ПАНДУС - ӨМІР ЖОЛЫ

Уақыты: 30.07.2023
Оқылды: 984
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қай қоғамда болмасын қолдау бар. Тіпті, мүгедектігі бар адамды көріп қалсаңыз оған көмек көрсетіп, болысып жіберсеңіз адами қасиет деп баға береміз. Өкінішке қарай, соңғы кезде осы бір жайтқа немқұрайды қарайтынымыз байқалып қалуда. Мемлекет өз тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуде. Десе де, жекелеген бизнес өкілдерінің және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің салғырттығы жарымжан жандарға кедергі келтіруде.


Сөзіміз дәлелді болу үшін бірқатар мысал келтіре кетейік. Мәселен, қаламыздағы үлкен сауда орындарына бара қалсаңыз, есік алдындағы табалдырықтағы пандусты көріп жаға ұстайсыз. Көзбояушылықпен істеп қойған пандустан мүгедек түгілі сау адам әзер жүреді. Мемлекеттің бекітіп берген стандарттарын назарға алмай, пандусты өз бетінше жасай салған. Мұнымен қоса арнайы көру мүшесі зақымдалған жандарға арналған жүру жолағы (жолы) мүлде салынбаған. Сонда бұлардың ісін қалай түсінуге болады? Қамқорлық, сүрінгенге сүйеу, жарымжанға жәрдемші болу деген қасиеттен жұрдай қалғанымыз ба?! Қай кезеңде де 12 мүшесі сау адамға қандай жағдай жасасақ, мүгедекке де сондай көмек қолын тең созуымыз керек. Мұны – ішкі мәдениет, адами қасиет деп түсіну маңызды. Ал мемлекет өз тарапынан әр жыл сайын жаңа заң шығарып, мейлінше ерекше күтімді қажет ететін жандарға жағдай туғызып келе жатыр.

Дәл осыған байланысты облыс әкімі Бейбіт Исабаев та өткен аптада қаламыздағы бірнеше нысанды аралап, сапасыз жасалған пандустарға сын айтқан болатын. Жекеменшік ғимараттарды былай қойғанда, мемлекеттік мекемелердің пандусқа деген немқұрайды көзқарасы  айқын байқалды. Бірқатары қаржыны игермеген, игергендерінің өзі бекітілген жобаға сәйкес келмейді. Міне, осындай кемшіліктерді өз көзімен көрген облыс әкімі кемшілікті қысқа мерзімде қалпына келтіруді тапсырды. Ал оларға қандай да бір тексеріс жүргізе қалсаң, кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жарияланған шектеуді алға тартады. Дәл осы жерде мораторийдің еш қатысы жоқ деп ойлаймын. Бұл жеке кәсіпкердің адами көзқарасы, ішкі мәдениеті мен мүгедектерге қамқорлығы болу керек деп санаймын. Осыны естен шығармаған жөн болар.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпаратына сүйенсек, биылғы жылға пандустарды салуға 164 мекемеге 472 млн. теңге қаржы бөлінген. Ерте көктемде басталған жұмыс әлі аяғына жетпеген. Аталған 164 мекеменің 12-сі ғана пандусты қолға алған. Оның өзінде де шала жасалғандары бар. Тіпті, 2 аудан бөлінген қаражатқа конкурс әлі жарияламаған. Нақты айтсақ, Кербұлақ ауданындағы 3 медициналық мекеме, Қаратал ауданының 2 округтік әкімдік ғимараты. Міне, 5 мекеменің пандусқа деген көзқарасы осылай болып тұр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Мизамбаев бөлінген қаражат биыл игерілетінін жеткізді. Жұмысқа немқұрайды қараған мекемелерге ескерту беріліп, қосымша бақылауға алынған. 1 қыркүйекке дейін 100 пайыз орындалатынын айтты.

Сонымен қатар, қалада орналасқан 52 кәсіпкерлік нысанның басшыларымен бірнеше түсіндірме жұмысы жүргізіліп, кездесулер өткізген. Ағымдағы жылдың 21 сәуірінде «ElStar» қоғамдық бірлестік төрағасымен бірге  «Шаған», «Астана», «Қарағаш», «Альтаир», «Еуразия»  кәсіпкерлік нысандарына кіріп-шығуға арналған пандустарды тексеру жөнінде өтініш түскен. Арнайы комиссия пандустың бар-жоғына мән беріп, талапқа сай жасалғанына тексеру жүргізді. Көбі жай ғана көз қылып жасала салған. Нәтижесінде  облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті, кәсіпкерлік нысандар басшыларына 60 АЕК мөлшерінде айыппұл төлетті. Айыппұл  ҚР ӘҚБТ Кодексінің 83-бабына сәйкес салынды. 

Түйін: Айналасындағылардың ықыласына бөленгенді жаны сүйетін, сәлемдесіп, көңіл аударғанның өзін үлкен мәртебе санайтын жарымжан жандар үшін әрбір қолдау маңызды. Біреудің көмегіне зәру кембағал жандарға құрметтің қай түрі де артықтық етпейді. Олар да қоғамның бір мүшесі. Араларында еңбекке жарамды жандар да бар. Олар «мен мүгедекпін» деп қол қусырып отырмай, шамасы жеткенше еңбек етіп, жеке кәсіп ашып, қоғамға пайдасын тигізуде. Олай болса, тағдырына шағым айтпай  сабырлықпен күн кешіп келе жатқан жандарға кедергісіз келешек тудыру сіз бен біздің қолымызда екенін естен шығармайық!
 

Гүлжан ТҰРСЫН