АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЕҢ ҮЛГІЛІ ОТБАСЫНА БІР МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БЕРІЛДІ

Уақыты: 14.07.2021
Оқылды: 1760
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау, ата-ананың бала тағдырына, бала тәрбиесіне жауапкершілігін арттыру мақсатында елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіледі. Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында осы байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Мерейлі отбасыларды облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ арнайы құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Облыс деңгейіндегі байқаудың іріктеу кезеңіне 400-ден аса өтініш келіп түскен. Оның ішінен 40 отбасы бірінші кезеңде әулет тарихы жинақталған альбом ұсынды. Олардың арасынан 20-сы екінші кезеңде бақ сынады.

Аталмыш байқау биыл жетінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Осыған орай әр жылдары жеңіске жеткен отбасы есімдері аталды. Одан бөлек, жеңімпаз болған 4 отбасына қатысты бейнебаян тамашаланды. Жүлдегерлерді марапаттауға арналған салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов сөз алып:

– Халқымызда «Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы» деген дана сөз бар. Ізгілікті, өнегелі, мерейлі отбасылар қашанда көпке үлгі болуы тиіс. Үйелмелі-сүйелмелі бала-шағаны бір шаңырақта өсіріп, ержеткізіп отырған ата-ананың еңбегі ерен. Олар бір-біріне бауырмал болып келеді. Кең-байтақ жерімізге ие болатын ұлағатты ұрпақ өсіру – бәрімізге міндет. Ендеше, бүгінгі байқаудың тәрбиелік маңызы зор. Елімізде мерейлі отбасылар саны арта берсін. Марапаттарыңыз құтты болсын, – дей келіп, байқауға қатысқан отбасыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, республикалық кезеңге жолдама алған отбасыларға сәттілік тіледі.

Осыдан кейін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық деңгейдегі жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне кезек берілді. Марапаттау рәсімін Лаззат Махатұлы атқарды. Үшінші орын екі отбасыға берілді. Ең алдымен сахна төріне Панфилов ауданынан «Медицина қызметкерлері әулеті» атанған Мансұровтар отбасы шықты. Диплом мен 300 мың теңгенің сертификатына ие болған бұл отбасының ұл-қыздарынан бөлек, келіндері де – ақ халатты абзал жандар. Соңғы екі жылдағы елдегі жағдайда дәрігерлердің еңбегі зор. Осындайда Мансұровтар әулеті сынды өз ісінің білікті мамандары болғаны қуантады.

Үшінші орыннан көпбалалы Сәдуақасовтар әулеті марапатталды. Отағасы да, отанасы да – қарапайым шаруа адамы. Кербұлақ ауданының тұрғыны Гүлназ Шәкенова 42 жасында 14 баланың анасы атанды. 15 жасында тұрмысқа шыққан Гүлназ бен жолдасы Сәрсенбайдың тұңғыштары Жадыра 26 жасқа толса, кішкентай Нұрғалым 2021 жылдың наурызында дүниеге келді.

Жүлделі екінші орыннан "Jetisy" газетінің журналисі, әріптесіміз Қажет Андас шыққан әулет көрінді. Андас отбасы – халық шығармашылығын, қазақ фольклорын зерттеумен айналысатын, ата мұрасын ардақтаған, білім-ғылымға құштар, ұлттық өнерді жалғастырған, көп балалы әулет. Бүгінде 7 бала, 16 немере  тәрбиелеп отыр.

«Андас отбасы»  ата-бабалары тұтынған бес ғасырлық 700-ден астам мұрасын сақтап, бүгінге жеткізген ұқыптылығымен көзге түсті. Солардың қатарында ең құндысы – Солтангелді бидің күмістелген ер тоқымы мен Ұлтарақ батырдың көн тоқымы. ХVII ғасырға тән жәдігер бүгінде Тұңғыш Президент – Елбасының «Атамекен» мәдени орталығының қорында сақтаулы. Әсіресе, осы әулет 108 жыл тұтынған бесікке Андас әулетінің 41 баласы бөленген. Бұл жәдігерлерді әулеттің отанасы, этногроф, ата мұрасын сақтаушы, ұлттық қолөнерді жалғастырушы Әуесхан Мажайқызы аялап сақтап, атажұртқа жеткізіп, ел игілігініе айналдыруда. Андас отбасына 700 мың теңге табысталды.

Бас жүлде мен бір миллион теңгенің сертификатын Еңбекшіқазақ ауданынан Исабековтар отбасы иеленді. Бұл отбасы ата кәсіпті насихаттап, бүркітшілікті дәріптеуде. Әулеттің Нұра ауылында «Жеті қазына» құсбегілік мектебі әрі мұражайы бар. Әулет кезінде керемет сері болған, жалпақ қазақ даласына құсбегілігімен аты шыққан Жалайыр Шораның ұрпағы. Бұл кісіні халық «құстың тілін білетін әулие адам» деп құрметтеген.

Жеңімпаз және жүлдегер отбасыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.  Барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Жеңімпаз отбасы байқаудың республикалық кезеңіне қатысатын болады.

Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ

Алматы облысы