Сиырдың сүті тілінде

Уақыты: 25.07.2017
Оқылды: 1560
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жаз айлары ауыл тұрғындары үшін нағыз қарбалас кезең.  Себебі, осы уақытта тіршілікке қажетті барлық азық-түлік қорын қамдап алу қажет. Төрт түліктің қомын арттырып, қысқы мал азығын жинап алудың да маңызы зор. Бірінші май округіндегі Бекболат ауылына қарасты  «Байбеков» жеке кәсіпкерлік ұжымы жаздың әрбір күнін тиімді пайдалануды мақсат етіп қойғаны да сондықтан.

«Байбеков» жеке шаруашылығының атқарушы директоры Бақытжан Әлменбетов үшін де жұмыс жетіп-артылады.  Ол басшы екенмін деп қарап отырмай, механизаторлардың   тиімді еңбегін қамтамасыз ету жолында аянбай тер төгуде. Бесаспап маман ұйымдастыру жұмыстарымен қатар шөп шабатын  техниканың қажетті бөлшектерін тауып әкелуді, түскі ас мәзірін жеткізуді өз мойнына алған.  Осы шаруашылықта көп жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан ол ұжым мүшелерін ғана емес, жердің жағдайын да бір кісідей білетін болып шықты. Кешегі кеңестік кезеңде «Бірінші май тәжірибе шаруашылығы» ретінде кеңінен танылған құрылымның өткені мен бүгіні туралы әңгімесі де бізді қызықтырды.
– Өздеріңізге белгілі, Кеңес үкіметі ыдыраған кезде ел экономикасы ауыр күйге душар болды. Сол кезеңде ірі зауыт-фабрикалармен бірге кеңшар-ұжымшарлар да күрделі кезеңді бастан кешірді.  Бұл тоқырау тәжірибе шаруашылығын да айналып өткен жоқ. Шаруасы шатқаяқтаған құрылымды Байбековтер отбасы өз қолына алатыны да осы тұс. Тендерді жеңіп алғаннан кейін шаруашылықты қалпына келтіруге 100 млн. теңге жұмсап,  жұмысты жолға қоюдың шаралары атқарылды. Ең бастысы, ауыл адамдары үшін жұмыс орындары ашылып, болашаққа деген үміттің оянғаны қуантады. Осылайша ауыл өміріне қан жүгіріп, тіршіліктің  оты тұтанады. Бүгіндері алқаптарды «Байбеков» шаруа қожалығы мен Қазақ кортоп және көкөніс ғылыми-зерттеу институты біріге игеріп келеді.
Ұжым мүшелері  егін шаруашылығымен қатар  төрт түлікті түлетіп келеді.  Малға қажетті азықты да өздері дайындауды әдетке айналдырған. Бүгіндері өздеріне тиесілі 170 бас мүйізді ірі қара, 250 қой-ешкі және 50 бас жылқыны қыстату үшін қажетті жемшөп қорын дайындау үстінде. Қазірде шаруашылықтың механизаторлары Нұрболат Момынов пен Айдар Дәулетбаев шөп шауып, ізінше рулондарға тайлау жұмыстарын жүргізуде.  Аумағы ат шаптырым алқапта дөңгелеп жатқан тайланған шөптер осы жігіттердің жұмыстарының жемісі.
Бүгіндері шаруа қожалығында 15 адам еңбек етеді.  Жұмысты өзара бөлісіп, жауапкершілік жүгін артқан ұжым мүшелерінің қапысыз қимылы көз қуантады. Нұрболат пен Айдар шабындықтағы жұмысқа жауапты болса, Ілияс Гусеинов  картоп алқабын өз мойнына алған. 
– Биыл жердің ылғалы мол болып тұр, – дейді Ілияс Балабекұлы өзінің қарауындағы бақшалықты көзімен шолып. – Осыған орай, екінші нан деп аталатын картоптың шығымы да жаман емес. Түйіндері ірі. Сонымен қатар, оған ешбір химиялық тыңайтқыш қолданылмаған, – дейді шаруашылық жайынан хабар беріп. 
Осыншама жұмысты игеру үшін техника күші қажет екені түсінікті.  Шаруашылықтағы 5 трактор, «КамАЗ», «ЗиЛ», «Газ – 53» автокөліктері әзірге осы шаруаларды атқаруға жарап-ақ тұр.  Қожалыққа 2246 гектар алқап тиесілі болса, оның 400 гектары егістікке, 62 гектары шабындыққа арналған. Ал қалған жерлерді жайылым ретінде пайдалануда. 
Жердің құнарлылығын арттыру мақсатында ауыспалы егістік шаралары сақталынып, агротехникалық жұмыстар жүргізіліп келеді.  Жерге қамқор көңілмен қарасаң, оның да қайтарымы мол болатынын жақсы білетін ұжым мүшелері өздерінің болашағы жарқын болатынына сенімді.
Қарасай ауданы.

Қуат Қайранбаев