ХРИСТОС-КӘМПИТ: БИБЛИЯ БІРЛЕСТІГІ НЕ ТАРАТЫП ЖҮР?

Уақыты: 27.01.2019
Оқылды: 1296
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қырбалтабай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп жанындағы интернатта орын алған жағдай түрлі пікір туындатып отыр. Оны түсіндіру үшін алдымен «Гүлстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Гөзал Құлжабаеваның не дегеніне тоқталайық. Қоғам белсендісі бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз мәслихатында округ аумағында тұратын танысының үйіне барғанын, ол жерден «Библия» кітабы мен оны уағыздайтын парақшаларды көргенін айтады. «Қазақ-Герман-Американдық Библия миссиясы» қоғамдық бірлестігі Рождество мерекесінде қазақ балаларын осылай құттықтапты. Әлгі діни кітаптар сыйлықпен бірге таралған көрінеді.

Алайда баспасөз мәслихатына келген «Қазақ-Герман-Американдық Библия миссиясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алексей Лубошников мұны түбегейлі жоққа шығарды. Өздеріне тағылған кінәмен келіспейтінін білдірді. Біріншіден, аталған қоғамдық бірлестік Алматы қаласына тіркелген. Олар заңға да, тәртіпке де ұқыпты көрінеді. Екіншіден, олар интернатпен 1997 жылдан бері тұрақты байланыста екен. Оның айтуынша, бірлестік өкілдері әкелген сыйлықтарын мектеп директорына беріп, дереу кері қайтқан. Интернатқа да, сыныптарға да бас сұқпапты. Жоғарыда айтылған діни кітаптарды оқушыларға таратпаған. «Біздің оған ешқандай қатысымыз жоқ», - дейді.

Өкінішке қарай, даулы мәселеге арналған баспасөз мәслихатында ауыл адамдарын тыңдай алмадық. Аудандық білім басқармасынан және Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептен мәслихатқа қатысқандар болмады. Сондықтан, бұл жайға олардың ойы мен көзқарастары қандай деген заңды сұрақ туады.

Көтерілген мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін Қырбалтабай ауылына жол тарттық. Бекер обалы не, біраз адамдар әкімдік кеңсесіне жиналыпты. Енді сол кісілердің не дегендерін газет оқырмандарына жеткізуді жөн көрдік.

Айбол ТЕМЕШОВ, Қырбалтабай ауылдық округінің әкімі:

– Менің бұл жерге қызметке келгеніме төртінші жыл. Округ аумағында Ақжал, Шалқар, Қайнар, Екпінді елді мекендері бар. Орталығы – Қырбалтабай. Онда 1912 адам тұрады. Өңірдің тыныс-тіршілігі үнемі біздің бақылауымызда. Интернатқа демеушілік көрсетіп келген «Қазақ-Герман-Американдық Библия миссиясы» қоғамдық бірлестігіне келсек, бұрыннан таныс. Олар демеуші ретінде 1997 жылдан бері интернатпен байланыс орнатқан. Жыл сайын Рождество мерекесінде оқушыларға кәмпиттер үлестіреді. Осы күнге дейін демеушілік жұмыстарынан заңға қайшы келетін іс-әрекеттерді көрген де, байқаған да емеспіз. Сондықтан, оқушыларға діни кітап таратыпты деген қауесетке таңғалдық. Меніңше, олай болуы мүмкін емес. Егер шынымен мұндай жағдай орын алса, кім қарап отырады? Дабылды алдымен өзіміз қағар едік.

Кеше осы мәселеге байланысты облыстық білім басқармасынан арнайы комиссия келді. Оның қорытындысын алдағы уақытта естиміз.

Кәмпит салынған қораптың сыртында өз діндеріне қатысты сурет пен жазудың бар екені рас. Бұл – бірлестіктің логотипі екен. Өкінішке қарай, соған мектеп директоры да, интернат меңгерушісі де дұрыстап мән бермеген. Бұрын аталған қоғамдық бірлестік оқушыларға кәмпиттерді мұндай қорапшамен әкелмейтін. Енді осының салдарынан әңгімеге қалып отырмыз. Біз нақты шешім қабылдадық. Ендігі жерде аталған бірлестікпен байланысты біржолата үзіп, оған нүкте қоямыз.

Бек ЕСІРКЕНОВ, интернат меңгерушісі:

- «Қазақ-Герман-Американдық Библия миссиясы» қоғамдық бірлестігі біздің интернатқа ұзақ жылдардан бері демеуші болып келеді. Жыл сайын Рождество мерекесіне орай оқушыларға тәттілер үлестіреді. Бұл жолы да қалыптасқан дәстүрді қайталады. Сол күні бірлестік өкілдері өздерінің сыйлықтарын әкелді. Дереу мектеп директорына хабарластым. Ол кісі келіп қорапшаларды мұқият қарады. Мен де қасында тұрдым. Оның ішінде кәмпиттер мен пірәндіктер, бас киім, мойынорағыш және шұлықтардан басқа бөгде зат болған жоқ. Ешқандай «Библия» кітабын, уағыз парақшаларын көрмедік. Содан кейін мектеп директоры тәттілерді балаларға үлестіруге рұқсат етті.

