Бейбіт Исабаев  жұмыс сапарымен Ақсу ауданына барды

Уақыты: 28.09.2023
Оқылды: 698
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев  жұмыс сапарымен Ақсу ауданына барды. Тұрғындарды қабылдап, жеке мәселелерін тыңдады. Шешу жолдарын қарастырды. Облыс әкімінің қабылдауына жазылғандардың көбі мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй алуға өтініш білдіргендер.  

Баспана жылдамырақ салынып, баспаналы болсақ дейді.  Ауылдық жерлердегі үйлердің көбі ескірген. Аудан әкімі Берік Тынышбаевтың айтуынша, елді мекендердегі баспаналардың көбі 60-70-ші жылдары салынған. Апатты жағдайда тұрғандары көп. Баспаналары  ескірген жалғызбасты, көпбалалы аналардың өтініші тыңдалып, заң аясында көмек көрсету жайы назарға алынды. Әкімнің қабылдауына кіргендердің  біразы ауыл жарықтандырылса, жол салынса деген өтініштерін білдірді. 

Бұл орайда Ақсу – Жаңалық, Матай – Құрақсу, Арасан – Қапал жолдары  жөндеуден өтсе деген ұсыныс айтылды. Облыста біраз жол жасалғанымен сапасы сын көтермейтіндері бар. Мысалы, Қапал өңірінің халқы  гранит тас өндіретіндердің ауыр көліктері  жолды шұрық тесік қылып тастағандарына қынжылыс білдірді. Бұл орайда  аудан прокурорына тапсырма берілді. Жүк көліктерінің салмағы талаптан жоғары болса жүргізбеу немесе оларды салмағы жеңіл көліктермен алмастыру жөнінде талап қою керектігі айтылды. Сондай-ақ, «Журналистер, депутаттар, жүрген жерлеріңізде жолдың сапасына назар аудара жүріңіздер.  Мемлекет қаржысына салынған дүниелер көңілге қонымсыз болса, бізге айтыңыздар. Әйтпесе бір жылдан кейін шұрық тесік болып, қайта жөндеуге тура келеді. Қаржыны босқа шығындамауымыз керек» дегенді ескертті. 

Қоғамдық қабылдаудан кейін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Молықбай қобызшы атындағы  Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.  Ол халықпен кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында айтылған мәселелерді орындау барша жауапты маманның міндеті екеніне тоқталды.  Жолдауда   Мемлекет басшысы, ең алдымен елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын орнықтыру, адам құқығын қорғау шараларының қолға алынып жатқанын айтқан еді. Сонымен қатар, дамыған ел болу үшін саяси реформалармен шектеліп қалмай, жұмысты  әлеуметтік-экономикалық реформамен ұштастыру керектігін атап өткен.  

Облыстың бірінші басшысы жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарын нақты айқындаумен қатар реформалардың іске асуына негізінен атқарушы билік жауап беретінін ескертіп, шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысуын арттырудың  маңыздылығына  назар аударды.

– «Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына 2 жылдан асты. Енді пилоттық  жоба бойынша аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерінің сайлауы өткізілетін болады. Біздің облысымызда Сарқан, Кербұлақ аудандары әкімдерінің  сайлауы биыл қарашада өтеді. Халық өз таңдауын жасайды. Сондықтан, ауыл, аудан әкімдері,  тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істеп үйреніңдер. Елге жақын болыңдар, – деді ол.  

Баяндамашы Мемлекет басшысының IT және цифрландыру, су ресурстары, креативті индустрияны дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау жөнінде нақты міндеттер қойғандығын атап өтті. 

Бейбіт Исабаев облыс құрылғаннан бері аудан, қала халқымен 24 рет кездесу өткізді. Ақсу ауданы халқымен бүгін үшінші рет кездесті. 

Байқағанымыз, халық алғашқы кездегідей  ренішке, көңіл толмаушылық пен  ашуға бой алдырмады. Бәрі екіжақты түсіністікпен шешіліп отырды. Билік пен бұқараның арасында алтын көпір орнағаны байқалады. Басында тұрғындар билікке наразылығын білдіріп, мәселесінің шешілетініне күмәнмен қарайтын. Оған талай куә болдық. Осы жолы тұрғындар аудан көлеміндегі мәселелерді алдыға тартып, бірлесіп шешу жолдарын  ұсынды. 

