Тән тәуелділігі

Уақыты: 31.07.2017
Оқылды: 1283
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Журналистік зерттеу мақаламның келесі тақырыбы жан түршіктіретін, жамандыққа бастау болатын маскүнемдер мен нашақорларға арналды. Иә, араққа салынып адасып жүргендер мен есірткіге беріліп елес қуғандардың жай-күйін білгім келді. Шөлмектен шаттығын көріп жүрген жандар бүгінде жетерлік. Бірақ бұларға тоқтау бар ма?! Әлде маскүнемдікке салынып, есірткіге еліргендер өмір бойы сол жолмен кете ме?! Міне, осыны анықтау мақсатымен облыстық наркологиялық диспансеріне жол тарттым. Аталмыш мекеме өңірімізде Талғар  ауданы мен Талдықорған қаласында орналасқан. Облыс орталығында үш бөлімі бар. Мен науқастарды соттың шешімімен мәжбүрлеп емдеу бөліміне бас сұқтым. Себебі, ең күрделі де қиын жағдайға тап болғандар осы бөлмеден табылады.

... бір күні қызықтап шөп шектік. Ол алғаш шеккен кезім еді. Ішкеннен бөлек керемет күйге бөленгендей болып, ертесінен бастап сол әрекетті әдетке айналдырдым. Балалармен жиналып алып күнде кешкісін рахатқа бөленетінбіз...

