ШОНЖЫДАҒЫ ӨЗГЕРІС. ҰЙҒЫР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЕҢ МАҢЫЗДЫ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП БЕРДІ

Уақыты: 10.11.2021
Оқылды: 1380
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісудің оңтүстік-шығысында жатқан Ұйғыр ауданы соңғы жылдары жұртшылықтың назарында тұр. Себебі, шегараның шетінде, желдің өтінде жатқан өңір отандық туризмнің маңызды аймағына айналып барады. Ыстық сулы демалыс орындары науқасына шипа іздегендер мен уақытын тиімді өткізуді қалайтындар үшін таптырмас мекен. Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат НҰРАХУНОВ бізге соңғы жылдардың бедеріндегі жаңалық пен табыстың көрсеткішін таныстырды.

– Соңғы екі жыл еліміз үшін ауыр болды. Пандемияның кесірінен ел ішінде белгілі адамдар бақилық болып, қарапайым қарым-қатынас үзіліп қалды. Тіпті, қайтыс болған адамның жаназасына қатыса алмадық. Карантиндік шаралардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері болды ма?

– Әрине, күллі әлемді алаңдатқан жұқпалы індет ешкімге оңай тиген жоқ. Былтыр карантиндік шектеулердің қиындығын көріп едік, биыл да ауру толастамай тұр. Соған байланысты жұқпалы дерттің таралуын болдырмау үшін аудан жұртшылығының 70 пайызының вакцина алғаны көңілге медет. Дегенмен, ауруға қарсы егілмегендер әлі де бар. Соның кесірінен коронавирустың дерегі әр жерден шығып, жұртшылықты алаңдатып тұр. Өйткені бұл аурудың бойында созылмалы дерті бар адамдарға қиын тиетіні анықталды. Сондықтан да болар өлім көбейіп, егде жастағы кісілерді әбігерге салғанын жасыра алмаймыз. Бұл, бір.

Екіншіден, аудандағы тамақтандыру саласында жұмыс істеп жатқан 40-тан астам асханалар мен кафелердің жұмысын тоқырауға түсірді десек болады. Карантиндік шараларға байланысты халыққа адал ас дайындап, жұртшылықтың ықыласына бөленіп жүрген аспаздар жұмыссыз қалды. Той, ас өткізуге рұқсат болмағаннан кейін көптеген мейрамханалар ісін тоқтатып, мыңдаған адам табысынан айырылды. Соған қарамастан ауданның ауылшаруашылық саласы жұмысын тоқтатпай, диқандардың табысы артып отыр. Ал, сауда-саттық саласына келер болсақ, жекелеген базарлар жабылғанымен азық-түлік дүкендері жұмысын тоқтатпады. Себебі, қарапайым халықты қажетті азық-түлікпен, керекті өнімдермен қамтамасыз ету жайында облыс әкімі Амандық Баталов берген тапсырма болатын.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, Ұйғыр ауданындағы ыстық су шипажайлары көпшілікке кеңінен таныс. Былтыр шет мемлекеттерге шығуға салынған шектеулердің арқасында отандық туризм қарқындап дамып, аудан аумағындағы демалыс орындары келушілерді молынан қабылдады. Бұрынырақта жаз кезінде адам сирек келетін ыстық сулы демалыс орындары пандемия кезінде кісіден босамады. Себебі, ыстық судың шипасы мен денсаулыққа пайдасын ұғынған жергілікті жұртшылық қолы қалт еткенде демалыс орындарына ағылатын болған. Соған байланысты Шарын шатқалы, «Шарын» ұлттық табиғи қорығындағы ерен тоғайы сынды тұмса табиғаттың әсем көрінісін тамашалаушылар жылдан жылға артып отыр.

Биылғы 9 айдың ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму  көрсеткіштері біршама оңды нәтижеге жетіп, аграрлық салада 29,0 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өсім мал басында да байқалады. Мысалы, биыл ірі қараның саны 79043 баcқа жетсе, қой мен ешкі 276 323 бас, жылқы 17768 бас, түйе 42 бас тіркелген. Үй құсының саны 1 млн.31 мың 204 басқа жетті. Осыған орай ауданда 18 597 тонна ет, 19 878 тонна сүт, 4237 мың дана жұмыртқа өндірілді. Ауданда құс фабрикасын қайта құру инвестициялық жобасымен құрылған «OTAN Green Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 12978,7 тонна құс етін өндіріп, 850 адамды жұмыспен қамтыды. «Шарын» несие серіктестігі арқылы «Агробизнес» несие бағдарламасымен 30 450,0 мың теңге көлемінде несие беріліп, «Ақжайық» шаруа қожалығы 9 750,0 мың теңгеге 49 сиыр және «Темірлан» шаруа қожалығы 20 700,0 мың теңгеге 46 бас бие сатып алды.

Биылғы жылдың аздаған қуаңшылығы мал қыстату маусымына дайындықты пысықтауды талап етіп, аудан бойынша 138200 тонна шөп, 2300 тонна сабан дайындалды. Сол арқылы алдағы қысты ойдағыдай өткіземіз деп ойлаймын.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың жаңа белесі басталғанын айтып, арнайы Жарлық шығарды. Осы бағытта қандай жұмыстар жүріп жатыр? Кеңес одағының кезінде жазықсыз жапа шегіп, айдауға түскен адамдар болғаны рас.

– Рас, біздің өңірде де кеңестік идеологияның қырына ілігіп, итжеккенге айдалған адамдар болған. Осыған орай ауданда ел мен жердің шежіресін жақсы білетін кісілер, тарихшы мамандар кірген арнайы комиссия құрылып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың деректері жинақталуда. Жақында Шәмек Тілеубаев, Рашид Оразов сынды тарихшы мамандарды қасына ерткен Талғар ауданы, Жаңалық ауылындағы «Қазақстандағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары» атты мұражайдың басшылығы өңірімізге келіп кетті. Жергілікті жұртшылықпен кездесу өткізген тарихшылар әрбір мәліметті мұқият зерттейтіндерін жеткізді. Сол арқылы тарихи ақтаңдақтар ашылады деп ойлаймыз.

– Әлеуметтік желі арқылы еліміздің жұртшылығы Шонжы ауылындағы үш көшеге әл-Фарабидің, Абай Құнанбайұлының, Мұқағали Мақатаевтың есімі берілгенін естіп, қуанып жатыр. Бұған тұрғындар қалай қарауда? Не деп жатыр?

– Жергілікті халық бұған дұрыс баға беріп жатыр. Ең бастысы, бұл жұмыстарды заң аясында өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әрбір шешімді қабылдар алдында тұрғындармен сөйлесіп, мәселенің мәнісін түсіндіріп отырамыз. Әрине, сол көшеде ұзақ жылдар бойы тұрған әркімнің көкірегінде: «Не үшін?»  деген сұрақтың тууы заңдылық. Сол үшін мемлекеттік заң аясында қабылданған шешімді дұрыс түсіндіру жұмыстарын дәл мерзімінде жүргізе білдік деп ойлаймын.

Сондықтан, көпшілік күллі әлем жұртшылығы таныған әл-Фарабидің, Абай Құнанбайұлының, Мұқағали Мақатаевтың есімін жатырқамай қабылдады. Оған дейін сол көшелерді иеленген жандар ауданға еңбек сіңірген тұлғалар болғандықтан аттарын басқа көшелерге бердік. Исламов, Розыбакиев, Аппазовтың есімі берілген көшелер енді бір 5-6 жылдан соң көпшілікке жақсы таныс көшелердің қатарына кіреді. Себебі, аудан орталығы Шонжы селосының аумағы өсіп, жаңадан үйлер салынып жатыр. Сондықтан, бұл жөніндегі ешқандай түйткілді мәселе жоқ.

Ең бастысы, есімдері ауыстырылған тұлғалардың атын басқа көшелерге беруге рұқсат еткен облыстық ономастика комиссиясына рахмет айтқымыз келеді. Одан бөлек, аудандағы бес нысанның аты өзгертілді. Оның ішінде ерекше айтуға болатыны Шонжыдағы №4 орта мектепке Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Аудандық кітапхана әл-Фараби есімімен аталды. Сосын Кетпен ауылындағы Мәдениет үйіне Сәдіқожа Мошанұлының есімі берілді. Оның салтанатты рәсімін қараша айының 10-ы күніне жоспарлап отырмыз. Осындай жұмыстар жүріп жатыр. Бұл тарихи тұрғыдан әділ шешім болды деп есептейміз.

– Белгілі актер, режиссер, сатирик Асқар Наймантаев «Қарадала» театрын құрып, облыс жұртшылығына аудандық өнер ордасының жұмысын таныстырды. Нәтижесіз емес екен. Шетелдік байқаудан жүлделі орын алғанын естіп, қуанып жатырмыз. Осы жаңалық жергілікті жұртшылыққа қалай әсер етті? Жастардың дүниетанымын кеңейтіп, мәдениетке деген құлшынысын оята ма?

– Ең алдымен, алтын уақытын аямай жүгіріп жүрген Асқар Наймантаев ағамызға рахмет айтқымыз келеді. Сосын халық театрының ашылуына қолдау көрсеткен облыс басшылығына ризашылық білдіреміз. «Қарадала» халық театры ашылды. Әзірше екі адамдық штаты бар. Меніңше, бастамасы жаман емес. Келешекте штаттық құрамы ұлғайып, әртістерінің саны өсеріне сенеміз. Заңды екі адамдық театрдың жанындағы «Жазерке» және «Арзу» ансамбльдерінің өнерпаздары өнер ордасының алғашқы қадамдарына зор көмек көрсетуде. Қажетті рөлді ойнап, қойылатын туындыны көріктендіруге, массовкасына қатысып, өзіндік үлес қосуда. Соның арқасында «Қарадала» халық театры Германияның Майнадағы Франкфурт қаласында өткен Халықаралық көп жанрлы конкурс-фестивальде гран-при жүлдесін алып, еліміздің атын бір шығарды.

Абай Құнанбайұлының «Ескендір» поэмасын сахналаған халық театрының қадамы жергілікті өнерпаздарға серпін беріп, құлшынысын оятты. Бірақ ауданда, облыс орталығы Талдықорған қаласында, еліміздің өнер ордасы саналатын Алматы қаласында қойылым қойған «Қарадала» халық театрының шығармашылығына пандемия кәдімгідей әсер етті. Соның кесірінен көпшілік қысқа уақыттың ішінде тәнті еткен өнерпаздарының ойынын тамашалай алмады. 
Әрине, театр деген биік деңгейлі өнер екені белгілі. Адам баласының дұрыс тәрбиеленуіне ықпал ететін театр әрбір ауданға керек-ақ. Сол арқылы жастардың өнер атты қасиетті сезінеріне шүбәміз жоқ. Турасын айтқанда бойына мәдениеттің мәйегін сіңірген ұрпақ айналасына, қоршаған ортасына жанашырлықпен қарап, жақындарына мейірім нұрын шашады. Сондықтан баршаңызды Кетпен ауылындағы Мәдениет үйінің Сәдіқожа Мошанұлының есімін алу салтанатына шақырамыз. Оған «Қарадала» халық театры қойылым дайындап жатыр.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында дайындалған «Нұрлы жол» бағдарламасымен еліміздің күретамыры саналатын автожолдар жаңадан салынып жатыр. Республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық деңгейдегі жолдар жөнделіп, жұртшылықтың ризашылығын тудыруда. Дегенмен, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолынан Шонжыға қарай шыққан жол тоза бастапты. Соны жаңарту, жөндеу қалай жүріп жатыр? Жалпы, ауыл арасындағы жолдардың жағдайы қалай?