Бұл орайда халықтың ашық пікір, тиімді ұсыныстар айтқанына облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы да ризашылығын білдірді.

«Аудандағы өзекті мәселелерді өздеріңіз көтеріп жүрсіздер. Сол мәселелерді шешу үшін экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, халықтың табысын арттыру, өмір сүру деңгейін, тұрмыс-жағдайын жақсарту үшін  барлық шараларды қабылдап келеміз. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының барлық салаларында өсім байқалады. Соның барлығы бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі. Оның ішінде мұғалімдер, дәрігерлер, ауылшаруашылық еңбеккерлері, жеке кәсіпкерлер де бар. Ниет болса атқарылмайтын шаруа жоқ», – деді ол өз сөзінде.  

Ақсу – ауылшаруашылығы бағытындағы аудан. Ауылшаруашылығы дақылдарының егіс көлемі  62,3 мың гектарды құрайды. Бүгінгі күні Ақсу ауданында бидай мен арпа толық жиналып, 44 мың тонна өнім алынды.  

Жиын барысында облыс әкімі тарапынан аудан атқамінерлеріне сын да айтылды.

«Аудан әкімдігіне картоп, көкөніс  қоймасын салуға тапсырма берілген. Мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Өткен кездесуімде аудан әкіміне қант қызылшасы бойынша егіс жоспарының орындалуын ерекше бақылауға алып, шаруашылықтарды тұқым, тыңайтқыш және техникамен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыру туралы тапсырма бергенмін. Облыста 8,5 мың гектарға қант қызылшасы егілді. Осыған сәйкес қант қызылшасы ауданда  1200 гектарға себілді. Алайда бұршақ және үсікке шалдығу салдарынан  біраз жерде өнім шықпай қалды. Тәтті түбірдің 967 гектары ғана өнім берді, – деді Бейбіт Өксікбайұлы. Болашақта осындай жағдайларды ескеріп, қант қызылшасының алқабын  арттыруды тапсырды.  

Жалпы облыста тәтті түбір өсіруші 55 шаруашылыққа көктемгі дала жұмыстарына күзгі өнім есебінен Көксу қант зауыты арқылы 210,5 млн. теңге бөлініп, оның 133,2 млн. теңгесіне жоғары сапалы тұқым таратылды. Қалған 77,3 млн. теңгесі  гектарына 100 мың теңгеден қаржылай қолдау үшін берілді. Оған дизель отыны, минералды тыңайтқыштар алынды. Мамандардың айтуынша, осындай қолдауларға қарамастан шаруашылықтар минералды тыңайтқыштың қажетті көлемінің 32 пайызын ғана қолданған. Бұл жағдай Ақсу ауданында да кездескен. 

Ауданның суару желілерін қайта жаңарту жобасының құрылысы Ислам Даму Банкі қаражаты есебінен 2019 жылы басталып, 2021 жылы аяқтау жоспарланған. Алайда, межеленген жұмыстардың бүгінгі күнге 60% ғана орындалды. Ал  мердігер «Тамас» ЖШС нысанды аяқтау мерзімін жыл сайын ауыстырып, қазіргі уақытта жұмысын біржолата тоқтатты. Бұл мәселе жөнінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев: «Тапсырыс беруші «ҚазСуШар» мен мердігер арасында түсініспеушілік туындап отыр. Бұл мәселені шешу үшін біз өз тарапымыздан жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігіне нақты ұсыныстар енгізетін боламыз», – деп халыққа мәселенің мәнісін түсіндірді. 

Дақыл өсіру үшін суару жүйесі дұрыс болу керек.  Бұл орайда көптеген арық жүйелері ұзақ уақыт  жаңартылмаған. Шаруалардың да ренішін тудыратын осы мәселе. Су – өмір нәрі.  Жер қанша құнарлы болғанымен өнім уақытында су ішпесе бой алмайтыны белгілі. Сондықтан ауданда суару мәселесі біраз жылдан бері бас ауруы болып келе жатыр. 

Қызылағаш суару массивінің құрылысына  биыл республикалық бюджеттен 1,4 млрд. теңге қаражат бөлінген.  Жобаға сәйкес ұзындығы 100 шақырымды құрайтын жаңа суару желілерін салу көзделген. Бүгінгі күнге мердігер «Алматыинжстрой» акционерлік қоғамы 23 шақырымын қазып, 13-іне полиэтилен құбырын төседі. Жалпы бұл жоба 2025 жылға дейін іске асырылмақ. Нәтижесінде 5,3 мың гектар жаңа суармалы жер ауданда айналымға енгізіледі.

