Сарғайған сары жапырақ жердің жүзін жасырып, көк аспанда лег-легімен құстар да жылы мекеніне аттануда. Тыраулап ұшқан тырналар, сыңсу айтқандай сыңқылдап бара жатқан аққу, барлығы туған жерін қимай кетіп барады. Соңында қалған ел-жұрты әр ұшқан құстың қанатына арман-мақсатын байлап, соңында қол бұлғап, келер көктемге үміт артады. Расында, жер бетін жаңартып жеткен көктеммен бірге мақсаты орындалып, қанатына хат байлаған құсы қайта оралады. Сол топ құспен бірге біздің қарлығашымыз, Шолпанымыз мәңгілік мекеніне кетті, ол көктемде қайтып оралмайды...
Бұл кішкентай ғана ой-толғам. Адам санасындағы қиял десек, дәл осындай оқиғаның өмірде қайталанатынын кім білген? Енді оралмайтын, ұясына қона алмайтын әдемі құсымыз Шолпан еді. Адал дос, сыйлас әріптес, сыршыл әпке Шолпан Жүнісбайқызының да өмірден озғанына қырық күн болыпты. Диірменнің тасындай шыр айналған уақыт-ай десеңізші?! Шопи деп еркелетіп, бар әңгімемізді соған айтып, жауабын тауып жатушы едік. Амал нешік? Айтпақшы, Шопидің жүрген жері әзіл мен қалжың және табан асты мереке ойлап тауып, артын басқосуға ұластырып жіберуші еді. Міне, сондай басқосудың бірін айтайын. Тағы да күз. Не деген ызғарлы еді. Уылдап соққан желі құлағыңа жағымсыз бір әуенді әкелгендей мазаң кетеді. Әзілін арқалап, Шолпан келді. – Әй, балшығым, (мені осылай еркелететін) қолың бос па? – Иә, әпке. Сіз айтқанда бар жұмысты ысырып, жұмсаған жағыңызға шауып жөнелемін ғой. – Болды онда, сенің бір саятшылыққа шыққанда әдемі тағам әзірлеймін деп айтқан әңгімең есімде. Ендеше, соны бүгін көрсетуге тура келіп тұр. Табиғатқа шығып, сарғайып желмен ұшып бара жатқан қоңыр күзбен қош айтысып, құстарды жылы мекеніне шығарып салмаймыз ба, – дегені. – Ой, Шопи, сіздің де айтпайтыныңыз жоқ. Ол құсыңыз көктемде қайтып келеді, несіне қоштасасың, одан да дәмді тағам жасап, өзіміз табиғаттың аясында серуендеп қайтайық, – дедім.
– Менің де айтып тұрғаным сол емес пе, жиналыңдар, кеттік, – деді. Еңсеңді басқан жұмыстың тіршілігін бір серпіп тастап, көңілің мен миыңды сергітіп қайту әр адамның арманы және міндеті емес пе? Табиғатқа шығамыз деп барлығымыз жиналып, өзен жағасына қарай бет алдық.
Демалыс орнына жеткенше де Шолпан әр нәрсені айтып маңайын күлкіге кенелтіп келеді. Сонымен табиғат аясына, сылдырап аққан өзеннің жағасына келіп тоқтадық. Тыныштық, бір ызың жоқ, үнсіздік. Көліктен түсе салған Шолпан: «Қандай керемет?! Не деген тыныштық, жаның жай табады. Кейде күйбең тіршіліктен қажыған кезде осындай тыныштық мекенге кетіп қалғың келеді», – деді. Құдай-ау, Шолпанның сол сөзі бүгін ақиқатқа айналғаны ма?! Өмірдің күйбең тіршілігі емес, жабысқан дауасыз дерттен қажыды емес пе? Бес жыл қасқайып тұрып, сол дертпен күресті. Расында қажыды, шаршады, бар күш-жігері таусылды. Ақыры өзі аңсаған тыныштық мекенге аттанды. Сол кезде ол сөздің мәнісіне көңіл аудардық па? Біріміз мақұлдап, екіншіміз осы табиғатқа жиі келіп тұру керек десіп жатты. Шолпанның тыныштық мекенге өзі аттанып кететінін кім білген. Өзінің ғана емес, өзгенің де қамын ойлап, бір күн болса да сергіп қалуды ойлайтын Шолпан маңайына қуаныш сыйлап жүретін. Жапырағынан айырылған тоғайға қайта жан бітіргендей көңілді демалыс өткіздік. Құс етінен кәуәп, балықтан сорпа жасап, небір әзіл әңгіменің тиегін ағыттық. «Басқаны қайдам, осы Ришад інімнің дайындаған балық сорпасына ештеңе жетпейді», – деп мақтап та қояды. Қайран Шолпаным-ай, сізсіз сол кездегі мақтаған сорпаның да дәмі де татымсыз. Оны мен де, дәм татқан достарың да іштей сезеді. Айтпаса да, іштей тынары анық. Иә, бір күнгі демалысымыз тамаша көңілді өтті. Бір-бірімізді қалжыңға жығып, қуаныштың күлкісі іш тартып тұрған табиғат аясын азаң-қазаң жасады. Құйқылжытқан домбыра, әуелеген әсем ән, бәрі-бәрі жарасым тауып жатыр. Иә, осылай жадырап өмір сүргенсіз. Ал бүгін ше? Өзіңіз кеткелі қырық күннің жүзі болды. Әуеннің мақамы басқа, домбыра пернесінен басқа әуен естіледі. Мұңы басым. Күздің ызғарлы желі өңменімізден өтіп барады.