Көше қилысында орналасқан сұп-сұр ғимараттың ішіне ендім. Шынымен де көңілің түсіп, иығыңнан белгісіз күш басатындай. Тағдырдың тепкісіне түскендер жатқан мекеменің сыртқы есігін де аштым. Үрейлі, қорқынышты, аянышты. Күзетші қарсы алып, басшының рұқсатын күтуімді өтінді. Сол аралықта күзет аймағының арғы бетіндегі ары-бері сабылып жүрген науқастарды көрдім. Науқас болғанда ауырып, жатып қалған ешбірі жоқ. Барлығы тепсе темір үзетін жігіттер. Тек беттерінде қалған сызаттар мен көздерінің астындағы ісіктер арақтан қалған ауыр белгіні білдіреді. Бірі бұрышта өздігімен ойланып отырса, екіншісі кіріп-шығып, бірдеңені жоспарлап жүр. Ал кейбірі үлкен шеңбер жасап әңгіме-дүкен құруда.Ғимараттың тазалығына тәнті болдым. Бір ойым, осындай жағдайдағыларға мұнша тазалықтың не керегі бар деймін? Гүл өсіп, ауаны салқындататын су шашылып тұр. Жөңкіліп жүрген науқастар болмаса, бейне бір көңіліңді тыныштандыратын демалыс орны сынды. Аталмыш бөлімнің меңгерушісі Айдар Ахметжанов жылы қарсы алып, құрмет көрсетті. Сөзіме асықпай құлақ түріп, келген мақсатыма қуана қарап, бөлімдерді аралатып, ғимаратты көрсетуге ыңғайланды. Зал бойымен жүріп келеміз. Ғимарат өте тар, науқастарды жатқызу тұрмақ адамдардың жүріп-тұруына кедергі көп. Айдар Дәулетұлы бөлмелерді аралатып, түрлі тағдырмен таныстырды. Еңгезердей жігіттердің түр-әлпетіне қарап емдеу шараларының қуатын сездім. Жүре алмай, ол тұрмақ, бір орында тұра алмай, ащы судың кесірінен күйініп келгендер тікесінен тік тұрып адам қатарына қосылған. Оған дәлел –шалқасынан жатып, уайым-қайғысыз теледидар тамашалап жатқан жігіттің әрекеті. Көпшілігі осындай, жағдайлары әлдеқайда жақсарған. Жаңадан түскен кейбірі ғана есірткі мен ащы судың себебінен бүк түсіп, әлі де ауруының ауыртпалығын көтеріп жүр. Бір бөлмеде кем дегенде алты адамнан жатыр. Кейбірі өзінше ұғысып әңгіме құрса, бірі біздің келгенімізді жақтырмаған сыңай танытып сыртқа шығып кетті. Қуантқаны, көпшілігінің қолында кітап, романдар мен повестер. 
Осы сәтті аңғара салысымен бөлім меңгерушісінен сұрап едім, кітапхананың бар екенін айтып, сол маңға апарды. Көзіммен көргенім, қазақша-орысша кітаптың түр-түрі тұр. Қалағандары келіп, жаздырып алып оқиды. Мекемеде жалпы үш пост бар. Ол жерде науқастардың денсаулығы мен жан тыныштығын бақылап, 24 сағат бойы кезекшілік ететін медбикелер отыр. Қызықтап сұрап едім, есірткі тұтынғандар мен маскүнемдер алғаш түскен сәтінде түнімен қиналып шығатын көрінеді. Себебі аталмыш улы заттарды тұтыну бұл жерге түскен соң әсте мүмкін емес. Оның орнын бойға қуат дарытатын дәрі-дәрмектер басқан. Әр бөлмеде теледидар қойылып, асхана жұмыс істеп тұр. Тәулігіне төрт мезгіл тамақ беріледі. Жалпы айтқанда көше кезіп, арақ іздеп жүргендер үшін бұл демалыс орталығымен тең. Жуынып-шайыну уақыттары да кестеленген. Таңғы сағат 6-да ұйқыдан тұрады. Түскі тынығу уақыты екі сағатты құрайды. Дәліз бойында бейнекамералар қойылған. Ол мұндағы тәртіпті қадағалау үшін жұмыс істеп тұр. Әйтпесе кілең ер-азаматтар болғандықтан кейде түсініспей, төбелесіп қалатын кездер де болады. Бөлмелерді аралап жүргенімде алдымнан бір жігіт шығып, журналист екенімді сезіп, сұрағы барын жеткізді: «Біз мұнда мүгедектер емеспіз, тепсек темір үземіз. Екі қолға бір күрек тауып берсеңіздер», – деп өтінді. Мекеме жанына жаңадан салынып жатқан ғимараттың құрылыс жұмыстарына бізді жалдаса дейді. Әрине кеше арақ ішіп жүрген жігіттің бүгінгі бұл сөзі көңіл қуантты. Бірақ бұл сауалға оңды жауаптың жоқтығын білмейді-ау, бәлкім. Себебі соттың шешімімен жабылған адамға ешкім, ешбір мекеме сенім артпайтыны анық. Бұл мәселе жайында Айдар Дәулетұлы толықтырып өтті. 
– Иә, бізде заң бойынша еңбекпен емдеу блогы болуы керек. Бұл дегеніміз өзіміздің цех болып, науқастар тәулігіне екі сағат көлемінде қызмет етуі тиіс. Бірақ бүгінгі таңда бізде бұл жағдай қарастырылмай отыр, – деді. 
Емделушілердің бөлмесін аралап, меңгерушінің кабинетіне жақындағанда жаңадан келген науқасты кіргізіп жатқанын көзім шалды. Оның енді келіп жатқанын әлі де аузынан шыққан арақ иісінің алысқа мүңкіп тұрғанынан, есін біле алмай отырғанынан сездім. Жанына бардық. Дәрігер Нағима Нұрғалиеваның сөзіне сүйенсек, бұл кісі кеше түскен. Осында әкелгендегі сәтін суреттеп беріп еді, бейнебір көшекезер қайыршы көз алдыма келді. Киімдері жыртық, беті көгеріп, тепкінің астына түскен. Қайда, не істеп жүргенін сезбейтін болған. Мекеме қызметкерлері оны суға түсіріп, шашын ретке келтіріп, сақал-мұртын қырып адам қалпына келтіргені осы. Мұның өзі оңып тұрған жоқ. Нағима Тұрлыбекқызы маскүнемнің осында түсу тарихын да баяндап берді. Сегіз ай бойы тоқтаусыз араққа салынып, көз алдындағыларды қиратып, анасын ұрған. Кешірімді ана жүрегі шыдам танытқанымен соңында баласына қапаланып, тәртіп сақшыларының қолына тапсырған. Оның өзінен қашып құтылып, кейіннен қайта құрықталған. Міне,  оның ендігі серігі осы мекеме болып тұр. 
Қоғамның мұндай мәселесі жыл өткен сайын ушығып барады. Оған бөлім меңгерушісінің сөзі дәлел. Оның айтуынша, аталмыш мекемеге келушілердің қатары артқан. Бір қуантарлығы, нашақорлар сирек кездеседі. Мәселен, бұл орталықтың өзінде есірткі қолданып ұсталған төрт науқас қана бар. Қалғанының бәрі маскүнемдер. Ал нашақорлардың аз болу себебі, олар байқатпайды немесе құрықталуы қиын көрінеді. Орталықта қазірдің өзінде 90 науқас ем алуда. Сот шешімімен күніге келіп жатқандар саны да жетерлік. Бірақ төсектің аздығынан, орынның тарлығынан мұнда емделу уақыты жеткендері шыққанша ешкім кіргізілмейді. Ал емдеу уақыты 6 айдан 3 жылға дейін. Алты жыл емделетіндер аз екен. Көпшілігі 2 жыл мерзімге жабылған. Жас айырмашылықтары да жағаны ұстатады: 29 бен 80 жас аралығындағылар. Тіпті, кейбірінің немере-шөберелері бар. Ал кейбірі бойдақтықпен әлі қоштасып үлгермесе де ащы сумен достасып үлгерген. Мекемеден ем-домын алғандар араға бірнеше уақыт салып қайта келетін көрінеді. Меңгеруші мұның себебін сот шешімімен жабылғандар емделіп шыққан соң алкогольмен 3 жыл, есірткімен 5 жыл арнайы тіркеуде тұруымен түсіндірді. Ал тіркеудегілердің жұмысқа орналасуы әсте мүмкін емес. Міне, емделіп шығып, жұмыс іздеп, таппағандар ащы сумен қайта достасып, қайта түседі. Бұл да бір өзекті мәселе болса керек. Мәжбүрлеп емдеу мекемесінде тек ерлер ғана. Сот шешімі шыққан ішкіш әйелдер де бар. Олар үшін Талғардағы аталмыш ғимараттан орын дайындалған. Бірақ облыс көлемінде ол өте тарлық етеді. Себебі, бар-жоғы 10 орын ғана әйел  ішкіштерге арналған. Ал арнайы өз еркімен емделгісі келетіндерге бөлек орындар қарастырылған. Ол жерде ары кеткенде 20 күн мерзімде емдейді. Сот туған-туыстардың арыз-шағымын тыңдап, олармен міндетті түрде ақылдаса отырып шешім шығарады. Білгеніміз, үйдегі затты сатып арақ ішіп, болмаса шөп шегіп әйелін ұрып, баласын аямағандарға шыдамаған туыстары түбінде соттың қолына өздері ұсынады. 

