ТІРШІЛІК ТІНІ

Уақыты: 03.10.2019
Оқылды: 665
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жақсы менен жаманның бір-бірінен қалмай ілесіп қатар жүретіні, күн мен түннің алмасып тұратыны сияқты мынау дүниеде адам өмірі де ешқашан тақтайдай теп-тегіс болмайды. Бірде мұң, енді бірде қуаныш. Біздің ең бір аяулы әріптесіміз Ильян Жаңабайұлының да өмір жолы даңғыл болды деуге келмес. Өмірінде жағадан алған жау да, етектен тартқан кесір де кездесті. Бірақ жанына сабыр деген досты серік еткен азамат өз биігінде қалуға ұмтылды. Жамандыққа жасымады, жақсылыққа мастанбады. Өмірлік ұстанымы «Қандай жағдайда рухың әлсіз болмағай, күйремеу керек. Ең жаман деген нәрсенің өзінен жақсылық іздеп тұрған абзал» болды. Біз бүгін Алматы облысына еңбегі сіңген қайраткер, кезіндегі тұралап қалған шалғай ауылдардың еңсесін тіктеуде қолтаңбасы ерен, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы Ильян Жәкеев туралы және оның отбасындағы орны жайында сыр тарқатсақ дейміз.


ӘКЕ

Ильян Жаңабайұлы бұрынғы Шелек ауданының Киікбай ауылында туған. Бала күнінде 1943 жылы отбасымен Еңбекшіқазақ ауданының Көктөбе ауылына көшіп келген. Оның балалық шағы өте ауыр өтті. Соғыстан кейінгі ауыр кезең. Әке-шешесі 25 сотық жерге жүгері егіп күнелтетін. Соны күтіп-баптауға бұғанасы бекімеген кішкентай Ильян да атсалысты. Күнде жүгері нанын жейтін ол бидай ұнынан пісірілген тәтті нанды аңсаушы еді. Егістіктегі бидай жиналып біткенде, анасы екеуі тығылып барып қалған-құтқан масағын теріп алуға шығатын. Колхоздың күзетшісі сұсты Безносов бұларды көріп қойса, атпен шауып келіп, бар жиған-тергенін тартып алып кететін. 

Ильян анасы қайтыс болғанда небәрі жеті жаста еді. Өзінің алдында екі әпкесі болды. Үшеуі де тым жас. Қатал өмір кімді аяған, жас-кәрі деп қарасын ба, үшеуі бір-бірін сүйемелдей жүріп, күнін көру үшін жазғы үш ай демалыста колхоздың улы темекі алқабында бел жазбай жұмыс істейді. Кейін әкесі ауыл тұрғындарының сиырларын бағуға өз алдына шыққанда, үш ай демалыста бала Ильян да бақташы болатын. Ашқұрсақ кішкентай бала өзіне ие бермей айдалаға қашқан сиырларды бері қайырамын деп талай жүгіріп жығылған, сүрінген, жылаған. Иә, өмір оны маңдайынан сипай қоймады. Бірақ ол мойымауды, сүрінсе де құламауды, жығылса да бойын қайта тіктеп алуды, кез келген қиындыққа қасқая қарсы тұра білуді, төзімді, табанды болуды сол кездерде үйренді.
1958 жылы орта мектепті бітірді. Екі жыл әскер қатарында болып келіп, ауылындағы жеміс-шарап кеңшарына қарапайым жұмысшы болып орналасады. Елгезек, сергек, тындырымды жас Ильян бірден көзге түседі. Көшбасшылық қабілеті бар жұмысшы жігітті кеңшардың комсомол ұйымының хатшысы етіп тағайындайды. Бұл жастар үшін сол кездегі ең абыройлы, ең беделді қызмет болатын.

1963 жылы аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, кейін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды. Ал 1967 жылы Еңбекшіқазақ аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. Ильян Жаңабайұлы ауданның мәдени тынысын ашып, тамырына қан жүгіртіп, бұл саланы облыс бойынша алдыңғы қатарға көтеріп, республикаға танытқаны үшін КСРО Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталады. 