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, жолдар республикалық, облыстық, аудандық болып үш деңгейге бөлінеді. Соған байланысты аудан көлеміндегі жолдарды жасауды көздеп отырмыз. Алдымен 8 ауылдың ішіндегі жолдарды жасаудың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап отырмыз. Сонымен қатар, су құбыры тартылған жерлерге арада 2-3 жыл өткен соң ғана жол салуға рұқсат етіледі. Соны ескерген облыс басшылығы әрбір ауылды жалғайтын жолдарымызды жасауға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда Ақсу, Қырғызсай, Шошанай ауылдарына апаратын жолдар жасалып жатыр.

Құдай қаласа, алдағы көктемде жөндеу жұмыстары толығымен бітеді. Ал, мына Көкпек жазығынан Шонжыға дейін, Шонжыдан автобанға дейінгі аралықта жатқан 102 шақырымдық республикалық жол толығымен жаңартылады. Оны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың өз аузынан естідік. Ол кісінің айтуынша, Шелектің тұсынан басталған жол Көкпек арқылы Кеген ауданына, одан ары Көлсай бағытына қарай жасалып жатыр. Кезектегі бағыт біздің ауданға ауысады. Оны бастама ретінде көтерген облыс әкімі Амандық Баталов екендігін айта кеткім келеді.

– Қазір Жетісу жұртшылығы көгілдір отынның қызығын көріп, қысқы жылыту маусымындағы қиындықтан құтылып жатқаны белгілі. Байқауымызша, Шонжы ауылының ішінде газдандыру жұмыстары жүріп жатқан секілді. Бірақ газ компаниясының қойған бағасы жергілікті халыққа қымбат екені айтылуда. Екі тарапты келістіретіндей жұмыстар жүріп жатыр ма?

– Әрине, газ құбырын тарту жұмысының жеке қаражатпен жүргізілгенін білесіздер. Сондықтан ең қымбат газ бізде десек болады. Сол үшін басшыларымен келісімге келу үшін кездесулер өткіздік. О бастағы газға қосу бағасы 350 мың теңге болатын. Тұрғындардың шығынды бөліп төлеу шарттары да қарастырылған. Соған қарамастан биыл тағы қымбаттатып отыр. Дегенмен, жергілікті халықтың жағдайына байланысты көмек беруден тартынған емес. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерін газға тегін қосып берді. Одан кейін Ауған соғысы мен Чернобыль апатының ардагерлеріне қолдау көрсететіндерін айтып отыр. Алайда нарық заңдылығы өзгелерге қатаңдау келетінін жасыра алмаймыз. Сондықтан тұрғындардың талап-тілегін ескеруді айтып, екіжақты келісім жасауды ұсынып отырмыз.

– Жалпы, Ұйғыр ауданында туризм жақсы дамыған. Батысында «Шарын» ұлттық табиғи қорығына қарайтын Ерен тоғайы, шығысында ыстық сулы демалыс орындары жатыр. Карантин кезінде отандық туристердің қызығушылығын оятқан маршруттар бар ма?

– Әрине, бар. Мысал ретінде ауданымызда жұмыс істейтін «Эко Парк тур» деген туристік компанияның маршрутын айтуға болады. Келушілерді ыстық сулы демалыс орнына жатқызып, Шарын шатқалының етегіндегі Ерен тоғайын аралататын компания өкілдері қызығушыларды Кетпен тауының бөктеріндегі Қырғызсай ауылында тұрған «Горный» лагеріне, Шалкөде жайлауына апарып, тұмса табиғаттың көрінісін тамашалатады. Әрине, ол компания комфортты автобус тасымалын қалыптастыру сынды өзекті мәселені көтеріп келеді. Ол уақытымен шешілетін мәселе деп білемін.

Ал, ыстық сулы арасандар орналасқан аумаққа арнайы статус берілуі керек деп білемін. Қазір облыстық спорт және туризм басқармасымен бірлесіп, сол бағытта жұмыс жасалып жатыр. Егер емдік-сауықтыру аймағы деген статус алар болсақ, жаңа маршруттардың ашылуына мүмкіндік береді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан - Мәди АЛЖАНБАЙ

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы