ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 24.08.2023
Оқылды: 838
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Вегетациялық кезеңде диқандар құрғақшылық пен егіс суының жетіспеушілігіне байланысты бірқатар қиындыққа тап болды. Бұл егістіктің жетілуіне кері әсерін тигізді. Осы орайда шаруа шығынын өтеу, субсидия төлеуді жеделдету, несие мерзімін ұзарту жұмыстары жүргізілуде.


Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Егін жинау науқаны, жемшөппен қамтамасыз ету, алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері де осы жиында қаралды.

Белгілі болғандай, биыл ел бойынша барлығы 2,4 млн. гектар алқап немесе 14,1% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналып, орташа түсім гектарына 11,5 центнерден айналған. Сөйтіп, 2,8 млн. тонна астық бастырылған. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жиналатын алқабы 24 млн. гектарды құрайды. 

Бүгінде 13,7 млн. гектар бидай, 2,8 млн. гектар майлы дақылдар, 188 мың гектар картоп, 165 мың гектар көкөніс жинауға дайын. Егіс науқаны сапалы тұқымдарды пайдалану арқылы оңтайлы мерзімде жүргізілген. Диқандар тыңайтқыштарды дер кезінде беріп, алқапты түрлі арамшөп пен ауруға қарсы химиялық өңдеуді уақытылы атқарған. Егін жинау науқанын уақытылы жүргізуге 426 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, шілде-тамыз айларында оның 28%-ы жөнелтілген. 

Әлихан Асханұлы: «Жеткілікті көлемде өнім жиналады. Қазақстандықтар нансыз қалмайды», – деді. Сондай-ақ, ол егінді уақытылы жинау елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі басым міндеттің бірі екенін атап өтті. 

Елдің электр стансыларында 10 энергетикалық блок, 49 қазандық, 54 турбинаны күрделі жөндеу көзделген. Бүгінде 4 энергетикалық блок, 24 қазандық және 15 турбина жөнделген. Сондай-ақ, 3 энергетикалық блок, 13 қазандық және 11 турбинада жөндеу жұмысы аяқталған.

Әлихан Асханұлы алдағы қысқа дайындық бойынша тыңдалған баяндамадан соң жылу беру маусымының басталуына 1 айдан аса уақыт қалғанын, оған дейін көмір өткізу пункттерін және сапасы мен бағасының негізділігін тексеруді тапсырды.