Қайратты ерге мал бітеді

Уақыты: 27.09.2016
Оқылды: 1461
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақ әу бастан мал баққан, сол арқылы жан баққан халық. Сондықтан олар сәлемді алдымен «Мал-жан аман ба?» деп сұраудан бастайды. Бүгін де солай. Серпін ала бастаған бұл үрдіс қазір де жаңаша жанданып, жалғасу үстінде. Яғни, мал шаруашылығы өз маңызын ешқашан жоғалтқан емес. Десек те күні кешеге дейін машақаты көп шаруа деп бұған екінің бірінің батылы жете қоймағаны рас. Ал қазіргі жағдай мүлде басқа. Оған Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі қолдау мен көмектердің оң әсері тиюде. Сол себепті мал бағумен айналысушылар саны жыл сайын артып келеді. 

Балқаш ауданы төрт түлік мал ұстауға қолайлы аймақтың бірі. Бүгінде бай өлкенің мүмкіндігін тиімді пайдаланып отырғандар аз емес. Сондықтан, жергілікті жұртшылық негізінен осы саламен айналысуды қолға алған. 
Бақанас селолық округіне қарасты «Аңсар» шаруа қожалығы мал бағумен шұғылданатындардың қатарынан табылады. Іргелі істі қожалықтың атқарушы директоры Жандос Қылышбаев жүргізуде. Ол бүгінде атакәсіпті өркендетіп, өрісті малға толтырып отыр. Осының арқасында кіріс көзін молайтып, ауылшаруашылығының дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Елдің гүлденуіне атсалысып келе жатқан азамат жас та болса саланың қыр-сырын жете меңгеріп, пайдасын көріп отыр.    
Қожалықта негізінен ірі қара мен жылқы бағылады. Шаруашылық жетекшісінің тіршілігін көзбен көру үшін мал бағылып жатқан жерге келдік. Бір үйір жылқы, сиыр дала төсінде жайылып  жүр. Жандос бізге шаруашылықтың жай-күйі мен алдағы арман-мақсаттарын сол жерде айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, шаруа қожалығының құрылғанына жиырма жылдан асыпты. Шаруашылықта қазір мыңға жуық мал бағылады. Соның басым бөлігі сиыр, қалғаны жылқылар. Ірі қара тұқымын асылдандыру бағытында қазақы Ақбас, Герефорд, Әулиекөл бұқалары әкелініпті. Бордақылау алаңдары да жұмыс істеп тұр. Бұл орындардың бір мезетте отыздан жүз басқа дейін мал бордақылауға мүмкіндігі жететін көрінеді. 
Ірі қара төрт айда, жылқы жетпіс күн ішінде союға жарайды. Бабына келіп, семіргендері арнайы орындарда бауыздалып, еті сатылымға шығарылады. Атшаптырым аумақты алып жатқан жайылымдық, шабындық жер де жетеді. Малға  қажет  шөп  сол алқаптардан дайындалады. Талай адамның отбасын асырап, жұмыспен қамтылуына жағдай туғызып отырған  қожалық  «Сыбаға» бағдарламасының да жақсылығын көріп отыр. Осындай жеңілдіктер қарастырып, қол ұшын созған Үкіметке деген алғыстары шексіз.
Шаруашылықты өркендетуде ойға алынған жоба-жоспарлар да аз емес. Бізбен барған аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Төлеубек Дархан аталған қожалық иесінің «Жайылымдарды суландыру» бағдарламасы аясында өз қаражаттары есебінен ескі құдықтың көзін ашып, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізгенін сөз етті. Оны да көзбен көрдік. 
Біз барған сәтте малшылар жылқы-сиырларын алаңсыз суарып жатты. Құдық суы жел күшімен жұмыс істейтін насос арқылы он бес тонналық қоймаға жиналып, науаға сол жерден жеткізілуде. Жұмыс үрдісі құдық басына орнатылған құрылғылардың көмегімен жүзеге асырылуда. Үй маңына да күн сәулесінен қуат алатын құрылғы орнатылыпты. Иен далада отырған малшылар осының көмегімен энергия жарығын пайдаланып отыр. Қосымша жел генераторы қойылған. Бір сөзбен айтқанда, шаруашылықта малдың да, малшының да жағдайы жан-жақты қарастырылыпты.
Іссапар кезінде қай кәсіпкермен жүздесіп, сөйлессек те өз ісіне деген ыстық ықылас, жылы лебіз аңғарылады. Яғни, бұл кәсіпкерліктің шалғай жатқан елді мекендерге де бет бұра бастағанын байқатады. Осыдан-ақ ауылдың алтын бесік екеніне, оны дамыту арқылы тәуір табысқа жетіп, кіріс көзін молайтуға болатынына көз жеткізіп қайттық.

Айгүл Байбосынова
Балқаш ауданы.