ЖҮГЕРІНІҢ ӘР СҰРЫБЫН ӨСІРГЕН

Уақыты: 24.08.2023
Оқылды: 799
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Үмітін ала жаздайғы еңбегінің нәтижесіне және  өндірген  өнімінің  өтімділігіне байлап отырған  Жаркент өңірі  диқандарының  қазіргі ниет, тілегі өсірген егінінің өнімін күн суытпай жинап, кептіріп  қамбаға кіргізіп алу.


Биыл құрғақшылық пен  жер  апшысын  қуырған  ауа райы,  мал  шаруашылығымен  қатар  егіншілерге  де  айтарлықтай  қиындықтар  әкелді. Алажаздай   жауын  суы  молынан түспеген  егістік  алқаптарын  диқандар  ағын  суды  үнемді  пайдаланып,  үстемелеп  суару  арқылы  сақтап  қалды. Жанкешті  еңбектің нәтижесінде  күннің  ыстығы  мен  ылғалды  жақсы  көретін  жүгері  мен  басқа  да  дақылдардың   бітік  бой  көтеруі  мен  пісіп-жетілуі  жылдағыдан  кемшін емес.

Биыл  жаркенттік  диқандар  жалпы  26708  гектардан  аса  жерге  «дала  аруының»   әртүрлі  сұрыбын өсірді. Қатардағы  тауарлы  жүгері  сорттарымен  бірге елдің  солтүстік,  шығыс  аймақтарын  жүгері  тұқымымен  қамтамасыз  ететін  өңірде  «дала  аруының»  элиталы  тұқым  түрлері  де  мол  егілді.  Өңір жүгерішілері  өздері  өсірген  дақылдың  ерте  пісіп-жетілетін  сұрыптарын  қыркүйек  айының  орта  шенінде  жаппай  орып,  жинауға  кіріседі. 

Қазір  аудан  шаруалары  санаулы  күннен  кейін  басталатын жүгері  жинау  науқанына   қызу  әзірленуде. Жүгерінің  3 ай  мерзімде пісіп-жетілетін сұрыптарының  алқабына орақ  сала  бастаған диқандар да  бар. Өңірде  жүгері  жинау  науқаны  техника  күшімен  атқарылады. Биылғы  науқандық  жұмысқа аудан  бойынша  жалпы  90-нан  аса  жүгері  оратын  комбайн, оның  35-і  алқаптан  дәнді  бірден  уатып  жинайтын әмбебап комбайн, 654  трактор,  мыңнан аса  тіркеме   әзірленген. Егіншілер биыл  да  бірқатар  жаңа  техника  сатып  алды.

Жаркент  өңірі  егіншілерінің  негізгі  тіршілігі  «дала  аруын» өсірумен  байланысты  болғанымен мұнда жергілікті халықты  азық-түлікпен  қамтамасыз  етуге қажет  басқа  да дақылдар аз  емес.  Айталық,  биыл  шаруалар  397 гектар  жерге  жаздық  бидай  өсіріп, оның  40 гектардан  астамы жиналды. Сол  сияқты 457  гектарға  арпа  өсіріп, оның  60 гектардан  астам  алқабының  өнімі қырмандарға  жеткізілді. Картоп, көкөніс, бақша, жеміс-жидектен  де  мол  өнім алынып, жергілікті  халыққа  сатылуда.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