Шолпан қыз жоқ арамызда. Міне, құстарды емес, өзіңді шығарып салып тұрмыз. Құшақ жайып емес, қол қусырып дұға оқып. Өкінішті, әрине.
...Тағы күз. Суық жел. Жерді басқан сары жапырақ. Тыныштық. Ертең-ақ көктем келеді. Құстар қайтып оралады. Арасынан сенің құсыңды көре алмаймыз. Бірақ өзің біздің жүрегіміздің түкпірінде жүресіз.
Ришад Тұрғанбаев
Шолпанның қарлығашы
Таң ата келіншекті толғақ қысты. Қуанғаны әлде қорыққаны белгісіз Жүкеңнің жүрегі атша тулап, шала-шарпы киініп, көрші келіншекке қарай жүгірді. Сөзін өркеніңді өсіріп, «тұздап» барып бастайтын пысық әйел екіқабат көршісінің бүгін босанатынын қыдырғанынан-ақ байқағанын айта жүріп, табалдырықты аттады. Құдай қосқан көршісі бұның алдындағы ұл-қыздарының кіндігін өзі кескен. Жалаңдаған қара бәкінің жүзін лаулап тұрған отқа қыздырып жібереді де кіндікті түбінен «сақ» дегізеді. Қолы жеңіл. Балалар тез ширайды. «Тоғыз ай көтергенге емес, жерден көтергенге ұқсаймын»,– деген екен. Жүкең мырс етті. Ұқсаса ұқсасын. Көп сөйлейтіндігі болмаса ешкімге жаманшылығы жоқ. Ер мінезді. Қимылы да ширақ. Бір үйдің шаруасы өзінен артылмайды. Отын-суды да ешкімге арқа сүйемей өзі таси салады. Жүкең көрші әйелдің әмірімен далада жүр. Мүлгіген тыныштық. Әне-міне, қой қоздайды деп отырғанда өмірге өзінің «қоңыр қозысы» келетін сияқты. Түсінде келіншегіне алтын сырға сыйлап жатқанын көріп еді. Қыз бала болатын шығар. Есімін өзім қоямын. Қариялар алдыңғыларын иемденіп болған. Бұл шақалақты өзім еншілеймін. Үлкендерден тайсалмай бауырыма басып, өсіремін.
Таңғы тыныштықты сәбидің іңгәлаған дауысы бұзды. Тұла бойы шымырлаған әкенің көңілі толқып, көз жасы ыршып кетті. Сасқалақтаған жігіт ағасы есін тез жиып, қайтадан есім ойластыра бастады. Атын кім қоюшы едім? Ерекше есім керек. Бибібәтима, жоқ ауыр болады. Асылхан, дөрекілеу ме? Сол кезде аспанға көзі түсіп кетіп еді тұп-тұнық екен. Бір шоқ жұлдыз жер әлемге жарық шашып, ерекше жайнап тұр. Таптым, қызымның есімін Ай-шолпан қоямын. Тамаша есім! «Ата-ананың бірінші борышы сәбиге дұрыс есім беру», – дегенді үлкендерден естіген. Ол өз-өзіне риза. Тәубе, тәубе! Тәңірге, мың тәубе! Ұрпағым өсіп жатыр. Е, Жаратқан баламның ғұмырын ұзақ ете гөр! Өмірде де осы жұлдыздай жарқырап жүрсе екен. «Жаратқан тілегіңді орындайды. Орындалмаса адамдар неге жақсы сөз айт, жақсылық тіле дейді. Балам аймаңдайлы қыз болады. Шолпан жұлдыздай жарқырайды. Атымды осы шығарады». Көңілі босаған әкенің жүрегі езіліп, көзінің жасын бір сығып алды.
