Қаламгерлікті мақсат еткен студент қауымның ыстық ұясы 5-ші жатақхана. Бір бөлмеде үш жігіт тұрады. Шетінен «сен тұр, мен атайын» деген сөз шеберлері. Әрқайсысы еліміздің әр бұрышынан келген сайдың тасындай бозбалалар. Солардың арасындағы мінезі ауыр, тау қозғалса қозғалмайтын ұстамды, қасындағылардың әзіл-қалжыңына жымиып қана күліп, әңгімені өз болмысымен толықтырып қана отыратын Серік Сатыбалдиев.
Серіктің үйі Алматының маңындағы Жамбыл ауданынан. Бейбіт – Торғайдан. Бауыржан – Шымкенттен. Сенбі күні Серік қара шаңырақтағы ата-анасына баруға жинала бастайды. Сондайда әзілқой Бейбіт: «Степа, сен шын доссың! Жүрегің жұмсақ. Қасыңдағы адамдардың қиналғанына қарап тұра алмайтын азаматтығыңа бұрыннан тәнтімін. Осы қасиетіңмен басқадан биіксің!» дейді. Сонда аңғал Серік: – Неге? – деп сұрақ қояды. Бейбіт аяқ астынан мүсәпір кейіпке еніп: – Біздің аштан өлгенімізді көргің келмей ауылыңа аттанып барасың ғой. Аман бол, бауырым, – деп бөлмеде тіске басар ештеңенің қалмағанынан сыр береді. Сонда Секең ойланбастан: – Жүріңдер!– деп жігіттерді «комбинат питанияға» қарай бастай жөнеледі. Бөлмелес достары сарт мәзірет жасап: «Ақшаңды жолыңа жұмсасаңшы, өзің де ауылға жете алмай қаласың ғой», десе де сөздің сүйектен өткеніне шыдамай, аш құрсақ группаластарын тамақтандырып, достық міндетін атқарып барып, Шиендегі ата-анасына аттанады. Міне, сол кеңпейіл, аңқылдақ жігіт Серік бүгін ердің жасы елуге келді. Сол қалпынан өзгерген жоқ. Сол баяғы бар болса тасымайтын, жоқ болса жасымайтын сырбаз қалпы.
Қазақтың тәрбиесі екі ұғымды ұстанады. Ұят болмасын мен обал болмасын. Зиялылықтың бастауы да ардан аттамаудан тұрады. Ендеше, қаламгерге азаматтық қасиет атаның қаны, ананың сүтімен дарыған. Әкесі – Әшімбек Сатыбалдыұлы мектепте қырық жылға жуық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Анасы – Зәмзәгүл Әріпбайқызы отыз жыл бастауыш сынып мұғалімі болған. Ұлағаттың басында тұрар қос ұстаздан бес бала өрбіген. Ауылдастарының айтуынша, ерлі-зайыптылардың жарастығы көпке үлгі. Бүгінде 90 деген асқаралы жасты еңсерген Әшімбек ата жарын «Зәке», «Зәкентай», «Біздің үйдің министрі» деп мақтап, мадақтап отырады. Отбасындағы тәрбие Серіктің өмірлік жолын таңдауына, салиқалы ізбен жүруіне негіз салды. Мінезі жұмсақ болса да, алған бағытынан айнымайтын қайсарлықты серік етті. Журналистикада шар болаттай шыңдалды. Қаламға берген сертінен айнымады. Ақырын жүріп, анық басты, сабазың. Бүгінде ел-жұртқа танымал қаламгер. Өңірдегі аға басылым «Жетісу» газетінің Жамбыл ауданындағы меншікті тілшісі. Ақпаратты газетке қысқа, бірақ нұсқа береді. Тапсырманы лезде тастай қылып орындайды.