1974 жылы аудандық ауылшаруашылығы еңбеккерлері кәсіподағының төрағасы болып сайланады. Аудан кәсіподағын басқара жүріп, республика бойынша тұңғыш рет аудандық кәсіпорындар мен ұйымдардың кәсіподақ жарнасының бухгалтерия арқылы аударылуын енгізді. Үш жылдан кейін ол аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметіне шақыртылып, онда 1980 жылға дейін еңбек етеді. Осы жылы аудандық агроөндірістік бірлестігі бастығының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалады. Ал үш жылдан соң аудандағы тұрмыс-тіршілігі тұралап, кенжелеп қалған, бақандай 19 жылдан бері еңсесін тіктей алмай келе жатқан ең үлкен Ильич колхозының партия комитетінің хатшылығына жіберіледі. Осы қызметпен бірге колхоз төрағасының орынбасары лауазымын да қатар атқарады. Білімді азаматтардың жұмысты нақты жоспарлап, дұрыс жолға қоя білуінің, ауызбіршіліктің арқасында Ильич колхозы үш жылда-ақ бойын тіктеп алады.

1993-2004 жылдар аралығында өзінің балалық шағының іздері сайрап жатқан, жүрегіне, көңіліне, көзіне ыстық Көктөбе ауылына әкім болып келіп, біраз жыл абыройлы қызмет атқарды. Ол бір Одақ ыдырап, ел ішін нарықтық экономика тұралатып, екі өкпеден қысқан ауыр кезең еді. Зейнеткерлер алты-жеті айлап зейнетақысын ала алмай жүрген шақ. Ұжымшар, кеңшарлар ыдырап, абдырап қалған елге тұрақты жұмыс жоқ, жұмысы бар дегендерінің өзіне айлап жалақы төленбейді. Сондықтан жұмыстың, істің көзін білетін Ильян Жаңабайұлы жоқтан бар жасауға ұмтылды. Көктөбе мектебінің, балабақшасының, ауруханасының іргетасын құлатпай, отын тапшы болса да жылу беруге, жылытуға, жарық мәселесін де түбегейлі шешуге бел шеше кірісті.

Бір ғана мысал келтіре кетейік. 1998 жылы Жандосов орта мектебінің үшқабатты ғимаратының шұрқ тесік шатырынан аққан жаңбыр суы бірінші қабаттан бір-ақ шықты. Соның кесірінен ылғалданған электр желілері түгел күйіп істен шықты. Қараңғылық құшағында қалған мектепті жабу керек деген мәселе көтерілді. Себебі, оны жөндеуге аудан бюджетінде қаражат жоқ. Ильян Жаңабайұлы ауыл тұрғындарын, кооперативтердің, шағын сауда нүктелерінің жетекшілерін жинап, мектептің шатырын ауыстыруға өз іштерінен қаражат жинауға тура келетіндігін, келесі оқу жылында балалардың оқитын жері болмайтынын түсіндірді. Құрылыс материалдарының құнын, шатырды жөндейтін жұмысшылардың еңбекақысын есептегенде бас-аяғы 800 мың теңге (нарық кезіндегі ең көлемді сома) қаржы керек екен. Жалақысы не зейнетақысы жоқ, өздері әрең күнін көріп отырған халық мұндай соманы қайдан тапсын, бар-жоғы 25 мың теңге жиналады. Бірақ қиындық қаншама алқымнан алса да, пейілі тарылмаған адамдар аз емес екен. Нақтырақ айтсақ, кооператив басшылары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып, қалған 775 мың теңгені жинап әкеп береді. Кезіндегі осындай елге, көпке болсыншы деп атқарылған жанкешті жұмыстарды бүгінгі күні бізге он шақты сөйлеммен қайырып жаза салу оңай ғой, әрине. Ал сол бір кезеңдердің арғы жағында қаншама ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер, ұйымдастырушылық шеберлік, табандылық, қайсар мінез жатыр десеңізші. Бүгінгі күні соның бәрі көрген түстей. 

Ильян Жаңабайұлы 2004 жылдан бастап зейнеттік демалысқа шықса да, аттан түскен жоқ. Бүгінде сескеннің сеңгіріне шыққан әріптесіміз Алматы облыстық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағына қарасты Еңбекшіқазақ аудандық ұйымының төрағасы. Біздің оны жібергіміз жоқ. Өйткені, өмірден көрген-түйгені жетерлік, аппақ шашына бір шаң да қонбайтын аппақ шатырдай жейдесі үйлесе кетіп, сымдай тартылып тіп-тік кетіп бара жататын талғампаз әзиз ағадан біз сұрайтын жөн-жоба әлі де көп.

АНА

Біздің азаматтардың биік белестерден көріне білуі қашанда үйіндегі отын жағып, түтінін түтетіп отырған әйеліне көп байланысты екені ақиқат нәрсе.
Ильян Жаңабайұлының зайыбы – Әде Есдәулетова отағасы секілді анадан емес, әкеден ерте, алты жасында айырылыпты.

Қызының есімін әкесі қасиетті жұма күні туғандықтан Әде деп Құраннан алып қойыпты. Әде – сөзге шешен деген мағына береді екен.

Үлкен молда болған әкесі Тінәлі мен он екі құрсақ көтерген анасы Несіп ауылдастарына асқан сыйлы жандар болыпты. Әкесінің көзі кеткеннен кейін шешесін өз атымен ешкім атамай, барлығы «Есдәулет кемпір», «Комсомол кемпір» деп кеткен екен. Несіп ісмер кісі болған деседі. Көйлек, жейдені сол заманның өзінде қазіргі сәндегі қайырма тігіспен тігеді екен. Қолынан оймағы түспеген. Ою ойып, киіз басатын, жүн түтіп, арқан есетін, алаша тоқитын. Соғыс кезінде тірі қалған үш баласына күні-түні жүн түткізетін көрінеді. Арқан-шылбыр есіп, қысқа-қысқа ақ тондар, тері қолғап, жүн қолғап, шұлықтар тоқыған. Шинель де тіккен. Соның барлығын военкоматтан әскери адамдар келіп алып кететін болған. Кейін білгеніндей, апасының алтын қолынан шыққан сол киімдерді майдандағы солдаттарға жібереді екен ғой. Шешесін сондықтан да «Комсомол кемпір» атаған болуы керек. 

– Шешем  «жоқ» деген сөзді жек көретін. «Бар», «бірдеңесі болар», «табылар», «ел-жұрт ішіндеміз ғой», «бәрі болады, тек денсаулық берсін», «шыт көйлегіңді жыртығы болса жамап, түнде жуып, күндіз жарқыратып киіп жүріңдер», «өлі қойдың өкпесіндей өлімсіремеңдер», «тығып, ұрлап жемеңдер», «дастарқаныңды жұтатпай, қонақ келсе барыңды қой, қабақ шытпай, қара шай берсең де шын көңіліңмен, жүрегіңмен бер, Алла тағала ол қонақтың нәсібін бірге жібереді», «алыс жолға баратын қонақ болса, бір күнде азығын қоржынына салып ұзатып сал, одан сен кедей болмассың» деген сөздерін құлағымызға құйып өстік. Сол ұлағаттарымды келін болып түскен құтты шаңырағымда көрсете білдім деп ойлаймын, – деді Әде апайымыз. 

Осындай ұлағаты мол ұядан ұшып шығып, қазақтың жақсы бір азаматына – Жаңабай атаның Ильян баласына жолығып, дәм-тұзы жарасып қосылады. 
Екі жастың үйлену тойы 1964 жылдың наурызында болып, үш күннен кейін келіншегі үш айға Семейге оқуға ұшып кетеді.

Оқудан келген соң үйге қонақ шақырылады. Бір кезде жас Әде  күйеуіне бірдеңе айтпақшы болып Ильян деп шақырып қалғаны сол еді, өз анасы көзін аларта бір қарады. Сосын қызын оңаша шақырып алып: «Асқар таудай болып атаң отырғанда, көзін бақырайтып қойып ұлының азан шақырып қойған атын атағаның қалай?! Мұның жарамайды», – деді. «Сонда қалай атауым керек, ол күйеуім емес пе?» – дейді бұл. «Жәй ғана «атамның баласы» дей салсаң еш қиындығы жоқ», – дейді сонда анасы. 

Содан бастап Әде қосағының тікелей атын атамай, атамның баласы деп кетті. Оған атасы да, апасы да мәз болатын. Әрине, күйеуінің де ата-анасын құрметтегені үшін келіншегіне деген ықыласы еселене түсті. 

Жаңабай ақсақал өте адуынды, бірбеткей кісі болған деседі. Сондай қатал адаммен келіннің бірден тіл табысып кеткеніне бәрі таңқалысыпты. Үйде қандай шаруа болмасын, атасы Әдемен ақылдасатын. Бұл да жас келін үшін үлкен мақтаныш.

Иә, Әде апайымыз атасының баласына риясыз сүйіп қосылғанын әлі күнге айтып отырады. Сондықтан оның барлық туысын да сондай сезіммен құрметтей білді.

Шешесі: «Күйеуің киініп бір жаққа жиналып жатса, қайда барасың, қашан келесің деп тақылдап тұрып алма. Жолын кесесің. Түзде көбірек жүріп қалса, қызғанышқа бой алдырма, сабырлы бол. Байлыққа қызықпа. Анауым, мынауым жоқ деп еріңнің мазасын ала берме. Барыңа қанағат ет. Сонда тату-тәтті өмір сүресіңдер», – дегенді жиі айтушы еді. Анасының сол өсиеттерін бағдаршам етуге тырысты. Нәтижесінде жаман өмір сүрмегені анық. Қазірдің өзінде Ильян Жаңабайұлы кештеу қалып жатса, «қайда жүрсің» деп ретсіз телефон соғып мазалаған емес. Бірақ ол үнемі рөлде отыратындықтан алаңдап, балаларына «әкелеріңе бір хабарласып қойыңдаршы» дейтіні бар. 

Әде Есік орталығындағы жалғыз қазақ мектеп-интернатында оқып, 10-класты бітірген соң, орысша, ұйғырша, әзірбайжанша, түрікше де білетін оны аудандағы қазақ және орыс тілдерінде шығатын «Алатау жұлдызы» – «Звезда Алатау» газетіне корректор етіп жұмысқа қабылдады. Арада үш жыл өткенде, 1963 жылы аудандық комсомол комитеті аудандық байланыс торабына қызметке жіберіледі. Байланыс торабының  басшысы Марат Есқараев оның сауаттылығын, зеректігін байқап, бағалап, түрлі білім жетілдіру оқуларына жіберіп отырды. 

Әде байланыс торабының училищесінде, одан екіжылдық техникумында сырттай, екіжылдық бухгалтер мектебінде сырттай оқып, бір-бір жарым айлық сессияларына барып оқып жүргенінде, Ильян оған күнара келіп, демалыс күндері машинасына сыйғанынша жанындағы қыздарды салып алып, «Медеуге», Қапшағайға қыдыртатын. Оқуына бірде-бір рет кедергі болған жоқ.

Ерлі-зайыптының бір ауданда, бір ортада еңбек ете жүріп, бір-бірінің кызметіне араласып көлеңке түсірген де жері жоқ, бір-біріне кедергі келтірмеді, тек керек жерде көмектесіп, бір-біріне ақыл қосып отырды. Екеуі де тамыр-таныссыз-ақ, адал жолмен, таза біліммен қызметте сатылап өсіп, лауазымды жұмыстар атқарды. Екеуі де партия ұйымының хатшысы болды. 

Жас кезінде екеуі де аудандық көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болған. Әде Тінәліқызы би де билеп, сахналық қойылымдарға қатысып, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» пьесасындағы Шұғаны ойнаған. Ал Ильян Жаңабайұлы үйірмедегі хордың жетекші дауыстағы әншісі болған. Сымдай тартылған сымбатты жігітке қыз біткен қызығушы еді дейді замандастары. Оның дауысы керемет болған. Сондықтан да құрдастары «біздің Ермек Серкебаев» деп әспеттеген көрінеді.

БАЛА

Елу бес жылдан бері бір шаңырақ астында жарасымды ғұмыр кешіп келе жатқан Ильян Жаңабайұлы мен Әде Тінәліқызының, өз сөздерімен айтқанда, он балаға бергісіз Ермек атты ұлы мен Ақмарал есімді келіні бар. Ильяс пен Адия деген сүйкімді, тәтті екі немересі туралы айтқанда ата-әжесінің жүздері нұрланып сала береді.

Екі немересі күнде жандарында. Бірақ екі балапаны күндіз сабақтан соң үйірмелерге, түрлі курстарға кетіп қалса, атасы мен апасы жолдарына қарайлап сағынып отырады. «Олар кешке қарай құшақтарын ашып, кішкентай қанаттарын жайып, арсалаңдай кіріп келгенде, үйдің іші нұрға толып кетеді ғой, шіркін», деп қуаныштарын бөлісуден де жалықпайды. 

Балалары сондай тәрбиелі. Қашан барсақ келген мейманның алдынан жүгіріп шығып, ілтипат көрсетіп жатады. Иә, екеуі кезінде Ермегіміз деп барын, күш-қайратын  жұмсағанда, жетелі, текті ұл бүгінде сол еңбектерін ақтады. Қазір ата-анасын бағып-қағып, аялап отырған сол Ермек Ильянұлы. Өзі жоғары білімді экономист-инженер, Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігінде ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы болып абыройлы қызмет атқарып жүр.

– Әрине, жасырып қайтемін, Ермегімнің жалғыздығын ойлағанда, «неге төрт-бес балам болмады екен» деген өкініштер де мұңайтатын. Бірақ жаратқанның бұйыртқаны сол болды. Қазір көңілім тыныш. Ермегім жақсы келін түсірді бізге. Текті жерден шыққан Ақмаралымыз қас-қабағымызды бағып жүреді ылғи. Бізге одан артық керегі де жоқ. Бар болғыр Ақмаралым ешқашан тұнжырап отырмайды, басымыз қосылған жерде ылғи емен-жарқын болып күлісіп отырамыз. Осындай қыз тәрбиелеген Әзілжан құда мен Райхан құдағиымызға ықыласымыз ерекше. Иә, біз бақыттымыз! – дейді Әде апай.

Айтпақшы, осы бір ғажап жандар тұрып жатқан зәулім үйдің бір бөлмесі толған гүл. Бейне жап-жасыл бақ дерсіз. Бұл бөмеге кірген адамның тынысы ашылып, жаны жадырап қалары анық. Ильян Жаңабайұлы апамызға мерекелерде, туған күндерде үнемі гүл сыйлап жүреді. Бұл гүлдер де біз білетін Ильян аға мен Әде апайдың жақсы күндері мен шуақты сәттеріне ылғи тілекші екендігі анық.

Бүгінде қатар өсіп, қатар жетілген, не көрсе де бірге көрген Ильян Жаңабайұлы мен Әде Тінәліқызының кеудесінде бірнеше медаль жарқырап тұр. Екеуінде де атақ-абырой жетерлік. Ал ең бастысы – еш жерге табан аудармай, бір топыраққа дән сеуіп, соны адалынан өсірген ерлі-зайыптыны Еңбекшіқазақ ауданының үлкен-кішісі түгел таниды, құрметтейді, бағалайды. Әсіресе, ауданның қадірлі ақсақалы – Ильян Жаңабайұлын аудан басшылығы көрнекті тұлға, бетке ұстар ұлағат иесі, аузы дуалы қария ретінде ылғи алқалы жиындардан қалдырмай шақырып отырады. 

Бағаларыңыз асып, мәртебелеріңіз биіктей бергей, аяулы жандар! Сіздер барлық құрметке лайықсыздар!

Рая ЫДЫРАЛИЕВА,
облыстық жергілікті 
агроөнеркәсіп кешені және 
мемлекеттік мекемелер 
қызметкерлері 
кәсіподағының төрайымы, 
Алматы облысының 
Құрметті азаматы