Интернатта 110 бала оқиды. Сол күні олардың 85-і сабаққа келген болатын. Сондықтан 85 сыйлықты санап алып, балаларға таратып бердік.

Интернат меңгерушісінің айтқан сөздерін қызметінен уақытша шеттеліген мектеп директоры Төребек СЕНДАЛИЕВ те растады.

Дәулетхан ӘБДІХАЛЫҚОВ, зейнеткер ұстаз:

- Мен 55 жылдан бері осы мектептің ұстазымын. Өзімінің ойымша, қайырымдылық көрсету - күллі адамзатқа ортақ ізгілікті іс. Сонау тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде «Қазақ-Герман-Американдық Библия миссиясы» біздің ауылға көмегін тигізді. Тіпті, тұрмысы төмен жекелеген отбасыларға да қол ұшын берді. Оны дұрыс деп түсіндік. Олар интернатты да назардан тыс қалдырған жоқ. Алайда демеушіліктерін міндет етіп, өз діндерін уағыздаған әрекеттерін көрмеппін. Бірақ осы жолы қорапшаның сыртына діни суреттер қоюы көңілге қонбағанын ашып айтуымыз керек.

Кейде мен де балаларды қуантуға тырысамын. Өз қаржыма кәмпиттер сатып алып, оларды үлестіретінім бар. Балалардың қуанғанын көру бір ғанибет. Сол сәтте олардың елжірей қарағаны көңілге шуақ себелетеді. Демеушіліктің нәтижесі адамды осылай марқайтады.

Директордың міндетін атқарушы Самал Өскенбаеваның, интернатта жатып оқитын 11-сынып оқушылары Умида Қадырбаева мен Айнұр Төлепбаевалардың пікірлері де жоғарыда айтылған сөздермен сабақтасып жатты.

Өздеріңіз байқап отырған боларсыздар, бұл жерде мынау кінәлі деп шап беріп ұстап алатын нақты дәлелдер жеткіліксіз. Десек те, мұнда қазақ баласының болашағын ойлайтындар үшін сабақ болатын жайлар баршылық. Бір сәт қоғамдық бірлестік әкелген сыйлық қорапшаларының сыртына қайтадан дұрыстап мән беріп көрелікші. Кәмпит салған қорапқа бірлестіктің белгісі таңбаланған. Діни суреттер бейнеленген.

Демеуші берген кәмпитті жеген бала, сөз жоқ, қораптың сыртына қарайды. Өздеріне кімнің сыйлық ұсынғандарын естеріне сақтайды. Оларға деген ризашылықтарының артуы әбден мүмкін. Дәулетхан Әбдіхалықов қария айтқандай, «елжірейді». Тәттіге үйретсең, адам тұрмақ жылқы да сенің соңыңнан ереді. Таңдайында дәмі қалған осы кәмпит жас жеткіншектердің ойынан кетпей қойса қайтеміз? Олар кәмелеттік жасқа толғанда өзінің ата дінінен басқа арнаға бет бұрып, бағытын өзгертсе, обалы кімнің мойнына жүктеледі?! Мына өмірде осындай салмағы зіл батпан сұрақтардың да бар екенін ұмытпауға тиістіміз.

Егер үйіңізге бөтен адам келгіштей берсе, не істейсіз? Әрине, жақтырмайсыз. Не әкеңіз, не шешеңіз: «Анау біздің отбасын неге иектеп жүр?» - деп ескертеді. Ішін бермейтіндер осындай кезде тереңнен ойланады.

Аталған бірлестік қазақ мектебіне қамқоршы болғанына бақандай 22 жылдың жүзі болыпты. Жиырма екі рет Рождество мерекесімен құттықтапты. Бүгінгі даулы мәселе бұрқ еткенге дейін Қырбалтабайда әй, дейтін әженің, қой дейтін қожаның болмағаны қалай?!

Мектеп – мемлекеттік мекеме. Ол мұғалімдердің айлық алатын қызметтік орны ғана емес. Мектеп – тәуелсіз мемлекетімізге лайықты ізбасарлар дайындайтын киелі мекен. Шүкір, әзірге бәрі орнында. Соншалықты бүлініп кеткен ештеңені байқамадық. Бірақ солай екен деп жағаны жайлаудан келтіріп, қамсыз отыруға ел азаматтарының хақысы жоқ шығар деп ойлаймыз.

Анда-санда тырс етіп жерге түскен тамшыға ешкім де көңіл бөлмейді. Е-е дейді де қасынан өте шығады. Өйткені, ол жай ғана тамшы. Қорқынышты емес. Ал сол тамшы жылдар бойы тырсылдауын тоқтатпай жалғаса берсе, бірдемені тесіп бүлдіруі мүмкін. Біздің көпшілікке айтайық деген ең басты ескертуіміз де осы.

Болат МӘЖИТ,

"Жетісу"

Еңбекшіқазақ ауданы