ТАУ ТҰЛҒАНЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Уақыты: 24.08.2023
Оқылды: 782
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Бабаларын қалтқысыз қастерлей білген халық өскелең ұрпағының да болашағын қамдай алмақ»  дейді дана халқымыз. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, еліміздің мақтанышы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірден өткеніне 30 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті. Ғасырда бір туатын арда азаматты ұлықтауға Димекеңнің көзін көрген ардагерлер мен қала тұрғындары жиналды.


Шежірелі тарихымызда есімі алтын әріптермен жазылған алып тұлғаның игі істері мен ұлағатты еңбектерін әспеттеу біз үшін үлкен құрмет. Ел дамуы жолында жан алысып, жан беріскен азаматтардың бірі де бірегейі Дінмұхамед Қонаев еді. Ол халқы үшін аянбай тер төксе, елі де оны дәл солай ұлықтап, биікке көтеруде.
Шара барысында алғашқы болып Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл сөз сөйледі. Ол:
– Дінмұхамед Қонаев жарты ғасырға жуық ел тағдырына араласқан көреген саясаткер ретінде есте қалды. Дара тұлға билік еткен жылдардағы басты жетістіктердің бірі – ел экономикасының, әдебиеті мен мәдениетінің серпінді дамуы. Өзінің адами, өршіл болмысымен, терең білімімен ел басқарған азаматтан біз де үлгі аламыз, – дей келе ғибратты ғұмыр иесінің өткені жайлы пікірін сабақтады. 

Аталған шарада түрлі естелік айтылып, жылы лебіз төгілді. Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт пен «Д. Қонаев атындағы қордың» президенті Қадыржан Жексенбайұлы біртуар азаматтың қарапайымдығын, мәдениеттілігін, халыққа жасаған жақсылығын еске алып, оның рухани өміріміздегі асқақ жан екенін айшықтады. Өз кезегінде облыстық мәслихаттың төрағасы  Гүлнар Тойлыбаева шараның мәні мен мазмұнына тоқталып, дала данышпанының жарқын ізі туралы тебіренсе, айтыстың ақтаңгері Айтақын Бұлғақов тұлғаға арналған жырын оқыды. 

Айғаным АЙТМҰХАН