына қойылған талапқа сай нақты жұмыс жүргізу міндеті ғана қалады.

«Не толқытса, соның мұңын тартасың» дегендей, қазіргі кезде ана тілінің тағдыры, болашағы жайында көп әңгіме айтылады. Оның бірі құлаққа кіретіндей қисынды сөз болса, енді бірінде «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа...» дегендей әңгімелер қозғалады. Сондай мысалдардың бірін келтіре кететін болсақ, бір тойда асаба сөзін «Ана тілінің тағдырын ойласам алқымыма өрт келеді» деп бастап, көпшілікті елең еткізген. «Үйлену тойында ана тілінің тағдыры жайында не айтайын деп тұр?» дегендей қонақтардың бәрі құлақ түре қалды. Аздаған пауза жасап барып маңғазсыған асаба келесі кезекте сөзін «Ал, енді құрметті қонақтар, алдарыңызға торт келеді» деп жалғастырып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Тағы бір замандасымыз жүз пайыз қандастарымыз отырған жиында қазақ тілін үйрену қажеттігі жайында мақалдап, мәтелдеп тамылжыта сөйледі. 

Жалпы көпшілікті толғандыратын осынау өзекті жайтқа мұндай жадағай жарнаманың қажет емес екені өз-өзінен түсінікті. Онсыз да қазақша сөйлеп, сол қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген қауымға оның қажеттігі жайында сөз айту, жұмсарта жеткізгенде, орынсыздау болады. Ендігі жерде бұл әңгімені негізінен бауырлас ұлттар өкілдері бас қосқан ортада көбірек қозғағанымыз жөн емес пе? Мұны ең алдымен сол жиынды ұйымдастырушылар ескерсе дейміз.
Бұл орайдағы басты міндет – ендігі жерде сан ғана қуаламай сапаға да мән беріп, ана тіліміздің қолданыс аясын шын мәнінде кеңейту, оның әдебиет пен мәдениет саласында ғана емес, ғылым мен техника саласында да кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету болмақ. 

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі