КЕГЕНДІКТЕРДІ ҚАНДАЙ ЖАҚСЫЛЫҚ КҮТІП ТҰР? АУДАН ӘКІМІМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 30.10.2021
Оқылды: 1629
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Кеген ауданының қайта қалпына келгеніне 3 жылдан асты. Бұл аз да, көп те уақыт емес. Алайда, осы бір қайта құрылудың қиындығы мол жылдардың ұсынғаны жетерлік, бергені айтарлықтай. Аудан орталығы, жекелеген елді мекендер уақытқа сай бой түзеп, көркіне көрік қоса түсті. Қызырлы өңірдің бүгіні берекелі, ертеңі нұрлы, келешегі кемелді. Тарихи құндылыққа толы өлке бүгінгі таңда туризмнің де бір Отанына айналуда. Қайта қалпына келген Кеген ауданында 12 ауылдық округ бойынша 34 елді мекенде өмір оты жарқырайды. Біз қамбалар дәнге толған күз айында өңірдің бір перзенті, аудан әкімі Талғат БАЙЕДІЛОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Туған жердің көкке шұбатылып жататын көк түтінін көзбен көріп, арайлы таңын, шуақты күнін, жанға жайлы кештерін қарсы алудың өзі қандай бақыт десеңізші?! Алыс-жақын шетел туристерінің, республикамыздың түкпір-түкпірінде тұратын тұрғындардың назарын өзіне аударып, қызығушылығын тудырып келе жатқан туған өлкеңіз туралы ой-пікіріңіз қандай?

– Бойымызға қуат, ойымызға нәр беріп келе жатқан туған ел мен жерімнен айналайын! Жанынан сәл ғана алыстап кетсем саялы құшағына қайта асығып тұрамын. Ата-бабаларымыз сан ғасыр киелі қоныс етіп келе жатқан өлкенің топырағы құнарлы, жері киелі, қойнауы құтты, құшағы берекелі де мерекелі. Біз әрдайым осындай жерді, көркем өңірді, құтты мекенді сырттан көз алартқан жауларынан қорғап, қоршап, кейінгі ұрпаққа сыйлап кеткен батыр бабаларымызға мың мәрте алғысымызды айтамыз.

Кеген ауданы тарихи құндылыққа толы өңір. Әйгілі Қарқараның жайлауы сан ұрпақ іздеп келіп көретін жер болып қала береді. Біздің аудан санасаң саусағың жете бермейтін ғалымдардың, қаламгерлердің, өнер тарландарының мекені. Ғалымдар мен жазушылардың ізін жалғап келе жатқан жаңа да жас толқын ұрпақ жетіп-артылады.

– Талғат Ескендірұлы, Кеген ауданының қайта қалпына келгеніне үш жылдан асып, төрт жылға аяқ басып барады. Соңғы үш жылдың жетістіктері қандай?

– Араға жиырма жыл салып қайта қалпына келген аудан көптеген қиындықты бастан өткізді. Бюджеттік мекеме қызметкерлері бірнеше айға дейін уақтылы еңбек-ақыларын ала алмады. Оның бәрі артта қалып, қалыпты еңбек ететін жағдайға жеттік. Аудан орталығынан спорттық-сауықтыру кешені салынып, пайдалануға берілді. Аудан ашылған шақтан бері қарай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі құрылды. Қазіргі таңда аталған мектеп спорт кешенінде жұмыстарын жүргізіп келеді. Әр күн сайын екі жүзге тарта оқушы спорттың әр түрімен айналысуда. Жалаңаш өңірінде Кеген балалар өнер мектебінің филиалдары ашылып, дарынды шәкірттердің талаптары ұшталуда.

Білім саласында да жақсылықтар мол. Атап айтар болсақ, таулы өңірдегі Бөлексаз, І.Жұмағұлов, Ы.Көшкінов, М.Орманов, С.Бейсенбетұлы, А.Түркебаев, Ә.Ниязбеков атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өткізіліп, заман талабына сай жаңғырып, жайнады. Уақытқа сай құрал-жабдықтармен қамтылды. Жылысай ауылындағы балабақшасының ғимараты да күрделі жөндеуден өткізілді. Саты ауылындағы А.Түркебаев атындағы орта мектеп қосымша құрылыстармен, атап айтқанда, заманауи асхана, спорт зал, мәжіліс залымен керегесін кеңітті. Жас ұрпақтың спорттың сан түрімен айналысуына мол мүмкіндік жасалды. Оның сыртында биыл Ж.Ермегияев атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізуге, қайта жаңғыртуға 562 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Кіші Қарқара ауылынан фельдшерлік пункт ғимараты бой көтеріп, ел игілігіне айналды.