 

Науқастармен сұхбаттасып көргенімде бәрінің орталыққа көңілі тоқ. Емдеушілерге деген алғысы да жетерлік. Бірақ мекеме қызметкерлеріне жағдай жасалмаған. Сонда да барға қанағат деп   аядай кабинетте төрт қызметкердің отырғандығы көңіліңді күпті етеді. Дегенмен мемлекет көмек беріп, жанынан жаңа ғимарат салып жатыр. Құрылыс жұмыстары да басталып кеткен. Тек соның өзі 80 орынды екендігі қажеттілікті толық өтей алмайтындығына тағы бір мәрте дәлел. Себебі қазірдің өзінде 90 орынға адам сыймай, кезекте тұрғандар бар. Міне, осы мәселенің шешімі толық бітпесе, көшеде арақ ішіп, тәртіпсіздік жасайтындар тыйылмақ емес. Қазіргі таңда  наркологиялық орталықта тәртіп күшейтілген. Кемшін тұстары көзге түсе бермейді. Науқастардың қашып кету, мекемеде төбелесу фактілері тыйылған. Күзет қызметі 24 сағат үздіксіз жұмыс жасайды. Дегенмен, әр адамның өз санасына бермесе осындай орталықтар арқылы маскүнемдікті жойып, есірткіге елігуді біржола тыю мүмкін емес. Бұл – тек жағдайдың қатты ушығуынан қорғайтын мекеме ғана.

