Жетісу облысында жастарды өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жоспарлануда

Уақыты: 05.02.2024
Оқылды: 506
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

1 наурыздан бастап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың  және Астананың өңірлік кадр резервтеріне іріктеу басталады.

Жобаның негізгі  мақсаты – жас басқарушы тұлғаларды қалыптастыру және өңірлерді дамытуға таланттарды тарту. Осындай ақпаратпен Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында БАҚ өкілдерімен кездесуде облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Қобылан Манап бөлісті.

Іріктеуге жоғары білімі және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар, 35 жастан аспаған еліміздің азаматтары қатыса алады.  

«Әрбір өңірлік резерв бойынша нақты салалық бағыттар мен резервшілердің саны облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтары ескеріле отырып, өңірлік кадр комиссияларымен айқындалатын болады. Іріктеу 7 бағыт бойынша, атап  айтсақ, индустрия және өнеркәсіп, экономика, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру, экология салаларында жүзеге асырылмақ», - деді Қобылан Тоқбергенұлы.

Айта кетейік, қатысуға өтінімдерді қабылдау биылғы жылдың 1-31 наурызы аралығында onir.pkrezerv.gov.kz сайтында қолжетімді болады. 

«Жоғарыда аталған 7 бағыт бойынша облысқа мамандарды тарту алдағы уақытта жалғасын табады деген үміттеміз. Білімді, еңбекқор және жасампаз азаматтарды өңірлік кадр резервтеріне іріктеуге қатысуға шақырамыз», - деді Әсет Серікұлы.

Әрбір кезеңнің нәтижелері комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда және кандидаттардың жеке кабинеттерінде, жобаның сайтында орналастырылады. Өңірлік резервте болу мерзімі 2 жыл.