... Әр аптаның сейсенбісінде газет журналистері лездеме өткізеді. Онда өткен аптада жарық көрген мақалалардың жазылуы, мәні-мағынасы талданады. «Жетісу» газетінің ұстанымы – ұлттық рухымызды көтеретін мақалаларды үзбей шығарып тұру. Айтары бар ақылман қариялардың жазғанын жүйелеп беріп отыру. Мәңгілік Елдің тарихын саралай отырып, батыр, жаужүрек, көреген елдің ұрпағы екенімізді ұл-қыздың санасына сіңіру. Бүгінгі жетістіктеріміз, ұл-қыздарымыздың өнегелі ісін басылым бетінен түсірмеу. Осылайша, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына газет арқылы әсер ету. Бүгінгі лездеме де қызу ой-таластан басталды. Жиынды өткізіп отырған бас редактор Әміре Әрін өткен сандағы жарық көрген мағыналы дүниелер мен алдағы уақытқа жоспарланған сүбелі мақалалар жайында ойын білдірді. Ел мен билік арасына алтын көпір орнатқан мақалаларды жеке-жеке атап өтті. Газетке аудандардағы қоғамдық тілшілерді тарту, сүйтіп, жаңалықты барлық өңірден үзбей беріп отыру жайлы тілшілер мен жауапты хатшыға күн тәртібінен түспеуі тиіс міндеттер жүктеді.
Кезек кезекші редактор Еңлік Кенебаеваға тиді. ...Екінші беттегі «Ертегілер елінде» деген Серік ағаның мақаласына ерекше тоқталғым келеді. Шағын мақалада үлкен ой жатыр. Оймақтай мақалаға келелі мәселені сыйдырған. Әр сөйлемі тиянақты ойды білдіреді. Жалпы жамбылдық меншікті тілшіміздің жазған дүниесі жып-жинақы, артық сөз жоқ. Редакциялап қиналмаймыз. Үтір, нүктесіне дейін орын-орнында. Тақырыпты да жақсы ашады. Ол кісінің мақаласын «түртпей» шығара береміз»,– деген көптің көңіліндегі ойды дөп басқан пікір айтты. – Шынымен де Серіктің мақаласын бір деммен оқып шығамыз,– деп келесі журналист те орынды айтылған қолпашты қоштай жөнелді.
Меншікті тілшілерге келесі санға тез арада белгілі бір тақырыпқа мақала дайындау тапсырылып жатады. Бұл орайда Секең қамшы шалдырмас жорға. Оның атына ешуақытта сын айтылып көрген жоқ. Журналистиканың қара қазанында әбден қайнаған. Жауапкершілік жүгін терең түсінеді.
Серік «Жетісуға» о баста-ақ кіндігімен байланған. Университетті аяқтайтын жылы әркім қалаған облысқа баруы үшін сол жақтағы бір мекемеден «осы маман бізге керек» деген тілдей қағаз әкелуі тиіс еді.
Серік ойланбастан «Жетісу» газетінің сол кездегі редакторы Баймолда Мусиннің есігін қағады. Баймолда аға жас жігітті жылы жүзбен қарсы алады. Өзінің бірден аты дардай облыстық газеттен жұмыс сұрап келгеніне именген ол: – тек қана сұраныс берсеңіз болды. Қызметке алмады демеймін. Ауылым осы маңда болғандықтан алысқа бармай-ақ қойсам деген ой ғой. Дипломымды алған соң сіздерді мазаламаймын. Басқа жерден орын тауып аламын»,– дейді өзіне тән ұяңдық танытып.
– Неге олай дейсің? Қолыңнан жазу келсе аламыз», – дегенді естігенде бозбаланың аузы ашылып, аңтарылып қалады. Себебі, «Жетісуға» қызметке тұру оқуды жаңа бітірген түлек үшін алынбас асудай көрінетін.
Редактор бірден бөлім меңгерушісі Мейрамбек Төлепбергеновты шақырып алып, «Мына балаға тапсырма беріп, байқап көрейік. Өзі Ұзынағаш жақтан болса, онда аудан орталығынан салынбақшы Ауған соғысы боздақтарына арналған ескерткіш құрылысының неге тоқтап тұрғанын зерделесін» деген тапсырма береді. Қасиетті журналистика факультетінің қабырғасынан алған білім-білігін басшылыққа ұстаған жас тілші тақырыпты ашуға бар күшін салады. Мақаладағы ойдың орамдылығына риза болған басшы Секеңді бірден жұмысқа қабылдап жібереді.