Кешірім сұраймын

Саят Сәрсенбекұлы, (аты-жөні өзгертілген):
– Мен осындай жағдайға душар болғаныма қатты өкінемін. Бала кезімде әке-шешемнің еркесі болдым. Көп нәрседен тыймай, бетімнен қақпай өсірді. Содан көшеде көп жүретін болдым. Мектеп бітірмей жатып, ащы судың дәмін татып көрдім. Қызығушылығым артып, достарыммен бірге әңгімелесіп отырып ішуді әдетке айналдырдым. Кейіннен сәл жағдай болса сол ащы су арқылы шешуге дағдыланып алдым. Оқуға түсе алмай қалдым. Барлық достарым қалаға кеткен соң, қапаланып тағы да іштім. Үлкендермен қосылып алып, үйге келмей қаңғуды шығардым. Әйтеуір бір күні бағым жанып, әке-шешемді де қуантып үйленіп, балалы болдым. Бірақ балалық шағымда қиындық көрмегеннен кейін, отбасылық жағдайды көтеріп кету оңай болмады. Күнде ұрыс-керіс, жанжал. Барамын ішемін. Жұмыстан да қол үздім. Сөйтіп жүргенде әйелім де баламды алып кетіп қалды. Сәтсіз күндеріме нәубет айтып, тағы да ащы судан рахат таптым. Қателігімді кейін сезіндім. Қазір ойласам, жанарыма жас тұнып, жүрегім ауырады. Арақ таппаған күндері әке-шешемді ұрып, үйдегі заттарды сатуды шығардым. Ешкімге сүйкімім болмай көшеде қалдым. Тепкіде жаттым, үсіп те кеттім. Бірақ ата-ана ондайға баласын бәрібір қимайды екен. Тәртіп сақшылары арқылы тауып алып, талай емшіге де апарды. Нәтижесі шамалы. Міне, болмағаннан кейін осы мекемеге өткізді. Қазір келіп, халімді біліп тұратын да сол байғұс әке-шешем. Сол кезіндегі қателігім үшін қатты қапаланамын. Ендігі кезекте осы жерден емделіп шықсам, жынның суынан татып алмаймын деп өз-өзімді қамшылап отырмын. Бәрінен кешірім сұрағым келеді.

Өмірді қайта бастаймын

Жәнібек Мұратұлы, (аты-жөні өзгертілген):
–  Мен бала күнімнен шылым шегіп келемін. Кейіннен мектеп бітірерде оның да қызығы таусылды. Ішіп те көрдік. Қаланың баласы болған соң небір дүниеге қол жеткізу де мен үшін оңай болды. Айналамдағы араласатын достарым да мен не деймін, соған бірге баратын. Бір күні қызықтап шөп шектік. Ол алғаш шеккен кезім еді. Ішкеннен бөлек керемет күйге бөленгендей болып, ертесінен бастап сол әрекетті әдетке айналдырдым. Балалармен жиналып алып күнде кешкісін рахатқа бөленетінбіз. Ол да түбінде қызық болмады. Басқа бір түрлерінің барын естіп, көріп, тұтынатын дозаның да мөлшерін ұлғайттық. Сөйтіп басқа бір әлемге түстім. Әкем бала кезімде қайтыс болған соң еркін кеттім. Анамды тыңдау дегенді бұрында-ақ ұмытқанмын. Тек кенже бауырым бар. Ол әлі бала болатын. Сөйтіп қызық қуып жүріп не оқымадым, не қызметке тұрмадым. Көп көлемде ақша керек болды. Тығылып ұрлық та жасадық. Әйтеуір қажет дүние табылып отырды. Бірақ кейіннен араға уақыт салып қайта шектім. Тамырға жүгіртетін түрін көрген соң тіршілікті біржола ұмыттым. Анама айқайлап, інімді ұра бастадым. Ештеңе көрмеймін. Жаман жолдың бәріне бардым. Кейіннен қапаланған туыстарым байлап та ұстады. Дұрысталды-ау дегенде жұмысқа да тұрғызды. Одан бірақ қайыр болмады, есірткіге тәуелділігімді тоқтата алмадым. Ақыр түбінде осы арадан табылдым. Басында қиналдым, ауырдым. Бірақ қазір емдеу орталығына ризамын. Себебі, кітаптар оқыдым, жаман әдетті ұмыттым, жоспар құра бастадым. Бұйыртып, уақытым жетіп шықсам өмірді қайта бастамақпын. Өмірді өзгеше сүрем деп жүріп өліп қала жаздағаныма өкінемін.

Құралбек СӘБИТОВ