...Ай-шолпан құлдыраңдап тәй-тәй басты. Көргісі келеді, білгісі келеді. Бақ қонатын бала кішкентайынан зерек болады деуші еді. Ата-бабамыз сәбидің күлкісі мен жылағанына қарап оның өскенде қандай азамат болатынын бағамдаған. Шын күліп, шын жылаған баладан адалдық күткен. Ай-шолпанныңң күлкісі сыңғырлаған ашық. Ал ашуланса, айта көрме. Алдағанға көне қоймайды. Ентігі басылғанша уатамын, айтқанға көндіремін деу бекершілік. Қулық, өтірікке жаны қас. Бірге ойнайтын балалардың арамдығын байқап қалса жаға жыртысқанға дейін барады. Ешуақытта үйге біреуді жамандап немесе жеңіліп, жылап келмейді. Өте зерек. Музыкаға қабілетті. Ол кезде бүгінгідей бірінен-бірі өткен музыка аспабы қайдан болсын? Темірді-темірге, тасты-тасқа соққанда шығатын дыбысты тыңдағанды ұнатады. Қайта соғады да дыбысқа зер салады. Таңдайын тақылдатып, әр нәрсеге таңданып жүретін көрші апа: «Әй, Жүке, мына балаң тұйғын. Тіл-көзден сақтасын. Сенен бір ерекше бала туды, – дейтін. Шындығында басқа балалардай: «әпер, бер, көтер»,– дегенді білмеді. Естияр адам сияқты, ерекше. Өзімен-өзі. Қылықтары қызға емес, ұлға ұқсайды. Көңілі қалаған нәрсені ғана жасайды. Шаруасына, ойынына араласқанды ұнатпайды. Қашан көрсең, ересектерше ой үстінде.
Бала төрт жасында қылша шығып, бірнеше күн ыстығы көтеріліп, жатып қалды. Анасы байғұс бөпесінің амандығын тілеп, қасынан шықпайды. Шөліркеп қалмасын деп сусын береді. Бір күні ыстығы көтеріліп жатқан Ай-шолпан терезеге ұзақ қарап жатты да, езуіне күлкі үйірді. Терезенің жақтауына қонған қарлығаш қанатын сабалап, өзін ойнауға шақырғандай қылық танытады. Одан үйге кіремін дегендей, есік-терезеге кезек келеді. Ұя салмақшы екен. Қарлығаш ұя салған үйдің бала-шағасы көгереді, көктейді, өсіп-өнеді дегенді үлкендерден жиі еститін. Көптен дел-сал жатқан бала қауіп-қатерден арашалаушы құс саналатын қарлығашты көргенде жүзі жайнап сала берді. Оны байқап, жақсылыққа жорыған Шолпанның анасы сәбиін қымтай салып, қарлығашқа есік ашты. Ал құстың шықылықтаған дауысы естілісімен Ай-шолпан оның қанат қағысын қызықтап, жүзі бал-бұл жанды. «Е, тәубе, баламды қуантуға келген екенсің ғой. Кіре ғой. Сен де балапандарыңды өсір»,– деп қыздың анасы бәйек болды. Қарлығаш үйде болғанда бүлдіршіннің анасы даладағы шаруасын алаңсыз істей береді. Әкесі: «Әй, бәйбіше, үйге барсаңшы. Баланың қасында бол», – десе анасы іштей: «Қасында қорғаушысы бар», – деп алаңсыз жүре береді. Қарлығаш барда баласына алаңдамайтынын жұбайына естіртіп айтуға ыңғайсызданады. «Баланы құсқа бақтырғанды қай әкеңнен көрдің?», – деп қалса. Айыр құйрық асылзат балапандарымен қоса Ай-шолпанды да қуанышқа бөлеп, бүлдіршіннің көңіл-күйін сергітті. Ол ұйқысынан қарлығаштың дауысын естіп күліп, жадырап оянады.
