АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 80 АУЫЛДЫҢ ӘКІМІ ДӘРІС ТЫҢДАП, БІЛІКТІЛІГІН ШЫҢДАДЫ

Уақыты: 06.11.2021
Оқылды: 1004
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Биылғы жылдың басты жаңалығы – ауылдық округ әкімдерін сайлау өз нәтижесін беріп жатыр. Облыс орталығында білімін жетілдіруге шақырылған 80 ауылдық округ әкімі мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен ұстанымы жайлы лекция тыңдап, қажетті шарттарды үйренді. Алматы облыстық әкімдігінде өткен семинар-кеңесті облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Төлеген Егембердиев ашып, жүргізіп отырды.

Алқалы жиында облыс әкімі аппаратының мамандары баяндама жасап, мемлекеттік қызметшілерге жүктелген жауапкершілік жүгінің жеңіл еместігін ұғындырды. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбай ауыл әкімдерінің сыртқы келбеті, адамдармен тілдесуі, ұстанымы мен көзқарасы түзу болуы керектігін нақты мысалдармен айтып берді.

– Әрбір мемлекеттік қызметші жеке талдаулар жүргізгенде, азаматтармен күнделікті қарым-қатынаста және әлеуметтік желіні қолданған кезде, интернет желісінде өзге қолданушылармен де сыпайы болуы қажет. Сабыр сақтауға міндетті. Өз парақшасында құпия немесе жабық ақпаратты жарияламай, Конституциялық құрылымды өзгертуге, сепаратизмге немесе егемендіктен бас тартуға шақыратын қолданушыларды достар тізіміне қабылдамауы тиіс, – деген баяндамашы басқа да шарттарды түсіндіріп өтті. – Қарамағыңыздағы қызметкерлердің осы қағидатты сақтауын назарда ұстауларыңыз қажет. Егер шағым түскен жағдайда туындаған мәселені жылдам шешу үшін бірден тиісті шаралар қабылдау шарт. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік міндетті атқару үшін берілген көлік, кеңсе жарақтары сынды материалдық-техникалық ресурстарды тек қызмет бабында пайдаланып, күтіп ұстауға міндетті. Бізге кейде тұрғындар тарапынан бейнежазбалар түсіп жатады. Онда «мемлекеттік нөмірдегі автокөлік жұмыстан кейінгі уақытта бәлен жерде жүр», әйтпесе, «өз жұмысымен жүр» деген ойлар айтылады. Осындай істерге сіздер жол бермеулеріңіз керек. Халқымызда «Аманатқа қиянат жасама!» деген ұлттық ұстаным бар. Сол секілді мемлекет аманат етіп тапсырған дүние-мүлікті аман-есен, тұтастай сақтауымыз керек.

Жиында облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық бөлімінің бас инспекторы Айгүл Шынарбаева, облыс әкімі аппаратының азаматтардың өтініштерінің қаралуын бақылау бөлімінің басшысы Азамат Мұхтарұлы, облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің бас маманы Ержан Сабитов кезекпен сөз алып, ауылдық округ әкімдеріне қажетті қасиеттерді қалай ұштау керектігін түсіндірді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды