ЗАҢДАСТЫРЫЛМАҒАН КӨЛІКТЕР ТІРКЕЛЕДІ

Уақыты: 31.07.2023
Оқылды: 578
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Шеттен көлік әкелген жүргізушілер үшін сүйінішті жаңа лық – Ішкі істер министрлігі 17 шілдеден бастап бұрын тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған немесе шектеуге байланысты заңдастырылмаған, 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде Еуразиялық Экономикалық одақ елдерінен әкелінген автокөліктерге қатысты 5 жылға уақытша тіркеу жұмысын бастады. Заңдастырылмаған шетелдік көліктерді қайда және қай уақытта тіркеуге болатынын облыстық әкімшілік полициясы басқармасының басшысы Диас Айнақұлов мәлім етті. 


Басқа мемлекетте тіркеуде тұрған және шектеуі бар көліктерді уақытша тіркеу үшін оның иесі тіркеу тізіміне автокөліктің вин кодын енгізу өтінішімен және растайтын құжаттарымен әкімшілік полициясы басқармасының процессингтік орталығына жүгінуі қажет. Содан кейін ғана көлік құралының иесі электрондық портал арқылы  көлікті тіркеуге өтінім бере алады. Әкімшілік полициясы басқармасы басшысының айтуынша, автокөлікті тіркеуге өтінімі оң нәтиже алған соң «темір тұлпар» иесінің жеке кабинетінде мемлекеттік корпорация жанындағы тексеру пунктіне көлік құралын ұсыну қажеттігі – туралы хабарлама келеді екен. Мұнан соң тексеру нәтижелері оң болған кезде автокөлік иесі электрондық кезек бойынша мемлекеттік корпорация қызметкеріне автокөлікті тіркеу құжаттарын тапсыру үшін жолдайды. 

– 1270 электрондық өтінім бойынша оңтайлы шешім қабылданды, оның ішінде құрастырылған 375 көлік құралы тіркелді. Уақытша тіркеу үшін көлік құралының тіркеу куәлігінің көшірмесі және куәлігі,  1 қыркүйекке дейін әкелінгенін растайтын құжат болуы қажет, – деді Диас Айнақұлов.

Басқа мемлекетте тіркеуде тұрған және шектеуі бар көлік иелері үшін 5 жылға дейін уақытша тіркеу үлкен мүмкіндік. Облыстық әкімшілік полиция басқармасының басшысы жүргізушілердің 5 жылдың ішінде бекітілген алымды төлеп, көлігін заңдастыра алатынын алға тартты. 

Дастанбек САДЫҚ