Сатып алу жүйесі жетілдіріледі

Уақыты: 22.06.2017
Оқылды: 1363
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Үкімет сатып алулар жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастырмақ. Сондай-ақ, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары әзірленіп жатыр.  Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте сөз болды.

ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бір жарым жыл бұрын іске қосылған мемлекеттік сатып алулардың веб-порталының платформасы сатып алулар жүйесін толық автоматтандырып, қатысушыларды веб-портал арқылы онлайн режимде электронды камералық бақылауға өтуге мүмкіндік берген. Жалпы, қабылданған шаралар конкурсқа қатысушылардың орташа санын төрт есеге ұлғайтқан. Жүйені одан әрі жетілдіру мақсатында формальді себептермен ауытқуларға жол бермеу үшін сатып алуларға қатысушыларға қойылатын талаптар жеңілдетіліп, тәжірибе мен салық жүктемесінің коэффициентіне баса назар аударылмақ. Сондай-ақ, алдын ала біліктілікті іріктеу институты кеңінен қолданылатын болады. 
ҚР Қаржы министрлігі ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, отандық өндірушілерге қолдау көрсету шараларын әзірлеген. Оның ішінде бірыңғай ұйымдастырушы арқылы сатып алынатын тауарлар мен жұмыстардың және қызмет көрсетулердің тізімі ұлғайтылып, ұсақ сатып алуларды үлкен лотқа біріктіру көзделген. Қазіргі кезде квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын заңнамалық реттеуді қарастыратын заң жобасы әзірленіп жатқан көрінеді. ҚР Қаржы министрлігінде квазимемлекеттік сектордың субъектілеріне бірыңғай сатып алулар ережесін бекіту бойынша уәкілетті органдарды анықтау жоспарланған, олардың ішінде «Самұрық–Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ бар. Ұлттық компаниялардың сатып алулары үшін жеке ережелер әзірленіп, олар мемлекеттік сатып алуларға қарағанда барынша икемді болмақ. Осы ретте «Самұрық–Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов хабарлама жасады. 
ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәліметінше, 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын әзірлеуде. Медициналық ұйымдардың желісі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспары негізінде жүйеленбек. Алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, медициналық ұйымдардың менеджментін жақсарту, инвестициялар тарту және жеке сектордың үлесін ұлғайту, денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен экономикалық тиімділігін арттыру көзделген. Осыған байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі А. Браун, Азия даму банктің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Дж. Капаннелли, облыс әкімі Амандық Баталов баяндады. 
Жиын соңында Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары саласын жетілдіру бойынша заң жобасына қатысты жұмыстарды уақытылы аяқтауды және ұсынылатын қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.  

 

Айгүл Байбосынова