Биыл көптен бері сөз болып келе жатқан түйінді мәселелердің бірі тиісті шешімін тауып, аудандық аурухана ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Бір мезгілде Жалаңаш ауылдық ауруханасы мен Алғабас ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ғимараттарына да күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Мұның бәрі көптен бері айтылып келе жатқан, толғантып жүрген мәселелердің бірі болатын. Соңғы жылдар ауқымында Алғабас, Ұзынбұлақ, Тасашы ауылдық Мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізіліп, ел қуанышы еселене түсті.

Биылғы жылдан бастап ауданымыздағы Бөлексаз, Қарқара ауылдарынан жаңа жобалы, бір қабатты ыңғайлы Мәдениет үйлерінің іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Алдағы уақытта Жалаңаш ауылынан да жаңадан Мәдениет үйі салынатын болады. Оның қажетті алғышарттары жасалуда. Өткен жылы ауданымыздың орталығынан 15 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілсе, қазіргі таңда 36 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қайта қалпына келген ауданымыздың өсіп-өркендеуіне көптен-көп қолдау көрсетіп отырған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына аудан тұрғындары атынан айтар алғысымыз мол.

– Биылғы нәтижелерге тоқтала кетсеңіз?

– Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша аудандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15 850 миллион теңгені құрады. Нақты көлем индексі 100,1 пайызға орындалды. Таулы өңірде негізгі табыс, ырыс көзі – ауылшаруашылығы екені белгілі. Аталған сала бойынша өткен 9 айдың ішінде 18 405 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Жаңа техникасыз шаруаның өрге баспайтыны шындық. Аудан бойынша биыл 192 миллион теңгеге 20 трактор, қажетті агрегаттар сатып алынды. 61268 бас ірі қара, 214016 бас қой-ешкі, 35974 бас жылқы өңіріміздің көркі мен берекесі. Төрт түлік мал төлімен өсіп келеді. Биыл 145256 тонна мал азығы дайындалды.

Қуаңшылықтың әсері аз болған жоқ. Сондықтан 43950 тонна шөп сырттан сатып алынды. 9 айдың көлемінде аудан бойынша 10595 тонна ет, 20383 тонна сүт өндірілді. Күз маусымында 2650 гектар жерге күздік бидай себілді. Өңірімізде 1514 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Аталған қожалықтар 5 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауданда 686 жеке кәсіпкер есепте тұрады. Олар 9 айдың ішінде 3 760 миллион теңгенің қызметін көрсетіп, бюджет қоржынына 1 324 миллион теңге салық құйды. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 7 кәсіпкер 14 миллион теңге мемлекеттік грант ұтып алып, жұмыстарын жүргізуде. Есепті мерзім ішінде бөлшек сауда айналымы 2 334 миллион теңгені құрады. Ауданымызға 3 610 миллион теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 107,9 пайызға орындалды.

– Құрылыс жұмыстары туралы білгіміз келеді.

– Ауданымызда өткен 9 ай ішінде құрылыс жұмыстарының көлемі 3 778 миллион теңгеге орындалды. 2100 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 113,4 пайызды құрады. Аудан орталығынан салынып жатқан 36 тұрғын үйден бөлек Кеген және Саты ауылдарында ауылдық әкімдіктің ғимараттарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Қарқара ауылында дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимараты салынуда. Бұл да көптен бері айтылып келе жатқан, ауыл тұрғындарын толғантып жүрген мәселелердің бірі болатын. Жалпы, Қарқара ауылының тұрғындары алдағы уақытта қос қуанышты болмақ. Жаңадан салынып жатқан Мәдениет үйі мен дәрігерлік шаңырақ игілікке айналады.

– Ауызсудың және ауылдардағы жолдардың жайы қалай?

– Мемлекетіміздің «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Бөлексаз ауылындағы ауызсу жүйесі жаңғыртылды. Алдағы қараша айында толығымен іске қосылып, әр шаңырақ таза ауызсуға қол жеткізеді. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша Алғабас ауылындағы ауызсу жүйесі жасалды. Ақтасты ауылының ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына биылғы жылы 25 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталына хабарлама берілді. Жалаңаш ауылындағы ауызсу жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізуді де көздеп, қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шын мәнінде, ауданның орталығынан бастап барлық ауылдардың ішкі көше жолдарын жасауға баса назар аударылып келеді. Кеген, Жылысай, Қарқара, Жалаңаш, Тоғызбұлақ, Тасашы, Саты ауылдарының ішкі жолдары асфальтталып, ел игілігіне айнала бастады. Сатының көліне баратын жолға 50 миллион теңге қаражат қарастырылып, орташа жөндеуден өткізіліп жатыр.

– Талғат Ескендірұлы, ауданда «Еңбек» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз?