Ай-шолпан қарлығашпен сырласып өсті. Ол бірнеше жыл қатарынан осы үйдің төргі бұрышына ұя салды. Екеуі кішкентай жүректерімен жылдам түсініседі. Дала құсы үй «балапанын» кәдімгіндей ес тұтады. Бүлдіршін қыз таң атысымен есікті ашып, құсты төрге оздырады. Ол барда сәбидің жүзі жадыраңқы. Аттай тулап арада жылдар өтті. Әке арманы орындалып Ай-шолпан қаламгерлік мамандықты таңдап, көпке қызмет ете бастады. Жаңалыққа жаны құмар. Ел ішіндегі игі-істерді баспасөз арқылы жариялап, қуанышын бөліскенді ұнатады. Ал қарапайым ауыл жұрты қысалаң тірлік кешіп жатса соны қаламының сиясы арқылы билік басындағыларға жеткізіп, кем-кетіктің орны толғанша әкім-қарарлардың тыныштығын алады. Ұлттық салт-дәстүрдің өркен жаюына демеуші болып жүрген алтын жүректі азаматтардың мерейін үстем етуді қаламгерлік парызы санайды. Қазақ қызына тән еркіндік бар бойында. «Темір тұлпарды» да тізгіндеді. Баспасөз беттеріндегі мақаласында әкесінің аты бірге жүрді. Ағайын-туғанның, дос-жаран мен сыныптастың бетке ұстары. Қашан да жайнаң қағып жақсы-жайсаңның ортасында. Бірге туғандардың жоқ-жітігін жамайтын да өзі. «Жорға аттың арқасы құрғамайды» дегендей, жақсылығын ешкімге бұлдамай-ақ еңсесін тік ұстап, істі-іске жалғап жүргені. Соңғы жылдары бойжеткеннің мойнына қызметтің жауапкершілігі артылып, қарлығашқа қарауға мұршасы келмеді. Қым-қуыт тірлік өз ағысымен тез ержеткізіп жіберді. Газеттің күнделікті тапсырмасы, қала берді іссапарлар... Жұмысы үлкен қалада болғандықтан олар бір күнде тіршілік қайнап жатқан шаһарға қоныс аударды. Ал қарлығаштың ұясы сонда қала берді...
Бірақ, түсінде ылғи сол киелі құсты көреді. Әсіресе, жауапты іс бастарда, ұлағатты адамдар жайлы қалам терберде қарлығаш қанатымен дем бергендей болады. Сезеді, киелі құс маңында жүр. Мақала жазғанда қаламы қарлығаштың ұшқандағы жолындай өрнектеле кетеді. Ісінің жүруіне, шаруасының дөңгеленуіне асылзат демеу. Арманы – әкесінің атын шығару еді. Шығарды. Адал туған перзент азаматқа бергісіз іс тындырды. Облысқа танымал журналист атанды. Адал еңбек пен төгілген тер абыройын аспандатты. Ел-жұртына сыйы асып, ағайын-туысқа беделі артып, дос-жаранның мақтанышына айналды. Әке шаңырағын бай-манаптар есігінің алдына ат байлайтындай ерекшелеуді ойлады. Оны да хан түсетіндей жайнатты. Бәрін жылдамдата жасады.
Бәріне асықты. Бәріне үлгеріп қалуға тырысты. Сөйтсек, өмірінің соңғы сәттері өтіп жатқанын ғазиз жүрек сезсе керек. Өзі де қарлығаштай ұшқыр, жылдам, бауырмал, мейірімді әрі әдемі еді. Біздің жүрегіміздің төрінде осындай жарқын бейнесімен қала берді. Қарлығаш ұя салған қара шаңырағынан Шолпанды мәңгілік сапарға шығарып салғалы да қырық күн өте шығыпты. Әй, жалған, дүние-ай!..
Гүлжан Тұрсын
Таңжұлдыз
Қалқып жүрміз ғұмыр атты қайықта,
Кім біледі, тосар алдан жол қандай?...
Жарқ еттің де сіңе бердің ғайыпқа,
Таң алдында ататұғын Шолпандай.
Жарық болып таңсәріде атқасын,
Түу ғарышта, алыс, бәлкім айдан да...
Сен ашыпсың тіршіліктің қақпасын,
Есіміңді содан Шолпан қойған ба?!
Иығыңа өмір жүгін арта тым,
Талай түстің талапайдың өртіне.
Тағдыр сыйын жалғыз жүріп тартатын,
Таң жұлдызы айналды ма сертіңе?!
Жайсаңдардың жүрегіне үңіліп,
Айналаға достан қамал тұрғызған.
Адалдықты таңнан алсаң сіңіріп,
Тәкаппарлық жұқты білем, жұлдыздан.
Құрса-дағы заман түрлі қақпанын,
Қайсарлықты қанға біткен бұзбады.
Атырам деп қазағымның ақ таңын,
Шарпыған-ды Желтоқсанның ызғары!
Аяласа алты Алаштың текті елі,
Сезіміңнен бұлақ ақты бұлқына.
Шолпан жұлдыз жарық берсе көктегі,
Шуақ шаштың қаламыңмен жұртыңа!
Әуелеттің тіршілікте әніңді,
Жарқыраған үнің қалды құлақта.
Таң Шолпандай жандырдың да жаныңды,
Таң алдында жөней бердің жыраққа!
Қуат Қайранбаев,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.