МӨЛДІР ӨНЕР БИІГІНДЕ

Уақыты: 29.03.2024
Оқылды: 315
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Канадалық театр және кинорежиссері Робер Лепаж: «Адам... театрға адамгершілігін сақтап қалу үшін барады», – депті. Олай болғанда ұлттың ұлт болып қалуына, көрермен санасына сілкініс, жүрегіне сезім ұялатып, баға жетпес рухани азық сыйлауына асыл өнердің тигізер әсері мол. Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының әртістері Халық-  аралық театр күнін ерекше атап өтті.


Шара шымылдығын мекеме жастары поэзиямен түрді. Жырмен жан жадыратып, артынша хормен «Құстар әнін» әуелетті. Жиылған көрерменге осылайша көктемдік көңіл-күй сыйлады.

Айтулы күн аясында көпшілік театрға еңбегі сіңген, өнер деп өмірден өткен әртістер мен драматург, режиссерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алып, олардың рухына айрықша қошемет білдірді.

 Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев барша өнер өкілдерін Халықаралық театр күнімен құттықтап, риясыз алғысын жеткізді. Сонымен қатар облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың құттықтау хатын театр ұжымына табыстады.

– Құдай бұйырса келер жылы осы Бикен Римова театрына 50 жыл толады. Елу жылында академиялық деген атақты алса деген тілегім бар. Сол өнер ордасының ширек ғасырлық ғұмырын дүркіретіп тойлауға ниеттіміз. Тарихы бай бұл театрда көптеген қойылым қойылып, көрермендердің көңілінен шығып келеді. Халықтың көңілін көтеріп, жылататын кезде жылатып, жұбататын кезде жұбатып осы елмен бірге жасауда. Театрымыз түрлі дәрежедегі марапаттарға, жүлделерге де сан рет ие болды да, ие бола беретініне де сенеміз. Мұндағы әртістеріміз кәсіби шеберлігін үнемі арттыру үстінде, театрда жастардың да саны артып, осы өнер ошағында өмір сүріп жатыр, –  деді Марлен Көлбаев.

Салтанатты жиында Салтанат Асқамбаева, Рауан Әбдуәли, Аслан Жапарқұлов, Арнат Қазыкен, Улдар Ақтураева сынды өнер ұжымының өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, Болат Смағұлов  «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталса, Еркебұлан Айдымбаев  «Дара» медалін төсіне тақты.

– Бикен апа театрында алдағы айда үш премьералық қойылым сахналанбақ. Әртістер қазір тұсаукесерге қызу дайындық үстінде, – дейді Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының көркемдік жетекшісі Данияр Базарқұлов. Ол театр ұжымы халықпен тығыз байланыста болуды қалайтынын айтады. Сол себепті алдағы уақытта қойылымдардан бөлек әртістердің талантын паш етіп, концерттік бағдарламаларды ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, Талдықорған драма театрына соңғы 2 жылда 20-дан астам жас актер жұмысқа тұрған. Жаңа буынмен әртүрлі жанрдағы спектакльдер қойылып, театрға деген көрерменнің де көзқарасы өзгере бастағаны байқалады.

Мерекелік кеште театр және Д. Рақышев атындағы филармониясының әртістері жырдан шашу шашып, Жетісу аспанын әнге бөледі.

Медет ЖҰМАБАЙ