– Тоқталуға болады. Биылғы жылдың 9 айында жұмыспен қамту шараларына 1580 адам қатыстырылып, 1307 адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыз жүрген 588 адам қоғамдық жұмысқа, 36 адам әлеуметтік жұмыс орындарына алынды. «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 114 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 24 азамат 86308 мың теңге шағын несие алып, шаруаларын бастады. 85 азаматқа «Жаңа бизнес» идеяларын іске асыруға арналған 42930 мың теңге мемлекеттік қайтарымсыз гранттар берілді. Жылдың басынан бері қарай 50 азамат кәсіптік оқуға жіберіліп, Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінде, «Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар» колледжінде білім алды. Оқуды аяқтаған 37 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 9 азамат қайтарымсыз мемлекеттік грант алды.

– Өңірдегі білім, денсаулық салалары туралы қысқаша айтып өтсеңіз?

– Ауданда 21 орта, 4 негізгі, 7 бастауыш мектеп бар. Кеген өнер мектебі, Жалаңаш оқу-өндірістік комбинаты, «Көлсай көлдері» кәсіптік-техникалық колледжі, 3 мемлекеттік және 6 жекеменшік балабақшалары жұмыс істейді. Білім ордаларының бәрі сақтық шараларын қатаң сақтай отырып, дәстүрлі түрде білім және тәрбие беру ісімен айналысуда. Аудан бойынша 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуы 98,3 пайызды құрап отыр. 32 мектеп-интернет желісіне, 13 мектеп оптикалық, 5 мектеп кабельдік, 11 мектеп спутниктік интернет желілеріне қосылған. 2021-2022 оқу жылын 5369 оқушы бастаса, бір балаға үш компьютерден айналуда.

Бұл жақсы дүние. 32 білім ордасына интернет жүйесіне қосылған интерактивті тақта орнатылды. 11 мектепте жаңа құрылғылармен қамтамасыз етілген физика кабинеті, 16 мектепте химия кабинеті, 9 мектепте биология кабинеті, 12 мектепте лингофонды мультимедиялық кабинеттер жабдықталды. Жалпы, оқушылардың толыққанды білім алуына барлық жағдай жасалды. Өңірде 1 аудандық, 2 ауылдық аурухана, одан бөлек 9 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт жұмыс істейді. 62 дәрігер, 285 орта буын медициналық қызметкер бар. Жалпы, ауданымыздағы денсаулық сақтау саласының  жағдайы жаман емес. Ақ халатты абзал жандардың толыққанды жұмыс істеуіне бар мүмкіндік жасалған.

– Бүгінгі әңгімеңізді немен түйіндер едіңіз?

– Ауданымыз туризмнің бір Отанына айнала беретін болады. Соңғы жылдар ауқымында Көлсайға дейінгі жол жасалып, асфальтталды. Биыл Қайыңды көліне дейінгі жол жасалуда. Былтыр Мыңжылқыға дейінгі жол жасалып, асфальтталды. Биыл Мыңжылқыдан Шарқұдық өңіріндегі «Хантәңірі» халықаралық альпинистер лагеріне дейінгі жол жасалуда. Көрікті жерлерімізге баратын жолдар жақсарғалы алыс-жақын шетелден, республиканың түкпір-түкпірінен келетін қонақтардың саны екі есеге артты. Мәселен, былтыр көрікті Көлсайды тамашалаушылар 87 мың адам болса, биылғы 9 ай көлемінде Көлсайға келушілер саны 148 мыңға жетті. Бұл жақсы көрсеткіш. Шын мәнінде, Көлсайға баратын үлкен жолдың бойындағы ауыл тұрғындарының да жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді.

Біз биылғы жазда «Шелек – Кеген», «Шелек – Кеген – Нарынқол» көгілдір газ құбырын тартатын құрылым басшыларымен кездесіп, жұмыс жоспарларын, жобаларын көріп, ортақ келісімге отырдық. 2025 жылға дейін аудан тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізетін болады. Еңбекшіқазақ ауданынан Кеген ауылына дейінгі республикалық маңызы бар жол рет-ретімен жасалып, жағдайы жақсара түсуде. Қазір өңірімізден қала жаққа қоныс аударып жатқандар жоққа тән. Керісінше, туған мекендеріне қайта оралып, жер алып, мал өсірумен, өзге де шаруалармен айналысып жатқан жерлестеріміз мол. Мұның бәрі жақсылықтың нышаны. Рет-ретімен барлық ауылдардың түйінді жайлары сәтімен шешіліп, жүзеге асырыла беретін болады. Алға қойған мақсат, мүддемізге сай өңіріміз өркендеп, келешегі кемелдене түседі. Біз ауданның болашағына үлкен сеніммен қараймыз.

– Әңгімеңізге рахмет.      

Сұхбатты жүргізген - Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы