Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ төрағалығымен өткен бұл жолғы жиында былтырғы жылыту маусымының қорытындысы талқыланып, алдағы қысқа дайындық барысы пысықталды. Мәжіліске облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық деңгейдегі басқарма, департамент басшылары, мәслихат хатшылары, аудан, қала әкімдері, салаға жауапты тұлғалар мен «Нұр Отан» партиясы филиалының, кәсіподақ ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.
Амандық Ғаббасұлы алдымен күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелермен таныстырып, келесі сөзді орынбасары Ғалымжан Әбдірайымовқа берді. Ғалымжан Райылұлы өңір бойынша жылыту маусымының қалай өткендігін баяндап, алдағы міндеттерге шолу жасады. Онда мәлім болғандай, былтырғы және биылғы қысты қалыпты өткізу үшін Үкімет тарапынан қарастырылған қомақты қаражат мақсатты жұмсалып, бюджеттік ұйымдардың жылыту жүйелері жөнделген, сондай-ақ, қажетті құрылғылар мен отын сатып алынған. Айта кетейік, былтыр жылумен қамтамасыз ету бойынша он төрт жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен 3,0 млрд. теңге бөлініп, осы жобалардың алтауы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы шеңберінде бюджеттік несиелеу тетігі арқылы қаржыландырылған.
Ал «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында Текелі моноқаласының «Достық» және «Алатау» шағынаудандарында жылу желісін қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, былтыр облыста электр қуатын тұтыну көлемі 3,75 млрд. кВт құраған, оның ішінде өндірілгені 2,2 млрд. кВт, сыртқы көздерден сатып алынғаны 1,5 млрд. кВт. Қыс мезгілінде электр қуатын ең көп тұтыну деңгейі 466 МВт-қа жетіп, оның 344 МВт-ы меншікті көздерден генерациялау арқылы, 122 МВт-ы облыстан тыс жерлерден сатып алынған. Сонымен бірге электр қуатымен қамтамасыз етуді дамытуға 2,04 млрд. теңге қаржы бөлініп, 41 жоба іске асырылған, ал оның 11-і алдыңғы жылдан ауысыпты. Түрлі кернеулі 3115 трасформаторлық қосалқы станциялар мен 13,8 мың шақырымға жуық электр желісі салынып, жөндеу жүргізілген.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында 241,3 млн. теңгеге 13 тұрғын үй жөнделіп, 6-уы қайтарымды қаражат есебінен іске асқан. Талдықорған қаласында үш автоматтандырылған жылыту пункті орнатылып, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландыру шеңберінде 347 жылу қуатын есептейтін құрылғы қойылған. Сондай-ақ, 116 сумен жабдықтау және су бұру нысандарының құрылысы мен қайта жаңғыртуға 12,5 млрд. теңге бөлініп, 704,6 шақырым су құбыры салынып, қайта жаңартылған. Бірінші және екінші көтерімдегі 63 сорғы стациялары, 118 жаңа су қоймасы, 64 су мұнарасы мен 30 хлор-сатуратор салынып, 68 жаңа ұңғыма бұрғыланған. Орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі 80,8 пайызды құрайды десек, 98 елді мекенге табиғи газ жеткізілген.
Алдағы қысты ойдағыдай өткізу үшін облыс бюджетінен қарастырылып отырған қаражат көзі де аз емес. Дайындық іс-шараларын жүргізу кезінде қазандықтар мен жылу трассалары, бірнеше шақырым су құбырлары, кәріз жүйелері, электр желілері жөнделмек. Барлығы 2924 көпқабатты тұрғын үй мен 2187 бюджеттік сала нысандарын дайындау жоспарлануда, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала нысандары да бар. «Нұрлы Жол» бағдарламасы шеңберінде Қапшағай қаласы Заречный ауылында жылу желісі мен орталық қазандықтың құрылысын, Талдықорғандағы «Мүшелтой» шағынауданындағы жылу желісін қайта құрылымдауды аяқтап, №4 қазандықты қайта құрылымдау жұмысын бастау жоспарлануда. Елді мекендерді газдандыру, сумен қамту, су бұру нысандарын қайта жаңғырту сияқты басқа да жұмыстар өз ретімен жалғаспақ.
Сондай-ақ, жиында осы салаға қатысты бірқатар кемшіліктер тізбектелді. Атап айтқанда, аудан, қала әкімдіктері тарапынан тұтынылған коммуналдық қызметтер үшін төленетін қаражатты жинау, жөндеуден өткен көпқабатты тұрғын үй иелерінен қаржыны қайтару ісінің өз деңгейінде жүргізілмей жатқаны, бюджеттік бағдарлама әкімшілері бюджеттік нысандардың жылу жүйесін орталықтандыру және неғұрлым арзан отын түріне көшу іс-шараларының толық орындалмағаны мәлім болды.
Бұдан соң жылыту маусымына қатысты Талдықорған және Қапшағай қаласының әкімдері Бағдат Қарасаев пен Сәтжан Қиқымов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев хабарлама жасап, өз ойларымен бөлісті.
Келесі кезекте Амандық Ғаббасұлы жалпы жылу беру маусымының ойдағыдай өткенін айтып, ой қорытты. Сөйтіп, жауапты тұлғаларға түрлі міндет жүктеп, бұл бағыттағы істі мейлінше жандандыру қажеттігін қадап тапсырды. Осыған байланысты проблемалар болып жатса оны дер кезінде қолға алып, тиісінше жұмыс жүргізу қажеттігін еске салды. Облыс басшысы бұдан соң жылу маусымын табысты аяқтап, энергетика саласының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты құттықтап, оларды облыс әкімдігінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және түрлі дәрежедегі дипломдармен марапаттады. Сондай-ақ, Кербұлақ, Райымбек, Талғар аудандарына арнайы техника кілті табыс етілді.
Айгүл Байбосынова