Серік Әшімбекұлы «Жетісудан» қанаттанды. Журналистиканы жаңадан бастаған кездері жайлы: «Редактордың орынбасарлары Ерғали Ахмет пен Жұмаш Арғымбай, жауапты хатшы Ерғазы Әсембек, ауылшаруашылығы туралы телефонмен мәлімет алғанда дауысы бүкіл дәлізге естіліп жататын Мұғалімбай Жылқайдаров, анда-санда домбырамен «Сары бидай» әнін шырқап қоя беретін Орысбай Әбділдә, алғыр ақпаратшы Марат Әбдіхалық, Рәтбек Терлікбаев сияқты сайыпқыран журналистермен, оның сыртында тоғыз қабатты ғимаратқа орналасқан өзге де газет-журналда еңбек ететін танымал қаламгерлермен бір есіктен кіріп-шыққаныма мәзбін, мәртебе санаймын. Хат бөлімінде қашан көрсең ақ қағаз бетін құмырысқадай тізілген майда әріптермен сығылыстыра толтырып отыратын жазушы Әбіқұл Ибрагимовтан тағылым алдым. Жолдасхан Бозымбековтың «Жетісудың» жанынан шығарған «Қазақ батырлары» газетінің алғашқы бір-екі санына атсалыстым. Сол күзде еліміз тәуелсіздігін жариялады. Сөз бостандығы, демократия, пікір алуандығы дегендер ұранға айналған шақта жаңадан көптеген балама басылым пайда болып, тілші қауымға таңдау мүмкіндігі молынан ашыла қалды», – деп еске алды бүгінде қыранша бапталған журналист жігіт.
Момын адам дойырланса «бас бермей» кететіні бар. Жапа шеккеннің жел жағына шығуға бейім тұратын қаламгер қауым үшін бұл қалыпты мінез. Секең де политехникалық институт профессорының әділетсіздікке тап болғаны жайлы жанайқайын қаламына арқау етеді. Профессордың сөзінше, айтар ойды бастырмалата төгіп-төгіп жіберді. Өзі ойы мақаланы осы күйінде газет бетіне жариялап, бассыздыққа жол бергендердің аяғын аспаннан келтіру. Бірақ, кей-кезде журналистік этиканы сақтап, мәселені жібітуге тура келетін кездер болады. Кәсіби заңдылықты сақтау баспасөз басшысының басты міндеті. Ертең бәрі соңғы қол қойған адамнан сұралады. Оның үстіне түзете беру еш басылымға абырой әпермесі анық. Осыны ескерген Баймолда Мусин: «Мақала даулы екен. Мәселенің ақ-қарасын әбден ажыратып алайық. Тағы да бір қарап, деректеріңді анықта», – дейді. Қаны тасып тұрған албырт жігіт мұны «баспаймыз» деген тоқтамға санап, есіктен адымдай аттап, жұмыстан шығуға арыз жазып, біржолата кетіп қалады. Жастық шақта қателесудің болатыны тәмсіл. Бірақ, Серік кейіннен осы қылығы үшін талай қысылып, өкінгендігін айтқан еді. «Жетісудан үйренерім көп еді. «Ағамыздың «пысықтау керегін», «жариялауға жарамайдыға» балап, есіктен шығып кеткенім үшін әлі күнге дейін ұяламын, – дейді замандасым. Өмір-өзен Секеңді ары қарай өз арнасымен алып кетеді. Біраз мекемеде тәжірибе жинатты. Ол Қазақ радиосының Алматы қаласы мен облысы редакциясында редактор, шетелдердегі қазақтарға радиохабарларды тарату бас редакциясында аға редактор, «Шалқар» Ұлттық бағдарламасы мен жастар редакциясында – редактор-стилист, жедел ақпарат орталығында – комментаторлық міндеттерін атқарды. Барлығы журналистиканың пұшпағы. Алысқа кеткен жоқ. Мамандыққа адалдық танытты.
