Қой еті қайта өңделеді

Уақыты: 26.09.2016
Оқылды: 1279
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ата-бабамыздың «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп тегін айтпағандығына немістер де көз жеткізе бастағандай. Германдық «БауманнГмбХ» компаниясы өкілдері ұсынып отырған қой етін қайта өңдеу кешенінің құрылысы салынып, жаңа жоба толығымен жүзеге асар болса, тәулігіне 3 мың бас немесе айына 66 мың бас қой сойылып, сатылымға шығарылатын болады. 

Жері шұрайлы Жетісу өңірінен қой етін қайта өңдеп шығаратын еуропалық заманауи технология­ға негізделген кешен құрылысын салуға ниетті неміс­тердің бұл жобасын облыс әкімі Амандық Баталов қуана құптады. Германдық «БауманнГмбХ» компания­сының президенті Райне Бауманн облыс басшысымен кездесу барысында бұл кәсіппен, яғни, қой етін қайта өңдеу ісімен арғы аталарынан бастап айналысатындықтарын айта келе компанияның бизнес-жоспарымен таныстырды. Сондай-ақ, ол кеңестік кезеңде қой өсірумен даңқы шыққан Қазақстанның бұл мәселе жөнінен ТМД елдерінде де алдыңғы орынға ие екендігін тілге тиек ете келіп, өндірілген өнімді өткізуде Жетісу жерінің тоғыз жолдың торабы іспетті гео­графиялық қолайлылығына аса қызығушылығын білдірді.  
– Жобаның «Қазаққой» деп аталуының өзі сәтті таңдалған екен. Атауының өзі айтып тұрғандай, қазақ қойының еті өзге елдердің өнімімен салыс­тыруға келмейді, ол жағынан мақтана аламыз, – деген Амандық Ғаббасұлы аграрлық облыс­та ұсақ мал басының 3,5 – 4,5 млн.-ға жететіндігін, бірақ ірі қара болмаса, қой етін қайта өңдейтін кешеннің жоқтығын жасырмады. Сол себепті, бұл жобаның жүзеге асуы өңірдің мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындары үшін аса тиімді әрі ұтымды боларына сенімділік білдірді. 
Келіссөз барысында облыс басшысы германдық компания өкілдеріне елімізге келген инвес­торларға үкімет тарапынан кең қолдау көрсетілетіндігін, сонымен қатар, Жетісу ел Президентінің туған жері екендігімен де ерекшеленетіндігін түсіндірді. 
Келіссөз соңында екі тарап өзара меморандумға қол қойды.
Жасыратыны жоқ, азын-аулақ қойын жамбасы тиген жерге сойып, етін арқалап алып базар жағалап кететін ауылдағы ағайын мен қой өсіруші шаруашылықтар үшін мұндай кәсіпорынның бой көтеруі тиімді болмақ.

Ұлбосын Исабек