Тоқаев Бишімбаев ісі бойынша Ішкі істер министрлігіне арнайы тапсырма берді

Уақыты: 15.11.2023
Оқылды: 666
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

2023 15 қараша күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңес өткізді. Кездесу барысында президент әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұған қоса Ішкі істер министрлігіне елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

"Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел", – деді президент.

Мемлекет басшысы заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге ерекше назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.

2023 жылғы 9 қараша күні кешкілік БАҚ-тарда Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деп күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады. Қайғылы жағдай астанадағы Bau мейрамханасында болған. 

10 қараша күні ҚР ІІМ экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен қамауға алынғанын растады.

11 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қ.Бишімбаевты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

"BAU" мейрамханасындағы әйел өлімі фактісін тергеу аясында "Гастро-центр" директорына қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.

Марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары Астана полиция департаменті бастығының тікелей қабылдауына кірді.

Сурет: akorda.kz