Мал шаруашылығы бойынша сауылған сүт 1,2%-ға төмендеген. Аудандағы «Агрохолдинг Ақсу» ЖШС-нің сүт фермасының жұмысы дұрыс ұйымдастырылмағандықтан осындай жағдай орын алған.  Облыс басшысы жергілікті әкімдерге төрт түлікті  көктемге шығынсыз жеткізуді бақылауда ұстауды тапсырды. Ауданның ветеринариялық қызметін жақсарту мақсатында 2023 жылы 520,7 млн. теңге қарастырылған. Осы жылдың қазан-қараша айларында Арасан, Ақсу,  Сырттанов ауылдық округтерінде кұны  35,8 млн. теңгеге модульдік ветеринариялық пункттер қолданысқа беріледі және пункттер  2 бірлік автокөлікпен және  10 компьютер жиынтығымен қамтамасыз етілген. Бұл ветеринария қызметіне бұрын-соңды жасалмаған жағдай. Осындай қолдауларға қарамастан Ақсу ауданында құтыру, пастереллез,  листериоз аурулары тіркеліп, мал шығыны орын алған. Облыс басшысы мұндай жағдайларды  болдырмау үшін  малдың күтімін тұрақты бақылауда ұстауды  тапсырды. 

Ауданда жер мәселесіне байланысты дау жиі туындайды. Жер дауы таусылмайтын мәселе. Ақсуда өткен жылы 219,4 мың гектар пайдаланбай жатқан жер анықталған. Оның 66 мың гектарында шаруашылықтардың мал бастары бірдейлендіру базасына тіркелгендігі анықталып, қайтадан айналымға енгізілді. Сондай-ақ, 113,2 мың гектар бойынша жер иелеріне  заңбұзушылықтарды жоюға бір жылға нұсқама берілді.  

Бұл орайда Бейбіт Өксікбайұлы:

«Өткен жылғы сіздермен кездесуде 31,1 мың гектар жерді пайдаланбай отырған 8 ірі шаруашылықтың жерін қайтаруға тапсырма бергенмін. Бүгінде үш ірі шаруашылықтың 24,3 мың гектар  жері  мемлекет меншігіне қайтарылды. Мысалы, «Байсерке Агро» ЖШС  15 мың гектар, «Күреңбел» ЖШС 7,7 мың гектар, «Атабаева» ШҚ 1,6 мың гектар  жерін мемлекет меншігіне өткізді», – деді. 

Ауданда жайылымдардың басқару жоспары бекітілді, мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің 37,4 мың гектары конкурс арқылы шаруа қожалықтарына берілді. Жалпы жыл басынан бері екі конкурс өткізіліп, 57 мың гектар жер  шаруашылықтарға табысталды.

Дегенмен жайылымдық жерге әлі де тапшылық бар. Сондықтан Бейбіт Өксікбайұлы аудан әкімдігіне жайылымдыққа тапшылығы бар елді мекендердің аумағына тағы да талдау жасап, қайтаруға жататын жерлерді иеліктен шығарып,  қажеттілігі жоғары ауылдарға бөліп беру жұмыстарын ұйымдастыру қажет екенін айтты. 

8 айда ауданның өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,5 пайызға  ұлғайып, 2,4 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан ауданға 6,4 млрд. теңге инвестиция тартылған. 

– Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Биыл ауданда барлық қаржыландыру көздері есебінен  10,2 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджет есебінен 30 тұрғын үйді сатып алу жоспарлануда. Келер жылы 100 үйдің құрылысы аяқталады. Нәтижесінде келесі жылы кезекте тұрғандардың саны  190 адамға немесе 22%-ға азаяды. Әлібек Жақанбаев, құрылыс басқармасының басшысы, аудан әкімдігімен бірлесіп аталған  үйлердің құрылысына бақылауды күшейтіп,  уақытылы тапсырылуын қамтамасыз етуді және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тұрғын үймен қамту жұмысын жандандыруды тапсырамын, – деді аймақ басшысы. 

Жиында жетістікпен қатар кемшілік те сөз болды. Шешу жолдары қарастырылды. Ниет пен бірлік болса кез келген мәселенің шешімін табатыны қадай айтылды.

Гүлжан Тұрсын
Суреттерді түсірген Жеңіс Ысқабай