Театр ғимаратының қазығы қағылды

Уақыты: 17.10.2016
Оқылды: 1364
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Соңғы жылдары қай шаһарға назар аударсаң да айрықша сұлулығымен көз тартатын әсем ғимараттар мен салтанатты сарайлардың, көпқабатты тұрғын үйлер мен өнеркәсіптік кешендердің көптеп салына бастағанына куә боласың. Әрине, сәулеті жарасқан әсем нысандардың кім-кімнің болса да таңдайын қаққызып, қызығушылығын тудыратыны анық. Жасыл желекке оранған Талдықорған да жыл сайын бой түзеп, алыстан менмұндалайтын әсемдігімен айшықталып келеді. Қайта өмірге келгендей жасарып, жаңарған қалада заманға лайықты мекемелер әлі де бой көтеріп, жаңа ғимараттардың саны көбейе түспек.

Өзінің басқа шаһарларға ұқсамайтындығымен ерекшеленіп тұрған қалада тағы бір жаңа ғимарат бой көтеріп, көпшіліктің қуанышын еселетпек. Ол Талдықорғанның Оңтүстік-Батыс тұрғын алабынан орын тебетін драма театрының ғимараты. Осы ретте облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен салтанатты жағдайда өнер шаңырағының алғашқы қазығы қағылды. Салтанатты жағдайда өткен шараға елімізге белгілі театр және кино саласының қайраткерлері Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Досқан Жолжақсынов, Қазақстан Халық әртісі, атақты режиссер Талғат Теменов, Қазақстан Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Алмахан Кенжебекова және Алматы облысының Құрметті азаматы, белгілі киноактер Әлімғазы Райымбеков қатысып, жүрекжарды ақ тілектерін жеткізді. Жетісулық өнерсүйер қауымды айтулы оқиғамен құттықтаған Амандық ҒАББАСҰЛЫ: 
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай елде ауқымды шаралар өткізілуде. Соның бірі деп жаңа шағын ауданда құрылысы басталып жатқан театр ғимаратын айтуға болады. Мұның жанында сәулеттік жағынан үйлесімі жарасқан Салтанат сарайы, Көрме кешені тұрғызылып жатыр. Сол сияқты драма театрының ғимараты да барлық талапқа сай, жоғары талғаммен жасалады деген сенімдеміз. Акустикасы, сахнасы, актерлер бөлмесі, бір сөзбен айтқанда, өнер ұжымына қажетті жағдайдың бәрі қарастырылмақ. Өнер қамқорлық жасағанда ғана өседі, өнеді. Сондықтан, мәдениет пен өнеріміз өркендеп, өрістей берсін! Театр ұжымы заман талабына сай салынатын жаңа ғимаратта көрермендерін қуантып, алғысқа бөлене берсін, – деді. 
Сондай-ақ, ол жаңа өнер ордасының бой көтеруіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор қамқорлығының арқасында қол жеткізіліп отырғанын айтып өтті. Алыстан ат терлетіп жеткен бір топ өнер тарландары да Жетісу жұртшылығының қуанышына ортақтасып, ақ ниеттерін білдірді. Досқан Қалиұлы: «Дәрігер адамның тәнін емдесе, өнер адамның жанын емдейді. Сол өнердің ішінде театрдың орны ерекше. Театр – мәдениет әлемінің төрінен орын алатын киелі шаңырақ, ел өмірінің айнасы. Сондықтан, бүгінгі жаңа театрдың құрылысын бастау рәсімі мәдениет үшін аса іргелі оқиғаның бірі болмақ. Осы қуаныштарыңызбен Сіздерді шын жүректен құттықтаймын», – деді. 
«Қазақстанда жалпы 54 театр болса, соның 18-і жаңа театр деп есептеледі. Соның бірінің іргесі күн санап өсіп, көркейіп келе жатқан Талдықорғанда қаланып жатқанына өте қуаныштымыз. Іргетасы қаланатын жаңа театр әлі де талай талантты тәрбиелеп, биікке қанат қақтыратын үлкен өнер ордасына айналатынына сенімдімін. Сондықтан, бұл жерде жас өнер тарландары өсіп-өніп, ел игілігі үшін қызмет ете берсін», – деді Талғат Теменов. 
Жан жадыратар жақсы сөздерге қосылып, өзінің жылы лебізін білдірген Алмахан Кенжебекова да тәжірибесі толысқан шақта жаңа театрда жұмыс істеу бақытына ие болатынын қуанышпен жеткізді. Бұдан соң Әлімғазы Райымбеков ақсақал жаңа іске сәттілік тілеп, ақ батасын берді. Келесі кезекте облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге өнер қайраткерлері салтанатты жағдайда жаңа нысанның алғашқы іргетасын қалап, жұмыстың жандануына серпін берді.
Айта кетейік, өткен жылы театр ғимаратын жобалаудың үздік сызбасына халықаралық деңгейде байқау жарияланып, нәтижесінде «Күмбез» серіктестігінің жобасы үздік деп танылды. Ал жұмыс жобасын «Астана» инженерлік орталығы» ЖШС дайындаған. Үш қабатты мәдениет ошағы 510 орынға  арналмақ. Драма театры құрылысының жалпы құны 3,8 млрд. теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «BI Group» компаниясына қарасты «Өнеркәсіп құрылыс» ЖШС жүзеге асырмақ. Ғимараттың жалпы ауданы 10 538 шаршы метр. Қолға алынған іргелі іс 2018 жылдың ортасына қарай аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. 

Айгүл Байбосынова