Жалпықалалық сенбілік

Уақыты: 11.10.2016
Оқылды: 1361
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған – таза қала! Дәл осы ұранмен  сенбіде қаладағы барлық мекеме қызметкерлері қолдарына сыпырғы мен тырмақ алып, тазалыққа шықты. Әр мекемеге арнайын аулалар мен алаңдар бөлінді. Бірақ олар оған қарамастан, өздеріне бөлінбеген аймақты да тазалап шықты.

Талдықорғандықтар қала тазалығына баса мән береді. Соның нәтижесінде облыс орталығы әрқашан жарқырап, көз тартарлық көркемдігімен қуантуда. Бұл көріністі қала қонақтары да бірден байқайды. Республика бойынша «Талдықорған таза қала» қала деген теңеу  содан шықса керек. Сенбілікке қатысушылар құрал-саймандарымен толық қамтылды. Әрине, бастысы жоғары көңіл- күй. Бұл тұрғындардың басты ұстанымы болды. Сондай-ақ,  қоқыс шығару үшін 50-ден аса техника жұмылдырылды.   Облыстық наркологиялық диспансер ауласын медицина қызметкерлері тазалады. Диспансердің бас дәрігер Күннәр Қалыбаева өз сөзінде: 
– Бізге тазалаңдар деген соң тазалап жатқан жоқпыз. Бұл біздің міндетіміз. Әрбір тұрғын өз қаламызға  осылайша үлесімізді қосуға тиістіміз, – деді. 
Тұрғын үй шаруашылығының бөлім басшысы Нұрлан Қыстаубаевтың айтуынша, санитарлық тазалық жұмыстары 4 қазаннан басталған. Ол өз пікірінде: «Сенбілік бүгінмен тоқтап қалмай, әлі де жалғасады. Барлық тұрғындарды санитарлық тазалауға толық қатысуға шақырамыз. Біз өз қаламызды өзіміз тазаламасақ, бізге ешкім сырттан келіп  көмектеспейді», – деді. Ал әкімдік қызметкерлері Тәуелсіздік көшесінің бойын қоқыстан тазартты. Біз сол маңнан өтіп бара жатып әкесіне қолғабыс етіп жүрген 4 жасар кішкентай қызды көрдік. Көрдік те қала тұрғындары жасының үлкен-кішілігіне қарамай тазалық үшін барын салатынын байқадық. Айта кетерлігі жалпықалалық сенбілікке 200-ден астам адам қатысты. Біз қаланы аралап жүріп, оң жұмыс нәтижесін, тазалық пен жинақылықты көрдік. Қала тазалығы тұрғындардың әдептілігімен байланысты екені белгілі. Ендеше қала тазалығы үшін бәріміз жаппай атсалысайық. 

Құралбек Сәбитов