Елімізде ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесі өзгеруі мүмкін

Уақыты: 09.02.2024
Оқылды: 372
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстанда ең төменгі жалақы жаңа әдіс-тәсілмен есептелуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев мәлім етті.


«Егер жұмыс берушілер жалақыны 7-10%-ға көтереміз десе, бұл шын мәнінде индекстеу, ол айлықты көтеру деген сөз емес. Кәсіподақтар федерациясы индекстеуді заңнамалық тұрғыдан реттеуді талап етеді. Бұл әлемдік тәжірибе. Екіншіден, ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесінің болуын біз талап еткенбіз. Бізде ең төменгі жалақы ұзақ уақыт бойы 24 мың теңге, 2020 жылдан бастап 42 мың теңге, содан кейін 60 мың теңге болды»,- деді Мұхтар Тінікеев еңбек құқығы мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында.

Спикердің мәлімдеуінше, елімізде ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесі болған жоқ.

 

«Халықаралық еңбек ұйымы мақұлдаған индекс бар. Мысалы, Үкімет Қазақстанда орташа жалақы 300 мың теңге деп мәлімдесе, онда ең төменгі жалақы осы соманың 50%-ы болуы тиіс. Осы орайда біздің өтінішімізден кейін Үкімет ең төменгі жалақы әдістемесін есептеумен айналысатын Дүниежүзілік банкті шақырды. Менің ойымша, қазір бұл жұмыс аяқталуға жақын және жақын арада Үкімет жаңа әдісті қоғамға ұсынады», - деп толықтырды. М. Тінікеев.

Бүгін Астанада «Еңбек құқығының өзекті мәселелері. Еңбек құқықтары және оларды қорғау: заң және практика» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға Парламент депутаттары, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

KAZINFORM

Фото: Халық үні