АЛТЫНДЫ "АТЫП" АЛЫП ЖАТЫРМЫЗ!

Уақыты: 28.09.2023
Оқылды: 687
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

...Ханжоуда өтіп жатқан Азия Ойындарында Қытай спортшылары 70-ші алтын медаль алғанда біз… бірінші алтынға қол жеткіздік-ау! Тәуба!  Бұл өзімізді сынау емес,осыған шүкірлік жасау.  Азия аймағында Қытай спортының шаужайына жабысатын ешкім жоқ.  Әлемдегі мықты деген Жапония,Оңтүстік Корея құрама командаларының өзі Қытайдан 50-55 медальға қалып келеді.  Бір сөзбен,бұл Азия Ойындарына келген құрама командалар командалық есепте тек екінші орыннан бастап таласуға келгені құпия емес.  Сондықтан, бар мәселе кімнің  қалған алтын жүлделерді қалай бөлуінде қалған еді.  Жарыстың ресми ашылуынан кейінгі төртінші күн дегенде алғашқы алтын қоржынымызға түсті.  Оны қыздар арасындағы стенд атудың скит жаттығуынан командалас үш қыз — Зоя Кравченко,Әсем Орынбай,Ольга Панарина — «атып» алды!  Қыздарымыз спорттың бұл түрінен аттары шығып қалған спортшылар.  Шымкентте туған Зоя Кравченко халықаралық дәрежедегі спорт шебері,Азияның екі дүркін чемпионы,кеше ғана өткен Токиодағы жазғы Олимпиадаға қатысушы.  Зоя Панарина болса,Ресейдің Новосибирінде туған,Азияның қола жүлдегері,әлем Кубогын жеңіп алған,спорт шебері.  Біздің Әсем Орынбай  бұрынғы Алматы облысының тумасы,халықаралық дәрежедегі спорт шебері,әлем чемпионатының қола жүлдегері,әлем Кубогының екі дүркін жеңімпазы,Токио Олимпиадасына қатысушы.  
 
ЕГІЗДІҢ  СЫҢАРЫ ЕЛІНЕ ҚУАНЫШ  СИЛАДЫ!
 
...Маған Әсемнің жарыс кезінде,жарыстан кейінгі сабырлы мінезі қатты ұнады.  Әңгімелесудің ыңғайы келмеді.  Кешкісін Ханжоудағы қазақстандық журналистермен болған сұхбаттасуға да Әсем келмеді.  Ертеңіне жауапты жарысы бар болатын.  Тәуекел деп Алматыға,анасына телефон қақтым.  Әсемнің анасы қарапайым жан екен,сұрақтарымның бірде біреуін жауапсыз қалдырған жоқ.  
   — Сәлематсыз ба?  Чемпионның анасымен танысып қойсақ…
   — Әлия Ақайдарқызымын. Тегім Метербаева
   — Әлия,айналайын,Ханжоуда жүрген бүкіл журналистердің атынан сіздерді құттықтаймыз!  Әсемнің қос құрбысымен «атып» алған бұл алтыны алтыннан да бағалы: бұл — Қазақстан құрамасының бұл Ойындардағы алғашқы алтын жүлдесі ғой,рахмет қыздарымызға,рахмет мамасына! 
   — Сіздерге де рахмет!
   — Мамасы,Әсем қалай өсті? 
   — Өзгелерден бөлек болған жоқ. Бар бала жас кезінде ойын мен тамақты ғана біледі ғой…
   — Дегенмен,Әсем қыз балалар секілді қуыршақпен көп ойнады ма,жоқ…
   — Ия,ол қуыршақпен ойнаған жоқ.  Әсемнің өзі егіздің сыңары. Оның сыңары ер бала,аты — Әсет. Әсем есін біле бастағаннан өзінің сыңары Әсеттің мәшинесіне таласып,ұл балаша ойнайтын.  Кейін «Маған пистолет әкеліп бер» дейтінді шығарды. Күлдік те қойдық.  Содан сегізінші сыныпқа келгенде ғой деймін,өзі мылтық ату үйірмесіне жазылып келіпті.  Содан бастап мерген қызымыз…
   — Әсем мен Әсеттен басқа бала бар ма отбасында?
   — Ия,екуінің Әуелбек деген ағасы бар.  Менің өзім Қостанайдың қызымын,әкесі Талдықорған облысының тумасы. Әсем екі ағаның соңындағы ерке қыз секілді.  Бірақ түк еркелігі жақ,салмақты,ақылды қыз.  
   — Қуанышты хабарды қашан,кімнен естідіңіздер?
   — Мен Әсемдердің жарысқа бүгін шығатынын білгенмін.  Бірақ оның жарыс жолында қиналып тұрғанын көруге жүрегім шыдамайды.  Жұмысыма кетіп қалғанмын.  Өзім мектепте ағылшын тілінен сабақ беремін. Бір кезде үйден келінім хабарласып,сүйінші сұрады. Қуаныштан көзімнен жас ыршып кетті.  Ұзамай Әсемнің жекелей сында қола жүлде алғанын естіп,тағы қуандық. 
   — Мамасы,Әсемнің ерекше қасиеттерін айтыңызшы?
   — Ең бастысы,Әсем өте қарапайым.  Бұған дейінгі тарихын білетін боларсыздар,ешқашан мен атақты спортшы екенмін деп кеуде көтерген емес.  Аса еңбекқор.  Жаттығуға берілген уақыттың бәрін өткізіп келген соң тағы жаттығады.  Соның арқасы болар Әсем Қазақстанның рекордын жаңартты,әлем Кубогын екі рет жеңіп алды.  Өзі өте бауырмал.  Екі ағасын көзінен таса етпей,солардың жағдайларын ойлап жүреді.  Әділ қыз,өтіріке жаны қас,бір сөзбен,біздің отбасының шамшырағы!

...Анасының егіле айтқан әңгімесін біз жылы жүрекпен қабылдадық.  Қай кезде де ерлікке,жеңіс атаулыға отбасында мейірімді болған жандар жететіні бесенеден белгілі.  Еліне қуаныш силап үлгерген егіздің сыңары Әсем Орынбайға ағалық ниетпен бақыт тілеп отырмыз осы сәт.
 
ҚАЗАҚСТАН ДЕСЕ…
 
...Қазақстан десе көз алдымызға көптеген ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмірі келіп жататыны рас.  Мұны өзгелер де мойындап үлгергендей.  Сәрсенбінің кешінде Қазақстан спорт журналистері орналасқан қонақ үйіндегі Баспасөз Орталығына кездесуге келген Азия Ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері тура осылай бағалауға лайық еді.  Бізбен кездесуге қарындасымыз бен бауырымыз Аян Тұрсын мен Шархан Нұрлыхан,украин қызы Зоя Кравченко.кәріс нәзігі Александра Ле,орыс қызы Ольга Панарина келіпті.  Аянның ерлігі Қытайдың төл өнері Ушудан жүлдегер болуы,Шархан алып жігіт,сол алыптығына сай өзінің бапкер тапсырмасынан сәл сыртқа шығамын деп,бас жүлде үшін  ұтылғанын мойындап берді,ал,Александраның нәзіктігі сондай,әлгі ату мылтығын өзі көтеріп тұғанына күмәнданғандайсың.   Зоя мен Ольга,оларға қоса, біздің Әсем осы Ойындардағы Қытай спортшыларына ту сыртын көрсеткен саусақпен санарлық қана спортшылардың бірегейі!

Әдетте алтын алғандардың әңгімесі тәті ғой.  Зояның: «Қытайың ауа-райы,басқа бермесін,құбылмалы да қиын-ақ қой,үнемі күн бусанады да тұрады.  Тер өз-өзінен тамшылағанда,бір сәрт киімдерің мылтығыңнан ауыр боп кетеді.  Шыдайсың.  Басқа амал жоқ. Тер жуған жүзіңді алақаныңмен бір сыпырасың да қарауылға қарайсың...» дегенінде үш қыздың ерлігінің суреті жатқандай.  Ольганың тарихы тіптен қызық.  Ол бүгінде 53 жаста.  Соған қарамай,Әсем мен Зояның қарқынына қарқын қосып,олардың еңбектерін зая кетірмегені қандай тамаша.  Үш қыз Азия Ойындарында жеңіске жетіп қана қойған жоқ,Азия Ойындарының рекордын да жаңартты!  

...Мен Ольгаға сұрақ қойдым: «Ольга,сіз екуміз осы жүргендердің ішіндегі ең тәжрибелісіміз.  Сіз — спорттағы,мен спорт журнаалистикасындағы.  Мен өз мүмкіндігімді білемін,ал,өзің айтшы: ату өнерінде қанша жасқа дейін қала беруге болады?»
— Өзіңді жақсы сезініп,қол-аяғың дірілдемесе,көзің бұлдырамай көретін болса,ата беруге ештеменің кедергісі жоқ.  Қателеспесем,61 жасар кувейттік мерген Олимпиада чемпионы болды-ау деймін. Сол оқиға бәріне жауап емес пе?!
   Рас. Оны мен де білетінмін.  Ольганы сылтау қып өзіме жауап беріп жатырмын.  Ғұмыр бойы қатысқан спорт жарыстарынан 70-80 жастағы журналистердің қалмай жүргенін қаншама рет көрдім.  Неге қазақ спорт журналистикасының өкілі сол рекордтарды қайталамасқа!  Әрине,Құдай қолдап,Алла амандығын берер болса! Ия,Жаратушым,жар бола көр!

P.S.... Ханжоудағы Қазақстан спортшылары алтын медальды шетінен "атып" алып жатыр. Жаңа ған Ирназарова Зухра мен Ещенко Эдуард/Орынбай Әсем жұбы бір-бірден алтын жүлде алды. Біздің Әсеміміз Азия Ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанды. Тамаша жеңістер!
бере сал.

Несіп Жүнісбай