Бірақ, ат айналып қазығын тауып, тура жиырма жылдан кейін Серік Сатыбалдиев «Жетісуға» қайтып келді. «Бес жыл радиода, алты жыл әкімшілік пен аудандық газетте істегенім бір төбе де, «Жетісуым» бір төбе. Осында бас редактордан бастап тамаша адамдар, нағыз өз ісінің асқан шеберлері еңбек етеді. Әрқайсысы бір-бір журналистік мектеп дерсің үйренген адамға», – дейді ол өткен күндерді еске алып. Журналистік соқпақ жол Сатыбалдиев Серікті жақсы-жайсаңдармен табыстырды. Алғашқы ұстазы Үмбет Әбназарұлы Желтоқсан оқиғасының белді қайраткері. Ол ҚазТАГ-тың қазақ жастарын «нашақор» деп жала жапқан сөзін эфирге жібермегені үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлтжанды азамат. Кейіннен толық ақталып, үйіріне қосылып, талай ұл-қызды радиожурналистикаға бейімдеген. Үмбет ағасы да Серікті тілшілікке бейімдей жүріп, материал дайындау, сұхбат алу, жүйелеп сөйлеу, ойды шашыратпай жеткізу, дауыс мәнерін қою, тіл заңдылығын сақтау барысында тәрбие береді. «Астана дауысы» газетінде Қажытай Ілиясұлы, фантаст қаламгер Нәрбин Кенжеғұлова, ақын Рахымжан Өтегенов, тележүргізуші Бейбіт Құсанбек сынды танымал тұлғалардан тәлім алып, ағалық қамқорлықтарына кенеледі. «Жақсы – жайсаңдар өмір жолымда көп кездесті. Соның бірі жерлес журналист – Күмісжан Байжан апай. Ол кісінің маған жасаған қамқорлығы шексіз. Жаңылсам аузыма сөз салып, сүрінсем демеді»,– дейді жақсылықты қайтара алатын, болмаған жағдайда айта алатын әдетімен салмақтай сөйлеп. Қажытай Ілиясұлы Жамбыл аудандық газетіне жаңадан барған Серік Сатыбалдиевті басылым редакторы Есенқұл Жақыпбековке таныстыра келе, тасқа ұрса да кіріп кететін мық шегеге теңейді. Бұл жаңа ортада оның алар орнын белгілеп, жауапты міндеттерді сеніп тапсыруға болатынына кепілдік берген еді.
Серік Әшімбекұлы – бақытты жан. Басы аман, бауыры бүтін. Ата-анасы қасында. Байлығы Айдос пен Ақерке есімді қос құлыны. Жары – Раушан еріне серік, отбасына берік, шаңырағының алтын діңгегі. Басында баспана, қолында қызметі бар. Ол қуса жеткізбейтін қу дүниені ойлап бас қатырмайды. Қоңыр ғана тірлігі көңілінің хошы. Елуге өзіне ғана тән аяң жүрісімен асықпай-аптықпай, ар алдындағы адалдықты ту етіп жетті. Замандас қаламгердің елі, ата-анасы, дос-жараны алдындағы азаматтық борышын адал атқарып келе жатқаны баршаға үлгі. Бағыты айқын, адымы нық азаматтың тұғыры биік болғай!
Гүлжан Тұрсын
Құттықтаймыз!
Сан жылдан бері қарымды қаламынан туындаған қуатты шығармалары арқылы журналистика саласына өзінше сүрлеу салған әріптесіміз Серік САТЫБАЛДИЕВ ердің жасы елуді еңсерді. Осы уақытқа дейін талмай ізденгенінің, шығармашылыққа деген төзімділігінің арқасында абыройлы еңбек етіп, руханият әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Әлеуметтік мәселелерді сөз құдыреті арқылы оңынан шешуге атсалысып, тәуелсіз елдің бүгіні мен келешегі үшін ерен еңбек етті. Дарынды да жалынды әріптесімізге шығармашылық табыс, баянды да бағалы ғұмыр, отбасына бақыт тілейміз! Сезімді сөзімен сөйлете білетін Серікті айтулы мерекесімен өзінің сүйікті ұжымы – «Жетісу» газеті құттықтайды.
Қара сөздің қасиетін, қарағым,
Сезіндің де сұлу дүние қаладың.
Ақ жаныңның адалдығын танытты
Ақиқаттан суырылған қаламың.
Болмысың да елден ерек деп білем,
Ал көңілің – көк теңіз де көк кілем.
Қарапайым қасиетің дарыған,
Жүз жасаған Жамбыл сынды
тектіден.
Ердің жасын арқаладың сен бүгін,
Жүрегіңнің қалай айтам кеңдігін.
Қаламыңнан небір ойлар туындап,
Бір ғасырға жетелесін өрлігің.
“Жетісулықтар”.